«Елбасы медалі» және «Мың бала» жобаларының жеңімпаздары марапатталды

1285

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ҚР Тұңғыш Президенті қорының ұйымдастыруымен өткен «Ел үміті» және «Мың бала» жобаларының жеңімпаздарын қабылдады.

Жиында аймақ басшысы терең білім алу қай кезеңде де өзекті екенін айтып, зияткер, көшбасшы балаларға сәттілік тілеп, айрықша сенім білдірді.- Біз үшін жастармен жүздесіп, пікір алмасатын әрбір кездесудің маңызы ерекше. Ал бүгінгі кездесудің мәні тіптен бөлек деуге болады. Біз әлемнің жаңа талаптары мен сұраныстарына лайықты жауап беруіміз керек. Ол үшін Сіздер, Тәуелсіз еліміздің жаңа буын жастары, білімді әрі талапты болуларыңыз керек. Ата-бабаларымыз ғылым-білімнің тек оқу арқылы табылатынын өсиет етті. Сондықтан, егемен еліміздің жаңа, азат ойлы буыны ретінде Сіздердің алдарыңызда Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, Отанымыз үшін пайдалы білім алу міндеті тұр,-деді облыс әкімі.

«Ел үміті» жобасына облыстан 446 талапкер қатысқан. Нәтижесінде 62 қатысушы қола медальге болды. Ал, «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасында ауыл мектептерінен барлығы 18 мыңнан астам оқушы бақ сынады. Оның 75-і жеңімпаз атанды. Үздік жастардың 23-і дарынды балаларға арналған мектептерге конкурстан тыс қабылданып, Елбасы Академиясы жанындағы «Бірге оқу» онлайн мектебінде пәндік дайындықтан өтуде.

Жиында «Ел үміті» және «Қамқорлық» бастамаларына арналған бейнеролик көрсетіліп, дарынды жастардың пікірі тыңдалды. Байқау жеңімпазы Санжар Асфендияров атындағы медицина университетінің 3-курс студенті Нұрай Әбжан аймақ басшысына арнайы алғысын білдіріп, «Елбасы медалі» сыйлығын иелену бақыты бұйырғанын мақтанышпен жеткізді. Қабылдау соңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова білім бәйгесінде оза шауып, үздіктердің қатарынан көрінген 10 оқушыға Елбасы медалін табыс етті.

Сондай-ақ, «Мың бала» олимпидасының жүлдегерлеріне ноутбук беріп, ілтипат танытты. Ерекше айту керек, үздіктердің қатарынан көрінген қызылордалық №101 мектеп оқушысы Елдос Төлепберген Елбасы қолынан медаль иеленді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<