Алтын ұядан ұшқан түлектер

894

0

Сейсенбіде облыс мектептерінде соңғы қоңырау соғылды. Білім жолында бір кезеңді артқа қалдырып, қорытынды жасайтын бұл күннің оқушылар үшін орны бөлек. Ал, бітіруші түлектер үшін есте қалатын маңызды мереке.

Биыл облыстағы  261 мектепті 7007 оқушы бітірді. 611 оқу озаты «Алтын белгіге» үміткер. Оқушылардың  30 проценті қашықтан, 70 про­центі дәстүрлі оқыту форматында оқу жылын аяқтады. Жалпы жыл ішінде дәстүрлі оқитын оқу­шы­лардың саны кезең-кезеңімен көбейді.

Оқыту форматы секілді соңғы қоңырау мерекелік жиындары да өзгеше өтті. Шаралар  бітіруші сыныптар үшін дәстүрлі, қалған сыныптарға онлайн форматта ұйымдастырылды. Дегенмен, бі­тіруші түлектердің бұл күн­ге дайындығынан-ақ мек­тебі мен ұстаздарына деген қи­мас­тығын, үлкен өмірге қадам басар алдындағы толқынысын аңғаруға болады.

– Кеше ғана мектеп табал­дырығын аттаған секілді едік. Көңілімізде қимастық бар. «Алтын белгіге» үміткермін.  Сондықтан өзім­­нің де, сыныптастарымның да ҰБТ-да үздік нәтиже көрсетіп, алар асуымыздың биік болғанын қалаймын, – деді Ә.Мүсілімов атын­­дағы №101 мектеп-лицейінің 11-сы­нып оқушысы Бағлан Ахметова.

Мектеп бітіруші түлектердің 85 проценті ҰБТ-ға қатысуда. Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік беретін сынақ 6 мамырда басталды, 30 маусымға дейін жалғасады. Ол үшін Қызылорда қаласы мен Қазалы, Қармақшы, Жаңақорған аудандарында 475 орынға арнал­ған мамандандырылған тесті­леу орталықтары жұмыс жүргізуде. Әзірге ең жоғары балл – 137.

Айта кету керек, биыл оқыту фор­матының өзгешелігіне қара­мастан, түрлі білім байқауы, олим­пиадалар жүйелі ұйым­дас­тырылып, жүзден жүйрік шық­қан оқушылар марапатталды. Бұл да талапты жастарға пандемиядан туындаған кедергілер тосқауыл бола алмайтынын көрсетсе керек. Ал, түлектер үшін соңғы қоңы­рау мектеп бітірудің белгісі бол­ғанымен, өмірдің жаңа кезеңінің қуанышты хабаршысы секілді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<