Ғылым жолындағы нәзік жандар

2138

0

Ғылымның жұдырықтай жұрнағын кешеден бүгінге, бүгіннен ертеңге жалғап келе жатқан ғалым әйелдер елдегі жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында, зерттеу алаңдарында үздіксіз ізденіс танытып, тың дүниелерді ұсынып келеді. Ұлтты ұшпаққа шығарар ұрпақ тәрбиесінде де қайталанбас қолтаңбасы бар әйелдер қауымы әлемді де таңдандырудан шаршаған емес.

Қазақстанда 22 456 ғалым бар болса, оның 9 691-і әйелдер қауымы екен. Тарих парақтарын ақтарсақ, қаншама қазақстандық ғалым әйел мемлекет мүддесіне қызмет еткенін байқауға болады. Мәселен, қазақтың тұңғыш әйел дәрігері Аққағаз Досжанова, тұңғыш геолог ғалым Патшайым Тәжібаева сынды тұлғалардың ізбасары ретінде Күнсұлу Дальтонқызының есімі де бөлек атауға лайық. Covid-19-ға қарсы отандық QazVac вакцинасын жасап шығарып, отандық медицинаға қомақты үлес қосқан ғалымның еңбегі елеулі.

Осы орайда өңірдегі ғалым әйелдердің зерттеу еңбектерімен таныстырып өтпекпіз. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде өз саласы бойынша өнімді еңбек етіп, зерттеу объектілері арқылы тың нәтижеге жеткен ғалымдар баршылық. Мысалы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Жұлдыз Смаилова қаймақ әзірлеудің жаңа әдісін ойлап тапты. Сүт өнімдерінің биологиялық, тағамдық құндылығын арттыру, шикізат ассортиментін кеңейту, шикізатты үнемдеу әдістерін зерттеп жүрген ғалымның «Пробиотикалық ашытқыны қолдана отырып қаймақ алу әдісі» атты моделі ҚР Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің Ұлттық зияткерлік меншік институтында тіркеліп, арнайы патентке ие болды. Бүгінгі күні ол экологиялық таза азық-түлік, ағзаның қорғаныш функцияларын нығайту үшін емдік-профилактикалық мақсаттағы өнімдер технологиясын әзірлеуге бағытталатын жұмыстармен айналысуда.

Ал күл үйінділерінен құрылыс материалдарын даярлау жолын тапқан Гүлнұр Жақыпова – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Сәулет және құрылыс өндірісі» кафедрасының аға оқытушысы. Гүлнұр Мұхамеджанқызы жергілікті шикізат ресурстары негізінде майда түйіршікті бетоннан төсеніш тақтайшаларын өндіру технологиясы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

– Технологияны өңдеу мен енгізу мәселесіне жылу энергетикасының көп тонналы қалдықтарын пайдалану – ресурсты үнемдеудің негізі. Осылайша, жылу-электр орталығының күлін пайдалану құрылысқа қажетті материалдың жаңа тиімді түрін өндіруге, капиталды және ағымдағы шығындарды, күл үйінділердің құрамын бірден төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұйымның өзіндік құнын айтарлықтай арзандатады. Осы мәселелерді шешу  мақсатында «Жергілікті шикізат ресурстары негізінде майда түйіршікті бетоннан төсеніш тақтайшаларын өндіру технологиясы» тақырыбы негізінде зерттеу жұмыстарын жасау барысында 3  өнертабыс патентіне ие болдым. Алғашқысы жол төсеніш тақтайшасына арналған құрам болса, бетон мен бетон араласпасының құрамын да күл үйінділерінен жасап көрдім, – дейді ол.

Айта кетейік, күл үйінділерін құрылыс материалдары өндірісінде қолдану арқылы біріншіден, аймақтың экологиялық жағдайы жақсарады, екіншіден, қалдықтарды утилизациялау мәселесі шешіледі, яғни, ғалымның бұл жобасы – таптырмас мүмкіндік.

Жиырма алты жылдан бері ғылым жолында келе жатқан Лаура Тохетова суармалы су тапшылығы мәселесін шешу жолында ізденістерге ден қойып, өңірде табиғи селекциялық жолмен арпа мен бидайдың отандық 15 сұрпын өндірген. Оның бір түрін шығаруға шамамен 10-15 жылдай уақыт кететін көрінеді. Зерттеу кезінде селекция саласындағы озық технологияларды да пайдаланған ғалым былтыр алғаш рет кванттық технологиямен, яғни, спутник арқылы күріштің өнімділігін 20%-ға көтеру мүмкіндігіне ие болған.

Аграрлық ғылым саласы бойынша 300-ден астам мақаланың және үш монографияның авторы Лаура Әнуарқызы өзге де ғалымдармен бірлесіп жылдар бойы жүргізілген ғылыми зерттеулерінің нәтижесіне сай «Сыр аруы», «Қымбат», «Сымбат», «Құралай», «Елік», «Инкар», «Шахристан», «Қайсар», «Алтын арай» атты жаздық арпа сорттарын, бидайдың «Зарина» сортын классикалық селекция әдістерімен өндірген.

Оның басшылығымен аймақта алғаш рет дәнді дақылдардың толық ауқымды селекциясы ұйымдастырылып, сонымен қатар өсімдік шаруашылығы саласын әртараптандырудың ғылыми-практикалық негізі әзірленді. Қазір  арпа, бидай және сұлының  стресстік факторларға төзімді 750 сорт-үлгіден тұратын генетикалық коллекциясы қалыптастырылып, практикалық селекцияда ген көзі ретінде кеңінен пайдаланылуда.

Дина Бөкебай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<