ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕНІҢ ЖҰМЫСЫ ЖҮЙЕЛІ

360

0

Сейсенбіде облыс әкімінің міндетін атқарушы Қуанышбек Ысқақовтың төрағалық етуімен «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің алғашқы отырысы өтті.

Жобалық кеңсе Елбасының жемқорлыққа қарсы күрестегі Астана қаласының тәжірибесін өңірлерге енгізу туралы тапсырмасына сәйкес ашылды. Мақсат – азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін нығайтып, халықтың қауіпті кеселге қарсы мәдениетін көтеру.

– Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, 2013 жылдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар жүйесінің 72%-і қылмыстық қудалаудан тұрған болса, оның 28%-і ғана профилактикалық бағытта болды. Ал 2015-2025 жылдарға арналған стратегия аясында жемқорлықпен күрес мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басты міндетіне айналды. Азаматтарды материалдық ынталандыру әдістері белгіленді, – деді Қ.Ысқақов.

Ұлттық бюроның мәліметінше, өткен жылы аталған санаттағы қылмыс түрлері мемлекеттік сатып алу, білім, медицина, құрылыс салаларында, қорғаныс істері, ішкі істер органдарында көптеп тіркелген. Осыған байланысты жобалық кеңсе мүшелері алдағы уақытта салалық құрылымдар бойынша түрлі мазмұндағы түсіндірме шараларын жүргізбек.

Жиында облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Абзал Мұхимов, жоба жетекшісі, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Нұрсұлтан Сейдалиев жобалық кеңсенің жұмыс жоспары мен мақсат-міндеттерін кеңінен тарқатып айтып берді. А.Мұхимов сыбайлас жемқорлыққа жол берген қызметкерлер үшін бірінші басшының жауапкершілігі тәртіп таразысына тартылатынын қатаң ескертті.

Назерке Саниязова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<