Біліммен – биіктерге

534

0

Ғылымға ден қойып, біліммен биікке самғауға асық Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлектері жетістік төрінен табылды. Жақында зияткерлердің басым бөлігі қазақстандық және шетелдік университеттердің білім грант­тарына қол жеткізді.

Биыл мектептен түлеп ұшқан 95 оқушының 38 проценті Назарбаев Универ­ситетіне қабылданды. Ал, 13 түлек Италия, Ресей, Гонконг, АҚШ, Венгрия, Оңтүстік Корея және Малайзия елдерінің озық білім ордаларынан тегін оқуға шақырту алып отыр. Оңтүстік Кореяның Кваджу технология мен ғылым институтының студенті Зарина Алтынбай солардың қатарында.

– Мектепте коммуникация­ны, өз ойымды еркін жеткізу дағдыларын қалыптастырдым. Бұл өз кезегінде болашақта өзге елде білім алуда, жаңа ортаға бейімделуде септігін тигізетініне сенімдімін. Таң­даған мамандығым ғылым саласына қатысты. Келешекте алған білімімді Сырдың игілігіне жұмсаймын, туған жерде инновациялық жаңа­лықтар ашып, ғылымға халық­аралық тәжірибені енгізу жос­парымда, – дейді ол.

Мектеп шәкірттерінің басым бөлігі медицина, ақпа­раттық технологиялар мен ғылым бағытындағы маман­­дықтарға таңдау жаса­ған. Келешегін әлеумет­тану, педагогика, экономика, бизнес, құрылыс пен халық­аралық қатынастар саласымен байланыстырғысы келетіндер көп. Мектеп түлегі Ринат Керімсал да жоғары академиялық білімнің арқасында және NIS оқу бағдарламасының тиімділігі нәтижесінде Назарбаев Университетінің тікелей бірінші курсына оқуға түскен. Ол НУ-ға шақырту алуда мектептегі ұстаздардың қосқан үлесі зор деп біледі. Бір сөзбен айтқанда, ұлы Абайдың «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген өсиетін жастар жете ұғынған және олар ізденіске іңкәр.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<