100-ге жуық НЗМ түлегі мектеппен қоштасты

557

0

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде түлектерге мектеп бітіру туралы аттестат табыстау рәсімі өтті. 95 жас зияткер білім мәресін кесіп, үлкен өмірге қадам басты.

Салтанатты жиында бітіруші сыныптар балалық шақ бекетінде өткізген қуанышты сәттерді мен қол жеткізген жетістіктерін еске түсірді. Алғашқы құттықтау сөз алған мектеп директоры Бақыт Жұматай шәкірттерге ақ жол тіледі.

– Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, адам жетістікке жету үшін төрт мәселеге назар аудару керек. Ол қызығушылыққа сәйкес мамандық таңдау, нақты мақсат қоя білу, үздіксіз еңбек ету және қандай жағдай болмасын қиындықтарға мойымай, еш уақытта сенімін жоғалтпау. Құрметті шәкірттер, мектеп қабырғасында сіздер сапалы білім алып қана қоймай, бойыңызда болашақта жетістікке жету үшін қажетті дағдылар қалыптасты деп ойлаймын. Алдағы уақытта қалаған жоғары оқу орындарында білімдеріңізді жалғастырып, әлем мойындайтын сапалы маман атанып, еліміздің мүддесі үшін қызмет етеді деп сенемін. Бүгінгі үлкен өмірге басқан қадамдарыңыз құтты болсын! – деді ол.

Биылғы жылдың түлектері мектепті үлкен жетістіктермен тәмамдады. Сыртқы жиынтық бағалау нәтижелері бойынша барлық пәндерден алынған А*, А бағалардың саны 53,8 пайызды құрады. Сондай-ақ, бір оқушы «Алтын белгі» және төрт оқушы ерекше үлгідегі аттестаттарға ие болды. Қазірде түлектер қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарына шықарту алып жатыр. Атап айтқанда 14 түлек Назарбаев Университетінің Foundation бағдарламасына оқуға қабылданса, 9 зияткер АҚШ, Италия, Оңтүстік Корея, Венгрия мен Ресей университеттерінің білім гранттарына қол жеткізді.

Салтанатты жиында түлектер ілім мен тәрбие берген, үнемі қамқорлық көрсеткен ардақты ұстаздарына алғыстарын білдірді. Мектепке деген қимастық сезімдерін әуенді әндермен жеткізіп, мектеп вальсін орындады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз