Қызылорда облысының даму мәселелері қаралды

320

0

7 ақпанда Астана қаласында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен өткен ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында мұнай-газ саласының дамуы, Байқоңыр қаласы мен су шаруашылығын дамыту, Солтүстік Арал жобасын іске асыру және жаңа Жылу электр орталығының құрылысы жайлы сұрақтар талқыланды.
Отырыста облыс әкімі Қ.Көшербаев өңірдің әлеу­мет­тік-эко­но­микалық дамуы туралы баяндады.
Облыс әкімі өңірдің өзекті мәселелерін және оларды шешу үшін орталық мемлекеттік органдардың көмегі қажеттігін айтты.
Аймақ басшысы атал­ған мәсе­лелерді шешу мұнай өндіру көлемінің төмендеуінен бол­ған зардаптарды жеңілдетіп қана қой­май, даму қарқынын арттыруға, яғни облыс хал­қының әлеуметтік-эконо­микалық жағ­дайын жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Мәселелер 5 бөлімге бөлінді. Бірінші бөлім су шаруашылығы мәселелерін, соның ішінде Солтүстік Арал жобасын қамтиды.
«Жыл сайын «Тоқтағұл» және «Қайраққұм» су қоймаларында судың мол қоры болған кезде өңірдегі вегетациялық кезең су тапшылығы жағдайында өтеді. Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан мемлекеттерге тәуелділікті азайту үшін облыста жыл сайын Үлкен Арал теңізіне қайтарылмайтын 3 млрд текше метр және одан да көп су тасқынын шоғырландыру көлемі бар 6 жобаны іске асыру жоспарланған», – деді аймақ басшысы.
6 жобаның ішінде ең маңыз­дысы шоғырландыру көлемі 600 млн текше метр «Күміскеткен» су қоймасын және шоғырландыру көлемі 1,5 млрд текше метр «Қараөзек» ағысында су қоймасын салу болып табылады. Қызылорда су торабын қайта жаңарту және Көк­арал бөгетіндегі дамбаны нығайту бойынша жедел шаралар қабылдау туралы шешім қабылданды.
Екінші және үшінші бөлімдер мұнай – газ сала­сы мен инженерлік инфрақұрылымды дамы­ту, атап айтқанда, жаңа Жылу электр орта­лығы мен «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды» авто­магистралінің құрылысы мәсе­ле­лерінен тұрды. Төртінші бөлім – «Байқоңыр» кеше­нінің мәселелері.
Қазіргі таңда Байқоңыр қала­­сының ерекше мәртебесі мен ре­жим­ділігі жаңа жұмыс орын­дарын ашуда бизнестің дамуына кедергі келтіруде. Сонымен қатар, кәсіпкерлік бел­сен­ділік коммуналдық қызметтер тариф­терінің жоғары деңгейін, сондай-ақ, қазір­гі салық режимін тежейді. Бұл жерде кәсіп­керлікті қолдау бағдарламасының тиім­ділігін көрсеткен жұмыс жоқ. Сонымен бірге, Ресей жалға алған кезден бері қалада жаңа тұрғын үй салынбаған, қолданыстағы тұрғын үй қоры, тіршілікті қамтамасыз ету нысандары және инженерлік коммуникация­лар жаңғыртылмаған.
«Осы жағдайда Мемлекет басшысының жалға алу қаты­настарынан «Байқоңыр» ке­ше­нін бірлесіп пайдалануға біртіндеп көшу жө­ніндегі тапсырмасына сәйкес арнайы үкімет­аралық комиссия аясында ресейлік әріп­тес­термен ғарыш айлағын және Байқоңыр қаласын дамыту мәселелері бойынша жүйелі жұмыс жолға қойылды», – деп атап өтті облыс әкімі.
Сонымен қатар, Байқоңыр кешенін дамыту мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды. Мысалы, тараптардың ынтымақтастық Тұжырымдамасы қабылданды, үкіметаралық комиссия шеңберінде Үкіметтің қолдауымен проблемаларды шешудің нақты жолдары мен тетіктері анықталды, Төретам мен Ақай аумақтары және Байқоңыр қаласын дамытудың бас жоспары бекітілді, сондай-ақ, қаланы ұзақ мерзімді дамытудың бірлескен бағдарламасы қабылданды.
«Бірақ, белгіленген шараларды жүзеге асыру үшін қаржыландыру көз­дерін анықтау қажет, ал Қызылорда облысы бюджетінің база­лық шығындарында Бай­қоңырды дамыту шығыны қарастырылмаған», – деді Қ.Көшербаев.
Осыған байланысты облыс басшылығы «Бай­қоңыр» кешеніндегі ұзақ мерзімді ынты­мақтастық тұ­жы­рымдамасында, Бай­қоңыр қаласын дамытудың бас жоспарында, Төретам және Ақай іргелес елді ме­кен­дерімен көзделген іс-шара­ларды іске асыру бойынша Жол картасын әзірлеуді ұсынды. Атап айтқанда: Байқоңыр қаласын, Төретам және Ақайды дамыту жөніндегі іс-шараларды жыл сайын «Байқоңыр»  ғарыш айлағын жалға алғаны үшін ҚР бюджетіне РФ төлейтін 20% баламалы көлемде қаржыландыруды қамтамасыз ету. Бұдан басқа, «Байқоңыр» кешенінің экономикасын әртараптандыру мен бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы «Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын құру туралы жеке келісімге қол қоюға бастамашылық жасау.
Күн тәртібінің қорытынды бөлімі денсаулық сақтау мәселе­леріне арналды.
Отырыс қорытындысы бойынша Қазақ­стан Президенті Үкі­мет пен облыс әкімдігіне 2019-2022 жылдарға арналған Қызылорда облысының әлеуметтік – экономикалық дамуының кешенді жоспарын әзірлеу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<