ІІІ тоқсан: 70 мыңнан астам оқушы мектепте оқиды

1473

0

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес дәстүрлі оқу форматына кезең-кезеңімен көшу жұмыстары жүргізілуде. Айталық, І оқу тоқсанында 37 436 бала (22,6 %), ІІ тоқсанда 53 568 бала (31,5 %) дәстүрлі форматта оқыған болса, үшінші оқу тоқсанында 71 589 бала (42 %) мектепке барады. Жалпы бүгінгі күні облыстағы 300 мектепте 170 034 оқушы білім алуда, 293 мемлекеттік мектепте 168 398 оқушы, 7 жеке мектепте 1636 оқушы оқиды.

ІІІ тоқсандағы өзгерістер туралы облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова БАҚ өкілдеріне баяндап берді.

– «Орта білім беру ұйым­дарында 2020-2021 оқу жылының басталуын, ұзақ­тығын, каникул кезеңдерін айқындау туралы» ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес 11 қаңтарда ІІІ оқу тоқсаны басталады. Сонымен қатар, министрлік бекіткен алгоритмге сәйкес ІІІ тоқсанда балаларды оқыту форматы белгіленді. Мысалы, 1-5 сыныптар үшін кезекші топтар жұмыс істейді. Ал, бала саны 300-ден аспайтын мектептерде оқу дәстүрлі форматта ұйымдастырылады.

Негізгі өзгешелік – 9,11 сынып оқушылары са­ни­тарлық-эпи­демио­логиялық талаптарды сақтай отырып, мектепке барады. Барлық мектептер бойынша 9- сыныпта 13252 оқушы, ал 11-сыныпта 7004 оқушы оқитын болады. Бұл сыныптарда балалар негізгі пәндер, яғни, қорытынды емтихан мен ұлттық бір­ыңғай тестілеу кезіндегі міндетті компонентті пәндер бойынша білім алады. Аралас форматта дегеніміз – пәндердің 70%-і  дәстүрлі форматта, 30%-і қашықтан оқытылады.  Оған қоса, оқу­шылардың қашықтан оқу барысында игерілуі қажет оқу бағдарламасының кейбір олқы тұстарының орнын толтыру үшін 5 адамнан аспайтын топтарда консультациялар ұйым­дастырылады. Сондай-ақ, инфекцияның таралу қау­пін азайту  бағытында дәстүрлі түрде білім алатын оқушылар 5 сатыдан тұратын дезинфекциядан өтуде, – дейді басқарма басшысы.

Колледждерде де өзге­рістер бар. Жалпы облыс­тағы 30 колледжде 19795 студент білім алады. Ведо­мст­воаралық комиссия ше­шімімен 1-курс студенттері дәстүрлі түрде оқиды. Бұл ретте студенттер де пәндерді 70%  дәстүрлі, 30% қашықтан оқиды. Бүгінгі күні дәстүрлі оқитын 1-курс студенттерінің саны – 5434. Алдын ала анықталғандай, 5434 студент оқуды дәстүрлі, 12912 студент қашықтан оқиды. ІІІ оқу тоқ­санындағы негізгі ерек­шеліктердің бірі – осы.

Жаңа жылдан бастап білім беру саласында басқарудың жаңа жүйесі енгізілді.  Басқару жү­йесі екі кезеңде іске асырылуда.

Бірінші, әкім­дік­тердің білім беру сала­сындағы функция­ларын облыстық денгейге беру. Ол бойынша сала­дағы функциялар жер­гілікті жердегі білім бөлімдері арқылы білім басқармасының бас­шылығымен жүзеге асатын болады. Екінші кезең­де, 2021 жылдың қаңтар айынан бастап саланы қар­жыландыру облыстық деңгейге өтеді.

Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі – «Педагог мәр­тебесі» заңы аясында  ұс­таздар жалақысының артуы. Өткен жылы педагогтардың еңбекақысы 25%-ке көбейіп, шеберлігі үшін жалақыға 30-50% аралығында қосымша ақы төленген болатын. Бұл ретте облыстағы барлық мұғалімдердің (22 мыңға жуық) жартысынан астамы (55%) қосымша үстемақы алды. Сондай-ақ, мектептерде тәлімгерлік, магистрлік дәре­жесіне қосымша төленсе, сынып жетекшілігі мен дәп­тер тексеру үшін берілетін төлемдер екі есеге көтерілді.

Жаңа жылдан бас­тап барлық ұстаздардың жала­қысы 25%-ке өсіп отыр. Тек мектеп мұғалімдері ғана емес, балабақша педа­гог­­тарының, қосымша білім беру ұйымдары, колледж­дер мен жоғары оқу орын­дары мамандарының да еңбек­ақылары көбейген.

Қазіргі есептеу бойынша мұғалімдердің орташа айлық жалақысы белгіленді. Толық оқу жүктемесі бар, педагог-шебер санатындағы ұстаз бұрын 279 мың теңге алса, қосымша үстемемен 373 мың теңге алады. Ал, педагог-сарапшы санатындағы мұғалім 234 мың алса, қазір 312 мың теңге мөлшерінде еңбекақы алады. Педагог-модератор санатындағы ұстаздың орташа жалақысы 204 мың теңге болса, қазір 272 мың теңгеге жетті. Ал, категориясы жоқ, жас ұстаздардың орташа жалақысы 213 мың теңге көлемінде белгіленді.

Білім саласы бойынша қабылданып отырған осынау шаралардың барлығы ХХІ ғасырдың басты ұстанымы – білім екенін айқындайды. Болашақ – білімді жастардың қолында екенін бағамдасақ, ел ертеңіне деген сенім де нығая түседі.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<