ТАПСЫРМА ТИЯНАҚТЫ ОРЫНДАЛУЫ ТИІС

468

0

Қызылордада цифрлық технологиялар басқармасы құрылды және облыс әкімінің цифрландыру мәселелері жөніндегі кеңесшісі тағайындалды. Кезекті аппарат мәжілісін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев кадрлық өзгерістен бастады. 

Жаңа қызмет тізгіні техника ғылымдарының кандидаты Ақмарал Әлменоваға тапсырылды. Ол 2014 жылдан бері Татарстан Республикасы Ғылым академиясының кіші ғылыми қызметкері болып еңбек етіп келді. Жауапкершілігі жоғары қызметте облыс әкімі оған табыс тіледі.

Мәжілістің күн тәртібіне төрт мәселе қойылды. Бейресми жұмыс­пен қамтылған халықты заң­дастыру және жұмысқа тарту бағытындағы жол картасының орындалуы жөнінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев хабарлама жасады. Айтуынша, жыл басында 115 мыңнан астам қызылордалықтың әлеуметтік мәртебесі нақтыланбаған болса, бүгінде соның 50%-тен астамына қатысты мәселе шешілді. Қалған бөлігінің 70%-і – өз бетінше жұмыспен қамтылған, тіркеуде жоқ жұмыссыз азаматтар. Жыл басында бұл санат­тағы азаматтар саны 97 мыңнан асып жығылса, одан беріде қыруар шаруа атқарылып, нәтижесінде көрсеткіш 60%-ке төмендеді.

– Әлеуметтік мәртебесі нақты­ланбаған 37 мың адаммен еңбек келісімшарты жасалып, зейнетақы жарнасы аударыла бастады. Өткен 7 айда 8 мыңдай жұмыс орны құрылды, оның 96%-і – тұрақты жұмыс орындары. Жұмыспен қамтудың кешенді жоспары 60%-ке орындалды. Жастар тәжірибесін аяқтаған 400-ден астам жастың 18%-і ғана тұрақты жұмыспен қамтылды, – деді басқарма басшысы.

Елбасы жүктеген тапсырманы орындауда кедергілер жоқ емес. Соның бірі ретінде аймақ басшысы ауылдық округ әкімдерінің жиі ауыстырылуын алға тартты. Мысалы, 2013-2017 жылдар аралығында 40 елді мекенде ротация болса, биыл 8 айдың өзінде 29 ауыл әкімінің орны жаңарды.

Халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз бөлігін заңдастыру міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі түйткілді шешуге көмектеседі. Саладағы реформа мен атқарылып жатқан шаралар туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова кеңінен мағлұмат берді.

– Жаңа жүйенің артықшылықтары мен тиімділігін халыққа насихаттау бағытында біршама жұмыс атқарылды. Дегенмен, түсіндіру шараларын әлі де күшейту қажеттілігі анық байқалады, – деді ол.

Республика бойынша өткен шілдеден бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 89 млрд теңге түссе, соның 2,4 млрд-ы Қызылорда облысына тиесілі. 11 мыңнан астам жеке кәсіпкер 17 мыңнан астам жұмысшының шотына қаржы аударған. Жарна мен аударым жөнінен Қызылорда қаласы, Шиелі, Жаңақорған мен Қазалы аудандары алдыңғы қатарға орналасты.

Осы орайда облыс әкімі жаңа жүйені ендіру бағытындағы бірқатар мәселеге тоқтала келе:

– Қазіргі күні тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі, медициналық сақтандыру мен қызмет түрлерін бекіту шаралары жүргізілуде. Ал біз жарна, аударым мәселесін толық ретке келтіре алмай жатырмыз, – деді.

Күн тәртібіндегі келесі хабарлама халықты дене шынықтырумен айналысуға тарту және спорттық инфрақұрылымды дамыту барысы төңірегінде өрбіді. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жақсылық Оспановтың сөзіне сүйенсек, есепті мерзімде спортты серік еткендер саны 27%-ке көтеріліп, 211 мыңнан асты.

– Соңғы жылдары аймақта спорттық нысандар қатары артып келеді. Биыл 7 елді мекенде осындай нысандар салынып, ел игілігіне берілді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде өткен жылы Қызылорда қаласында, Шиелі ауданында бірқатар спорт кешені жалға берілді. Аталған жұмыс жалғаса береді, – деді Ж.Оспанов.

Аймақ басшысы қыруар қаржы жұмсалған кейбір нысандардың сапасын қатаң сынға алды. Ондай мысалдар әр ауданнан, облыс орталығынан табылады.

– Олардың көпшілігі айдалада емес, мектептердің жанында, тұрғын үйлердің ауласында орналасқан. Неге мемлекет мүлкі қараусыз қалады? Аудан, қала әкімдері, мектеп басшылары неге жанашырлық танытпайды? – деді облыс әкімі.

Жиын соңында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Еркінбек Байболов азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру шарасын ұйымдастыру және қамтамасыз ету туралы сөз етті. Аймақ басшысы қаралған мәселелерге байланысты тиісті сала жетекшілеріне бірқатар тапсырма жүктеді.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<