Тұрғындар өтініші тыңғылықты қаралады

338

0

Кеше облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов жеке мәселелері бойынша тұрғындарды қабылдады.

Алдын ала қабылдауға жазыл­ғандар қатарында бірінші болып қарт ана  Орынтай Өткелбаеваның мәселесі тыңдалды. Өтініші – пәтер қажеттілігі. Кезекте тұрған қызы басқа қалада ем алып жатқанына байланысты қабылдауға өзі келген.  Қызы пәтер кезегінде  бюджеттік сала қызметкері ретінде 284-ші бо­лып тұр. Бұл орайда аймақ басшысы қазіргі кезде бюджеттік қыз­мет­керлер арендалық негізде әрі қарай сатып алу жолымен пә­тер­лі бола алатынын айтты. Сонымен бірге қала әкімі мен тиісті мамандарға баспана алу бағдар­лама­ларын терең түсіндіруді тапсырды.

Келесіде  «Қазақстан мүгедектер конфедерациясы» қоғамдық ұйымы облыстық филиалының жетекшісі Дос­хана Қырымұлын қабылдады. Ол облыс көлемінде мүгедектер санының артып, ауру түрлерінің көбейгенін, егіздер мен үшемдердің жиі дүниеге келуін алға тартып, осының себеп-салдарын зерттейтін ғылыми орталық ашу туралы ұсынысын  жеткізді.

– Досхана Қырымұлы, сіз айтып отырған ғылыми зерттеу орталығын облыстан емес, республикадан қараған жөн болар. Бұл мәселені ҚР Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бірқатар министрлік өкілдерімен келгенінде көтердік. Қызылорда облысының төңірегіндегі ауа райы Арал ауда­ны­нан бастап Жаңақорғанға дейін, Түркістан қаласы мен Ақтөбе облы­сының кейбір аудандарына  қалай әсер ететінін зерттеу жөнінде арнайы хат жаздық. Осы орайда адамдар денсаулығына, мүгедектерге, жүкті әйелдерге әсер ету деңгейі нақтыланса, оларға берілетін жәрдемақыға қосу туралы мәселе көтеріледі, – деді облыс әкімі.

87 жастағы тыл ардагері Хамзе Қалибаев айына 40 мың теңге төлеп пәтер жалдап тұратынын айтып, бас­пана сұрады.  Алайда ардагер осы уақытқа дейін пәтер кезегіне тұр­маған. Аймақ басшысы тиісті ма­мандарға тапсырма беріп, бірлесе құ­жаттар жинақтауға көмектесуді жүктеді.

Сондай-ақ, Хамит Акуев дұрыс есептелмеу салдарынан зейнетақы сомасының аз екенін жеткізді. Бұл мәселеге қатысты да облыс әкімі заң аясында көмектесуге  тапсырма берді.

Роза Қобыланованың екі немере­сі өзінің қарауында, пәтер жалдап тұрады.  Оның қызы пәтер кезегінде 2051-ші болып тұр. Баспана сұрай келген. Осы орайда қала әкімі бұл кісіге кезінде өз қаржысынан және өзге де кәсіпкерлердің көмегімен «Бәйтерек» шағын ауданынан екі бөлмелі времянка салдырып бергенін, ендігі кезекте пәтер тек заң шеңберінде кезек бо­йынша берілетінін жеткізді. Ал, көлік қатынасының қиындығын алға тартқан тұрғын өтінішіне орай аймақ басшысы қала әкіміне маршруттық көлік қатынасын тағы бір пысықтауды ескертті.

Жалпы осы күні облыс әкімінің қабылдауында 40 азамат болып, өтініш-тілектерін жеткізді.

Айнұр БАТТАЛОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<