Балалар ауылының 4 түлегі университетте тегін оқиды

1481

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Бейбіткүл Кәрімова Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылына барып, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады.


«Атамекен» балалар ауылында қазіргі таңда 53 бала тұрады. Оның ішінде 4 бала биыл мектеп бітіруші түлек атанғалы тұр. Осыған орай университет ректоры мектеп бітіруші түлектерді құттықтап, алдағы бірыңғай ұлттық тестілеуден сүрінбей өтуіне тілектестігін білдірді.
Ректор балаларды университетте білім алуға шақырып, өздері таңдаған мамандық бойынша 4 жыл тегін оқу сертификаттарын табыстады.


Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 38 жас білім алуда. Олар мемлекеттік, облыс әкімінің гранттары мен университеттің, көптеген компаниялардың қолдауы негізінде тегін білім алып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.

«Мереке аясында мектеп бітірушілерді қамқорлыққа алатынымызды жеткізгім келеді. Құрметті жас түлектер! 11 сыныпты аман-есен аяқтап, алда тұрған бірыңғай ұлттық тестілеуден сүрінбей өтулеріңізге тілектеспін.
Республикамыз бойынша бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда үздіктер қатарынан орын алатын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті атануға сіздерді шын ықыласпен шақырамын!» – деді ол.


Сонымен қатар, университет жауапты ретінде қамқорлыққа алған балалар ауылындағы «Ақжайық» үйінің 6 тәрбиеленушісіне «Nur Otan» партиясы «Тұран» филиалы мүшелерінің атынан Ұлы ақын Абайдың 175 жылдығы аясында тарихи-танымдық кітаптар тарту етті.


Қорқыт ата атындағы ҚМУ ұжымы жыл сайын «Атамекен» балалар ауылына келіп, балалармен түрлі мерекелерді бірге өткізіп келеді.

Сб-ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<