Бүгінгі білім сапасы – болашақтың бағасы

670

0

Білім беру ісі – үздіксіз ізденіс пен жаңашыл бастамаларды қажет ететін күрделі әрі ауқымды сала. Оны дамытудың маңызды құрамының бірі – қаражат мәселесі десек, биыл бөлінген қаржы 260 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 35 пайызға артқан.

Білім мен тәрбиеге баулу балабақшадан басталады. Осы бағытта облыста мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны 680-ге жетті. Оның қатарында жекеменшік балабақшалардың үлесі 73,5 пайыз болса, 2-6 жас аралығында қамту көрсеткіші – 88,8 пайыз, ал 3-6 жас аралығында 100 пайызды құрап, түбегейлі шешімін тапты. Осындай ауқымды жұмыстардың барысы және алдағы жоспарлар жайын облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбетпен бөлісетін боламыз.

Салада құрылыс қарқынды

Аймақта өткен жылы білім беру ұйымдарының құрылысы қарқынды жүргізілді, 6 жаңа мектеп, 19 балабақша (2 мемлекеттік, 17 жеке) және  Жалағаш ауданында Оқушылар үйі пайдалануға берілді. Бұған қоса облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаржы қаралып, 6 мектепке күрделі жөндеу жүргізілген. Биыл 5 мектепті (Жаңақорғанда 300 орындық, Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде 250 орындық мектеп, Шиелі ауданы Байсын ауылында 250 орындық, сондай-ақ, Қызылорда қаласы «Бәйтерек» шағын ауданындағы 600 орындық мектеп) алдағы оқу жылында пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, Президент тапсырмасына сәйкес жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескере отырып, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейту маңызды.

– Мектептерді заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау – уақыт талабы. Осы жылы жоспарға сәйкес ауылдық елді мекендегі 47 мектеп жаңғыртудан өткізіліп, 51 мектепке пәндік (физика, химия, биология) кабинеттер алынады. Бұл орайда ауылдық жердегі білім ошақтарын қала мектептерінің деңгейіне көтеру мәселесі басты назарда. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс жүйелі жалғасын таба бермек.

Балалардың таным деңгейін арттыруда кітап оқуға баулу мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Атап айтқанда, биыл облыстық бюджеттен бөлінген 120 млн теңгеге 70 аталым бойынша 45 мыңға жуық көркем әдебиет алу жоспарда бар. Бұдан бөлек, «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Білім беруді тұрақты дамыту» қоры арқылы 250 млн теңгеге 3 мектептің материалдық-техникалық базасы жабдықталады. Сонымен қатар, бірқатар білім беру ұйымдарының күрделі жөндеуіне ұсыныс берілді, – дейді басқарма басшысы.

Баланың қауіпсіздігі басты назарда

Бала өмірі, оның қауіпсіздігі қашан да маңызды. Бүгінгі күні облыстағы  білім беру ұйымдарының барлығы бейнебақылаумен қамтылған. Құрылғылардың санын толықтыру, сондай-ақ, жөндеуді қажет ететін  бейнебақылау жүйесін іске қосуға өткен жылы 35 мектепке 250 млн теңге бөлінсе, осы жылы 35 мектеп, 28 балабақшаға бейнебақылау орнатуға 453,6 млн теңге қаралды. Оған қоса, жергілікті бюджеттен 170 мектепке дабыл түймесін орнатуға 97,1 млн теңге бөлінді. Осылайша, білім ошақтарында балалардың қауіпсіздігі 100 пайыз қамтамасыз етілген.

– Қазіргі күн тәртібіндегі мәселенің бірі – бу қазандықтары жапсарлас немесе негізгі ғимарат ішінде орналасқан 11 білім нысанының құрылысы. 4 мектептің сметалық құжаттары әзірленіп, оның 2-нің құрылысы қолдау тапты. Қалған 7 білім беру нысаны бойынша сметалық құжаттар әзірленуде. Сонымен қатар, былтыр апатты деп танылған 6 мектептің 3-нің мәселесі шешімін тапты, ал қалған 3 мектеп «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынады. Бүгінгі күні демеушілер қаражатына салынған жеке мектептердің саны 22-ге жетті. Алдағы үш жылда инвестор есебінен тағы  12 мектеп құрылысы жүргізілмек, – дейді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Алдағы үш жылда 21 «Жайлы мектеп» салынады

Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.

Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады» – деген болатын.

Расында, жыл сайын мектептерде орын тапшылығы туындайтыны жасырын емес. Қажеттілікті ескере келе, қаладағы Абай атындағы мамандандырылған мектепке 550 орын, №101 мектепке 375 орынға лайықталған қосымша құрылыс жұмыстары басталған болатын, биыл табысталады. Осылайша бұл мектептер бойынша көп жылдардан бері шешімін таппаған үш ауысымға ауысу қаупіндегі мәселе түбегейлі шешіледі. Тағы бір жаңалық, жуырда дарынды балаларды қолдау мақсатында 150 орындық 2 интернат ашылады. Сондай-ақ, биыл облыс орталығындағы бала саны көп №3 мектеп-лицейге 375 орын, №264 мектепке 550 орындық қосымша ғимарат құрылысы басталды.

Президент Жолдауында айтылғандай, 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мәселесі күн тәртібінде тұр. Аймақ басшысы бұған байланысты шұғыл шешім қабылдап, қажетті іс-шараларды назарға алды. Нақтырақ айтсақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда 15 100 орынға арналған заманауи 21 мектептің  құрылысы басталмақ. Оның ішінде қала орталығында 8 мектеп бой көтеретін болса, қалған 13 мектеп барлық аудандарда салынады. Жоба аясында биыл облыс бойынша 10 мектептің, (қалада 5 мектеп) құрылысы басталмақ. Жобаның жалпы құны – 100 млрд теңгені құрайды.

Басқарма басшысының айтуынша, бұдан бөлек, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры есебінен типтік мектептер, интернаттар және қосымша білім беру ұйымдарының құрылысын салуға салалық министрлікке ұсыныс берілген. Соның нәтижесінде биыл қаланың сол жағалауында дарынды балаларға арналған 400 орындық физика-математика интернатының құрылысы және «Оқушылар сарайының» құрылысы басталатын болады. Ал 2025-2027 жылдар аралығында облыста 6 Өнер мектебі және 1 Оқушылар үйін салуға байланысты жоспар шешімін күтіп тұр.

Әлеуметтік санат

Түрлі әлеуметтік санаттағы отбасылардан шыққан балаларды қолдау  басты назарда. Бұл орайда өткен жылы жергілікті бюджеттен жалпыға міндетті оқу қорына – 3,8 млрд теңге бөлінді. Оның 1,2 млрд теңгесі бір реттік қаржылай көмек көрсетуге жұмсалды, яғни 34743 балаға 37389 теңгеден берілсе, 2,5 млрд теңгесі ыстық тамаққа қаралған. Одан соң  балаларды сауықтыру-тынықтыру бағытындағы шараларға жұмсалды. Ал 2023 жылы 1-4 сынып аралығындағы балаларды ыстық тамақпен толық қамтуға жергілікті бюджеттен 5,6 млрд теңге бөлініп, бастауыш сыныпта оқитын 70 мың бала тегін ыстық тамақпен қамтылды. Бұл аймағымыз бойынша биыл алғаш рет жүзеге асырылып отыр.

Бұдан бөлек, «Балалар жылы» аясында облыс әкімінің қолдауымен, демеушілер қаражаты есебінен  құны 1,6 млрд теңгеге 80 балалар спорт-ойын алаңы салынып, пайдалануға берілді. Тағы бір айта кетерлігі, алдағы уақытта ерекше білім алуды қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметімен қамту мақсатында мемлекеттік тапсырыс беру арқылы түзету кабинеттердің саны көбейетін болады. Себебі, мұндай көмекке мұқтаж балалардың қатары аз емес.

Президент тапсырмасына сәйкес, жастарды кәсіптік біліммен қамту көрсеткіші жыл сайын артып келеді. Оның нақты дәлелі, былтыр республикалық бюджеттен 1600, облыстық бюджеттен 3108 мемлекеттік тапсырыс (грант) бөлінсе, биыл бұл бағытта 4668 (республикалық бюджеттен 1560, облыстық бюджеттен 3108)  грант бөлініп отыр. Ал 2025 жылы мемлекеттік тапсырыс саны 600 орынға, яғни 28 пайызға артатын болады.

Мәртебе айқындалды, міндет ұлғая түсті

Кейінгі жылдары мұғалім мәртебесін көтерудің барлық алғышарттары жасалып, моральдық тұрғыда қолдаумен қатар, материалдық ынталандыру аясы кеңейіп келеді. Президент тапсырмасына сәйкес, 2020 жылдан бастап ұстаздар жалақысы жыл сайын 25 пайызға артып отыр. Нәтижесінде, былтыр бұл мақсатқа 52,4 млрд теңге бөлінсе, биыл 83,7 млрд теңге қаралған.

Білім беру жүйесіне ротациялау тәртібін енгізу – уақыт талабынан туындаған міндет. Өткен жылы білім беру ұйымын 7 жыл және одан көп – уақыт басқарған 56 білім беру ұйымының басшысы ротацияланды. Сонымен қатар, білім берудің үздік тәжірибесін сақтай отырып, ұстаздардың біліктілігін көтеру мәселесі жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мысалы, өткен жылы 7610 педагог біліктілігін арттыру курсынан өтсе, биыл тағы да 8 мыңға жуық ұстаз біліктілігін арттырады. Айта кетейік, біліктілік арттырудың тағы бір критерийі – аттестация, осыған сәйкес 2022 жылы 700 педагог аттестациядан өткен.

Республикалық, облыстық сайыстарда үздік шыққан педагогтерді лайықты марапаттау жұмыстары әрдайым назарда. Былтыр «Үздік педагог-2022» республикалық байқауына қатысқан 4 ұстаз жоғары марапат иеленсе, облыстық байқауда жеңімпаз атанған 6 ұстазға 918 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Жалпы жыл көлемінде білім сайыстарында жеңімпаз болған 81 педагог пен 200-ден астам оқушыға сый-сыяпаттар берілген. Оның ішінде республикалық білім бәсекелерінде 14 ұстаз жүлдегер атанып, «Мектепке дейінгі үздік ұйым – 2022» республикалық байқауында «Бегім ана» бөбекжай бақшасы І орынды иеленді.

– Өткен жылдың тағы бір жетістігі – ҰБТ нәтижесі бойынша 8 мектебіміз республикадағы «Топ 100 мектеп» қатарына енді. Бұл бағытта біз ізденіске құмар, шығармашыл әлеуеті мықты, оқушыларға озық білім беретін ұстаздарды қолдауды биыл да өз деңгейінде жалғастыратын боламыз.

2022 оқу жылы жас түлектеріміз үшін де табысты болғанын атап өткеніміз жөн. Айталық, сырбойылық 7 студентіміз «ТОП 100 студенті» республикалық байқауында үздік шықты. Одан бөлек, «Worldskills» ұлттық чемпионатында колледж студенттері 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль олжалап, жетістігімізді еселеді. Сондай-ақ 400-ден астам Сыр өрені халықаралық, республикалық дәрежедегі ғылыми жобалар мен олимпиадалардың (138), спорт турнирлері (247), конкурстардың (17) жеңімпаздары атанды. Ал биылғы пәндік олимпиадада 150-ге жуық оқушы республикалық кезеңге қатысуда, – дейді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Ең үздік олимпиадалық команда

Жуырда, наурыз айының 20-25 күндері Шымкент қаласында жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша республикалық олимпиада өткізілген болатын. Білім додасында 9-11 (12) сынып оқушылары математика, физика, химия, биология, география және информатика пәндері бойынша бақ сынасты.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша өткізілген олимпиаданың республикалық кезеңіне Сыр өңірінен 38 оқушы қатысып, 18 оқушы жүлделі (5 оқушы – І орын, 5 оқушы – ІІ орын, 8 оқушы – ІІІ орын) орын иегері атанса, 2 оқушы арнайы грамотамен марапатталды. Ал 3 оқушыға М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің білім гранты табысталды. Білім сайысының қорытындысымен Қызылорда облысының командасы «Ең үздік олимпиадалық команда – ІІІ орын» атағын иеленді.

Алда, 3-7 сәуір күндері қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы пәндер бойынша өтетін республикалық олимпиадаға 29 жас өрен қатысады.

Иә, басқарма басшысының сөзіне ден қойсақ, өткен жылы әр деңгейдегі ғылыми жоба, олимпиада жеңімпаздарына 16 білім гранты берілсе, биыл, яғни, 2023 оқу жылында 3 айдың қорытындысымен 14 грант берілген. Бұл – әрине, аймақ ұстаздарының жоғары жауапкершілігі мен табанды еңбегінің нәтижесі болар.

Әлем ойшылы Әбу Насыр әл Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне зиян әкеледі» деген сөзі қазіргі қоғамда орын алып жатқан келеңсіз жайттардың жауабы сынды. Сондықтан сәт сайын өзгеріп, көз ілеспес жылдамдықпен дамуға бет алған бүгінгідей дәуірде өскелең ұрпақтың рухани құндылықтар мен ұлттық тәрбиенің өзегінен ажырап қалмауына жалпы қоғам мүдделі болуы тиіс. Осы орайда облыс әкімінің қатысуымен өткен «Отбасы – тәрбие бесігі» атты кеңейтілген кеңесте бала тәрбиесіне байланысты негізгі бағыттар айқындалып, жас ұрпақтың білімі, тәрбиесі, денсаулығы және әлеуметтік жағдайына қатысты мәселелерді шешуде жаңашыл бастамалар енгізілгенін атап өткеніміз жөн.

Өмір тәжірибесіне сүйенсек, балаға бүгінгі берілген білім мен тәрбиенің нәтижесін болашақ айқындайды. Сондықтан осынау жауапты міндет жолында ұстаздар қауымының еңбегі жемісті болсын деп тілейміз.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<