Бір сыныпта 19 оқушының 16-сы грант иегері

1067

0

Облыс орталығындағы М.Шоқай атындағы №187-ші ІТ мектеп-лицейін биыл екі сынып бойынша 46 оқушы бітірді. Олардың 36-сы мемлекеттік грант алуға өтініш беріп, 27-сі грант иеленді.

Ерекше қуанарлық жайт, Ақтоты Өтешова жетекшілік жасайтын 11 “А” сыныбындағы 19 оқушының 16-сы грант жеңіп алды. 7-уі “Үздік аттестат” иегері. А.Өтешова бұл оқушыларға 5 сыныптан бері жетекшілік жасайды. Осы уақыт ішінде ол балалардың қай сабаққа бейім екенін алдын ала зерттеп, ақыл-кеңесін берген болатын. Сондай-ақ, сынақ тапсыратын сәт жақындаған сайын  оқушылардың кітапханамен тығыз байланыста болып,  жан-жақты дайындалуын қадағалап отыратын. Әрбір оқу­шының ата-анасымен ақыл­дасып, жас түлектің болашағына таңдау жасауда ортақ шешімге келген.

– Оқушыларымның бәрі де білімді, қабілетті. Мектеп ішін­дегі сайыстарды айтпағанда, облыстық, республикалық дең­гейде жүлделі орындар иеле­ніп жүр. Тек осы жолы сынақ тап­сыру кезінде үш оқушымыз қа­лаған мамандығына сәйкес грант иелене алмай қалды. Олар үшін алаңдаймын, дегенмен, бар­­лық мәселенің шешімі бар. Уақыт бәрін реттейді. Оларға осыны айтамын. Ал мемлекеттік грантты иеленген түлектерге тек ақ жол тілеймін, – дейді сынып жетекшісі.

Ақтоты Өтешова – тарих пәнінің мұғалімі. Осы мектепте еңбек етіп келе жатқанына 20 жыл. Бірнеше облыстық, рес­пуб­­ликалық, халықаралық байқау­лар­дың жеңімпазы. Айт­пақ­шы, ол биыл тағы да 5 сы­ныптың же­текшілігіне бекітілді.

Шәкірт жеңісі – ұстаз ең­бегінің жемісі. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан білім сала­сын қолдауға, оның ішін­де ұстаз мәртебесін көтеруге  бағытталған жұмыстардың нәти­жесі екені көңіл қуантады.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<