«Келешектен» не күтеміз?

1642

0

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында: «Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті, өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады» деген болатын. Осыған орай Премьер-министр Әлихан Смайылов жауапты министрлікке балаға жоғары оқу орнында білім алуға қажетті ақшаны жинауға мүмкіндік беретін «Келешек» жүйесін 2024 жылы енгізуді тапсырды.

Ұсынылып отырған шараларды кеңінен талқылап, жүйенің әрекет ету тетігін жан-жақты пысықтауды да назардан тыс қалдырмады. «Бұл тек министрлік үшін ғана емес, сондай-ақ халық пен барлық қатысушы үшін қарапайым әрі түсінікті болуы керек» деді үкімет басшысы.

«Жүйе аясында балаға арнайы шот ашуға болады, оған мемлекет 60 АЕК мөлшерінде (60*3450=207000) (5 жастағы балаларға) білім алуға бастапқы капитал салады. Бұдан әрі оған ата-аналардың ерікті жарналары, 5-7% жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс есебінен қаражат жинақтайды. Осылайша айына 1 АЕК (3 450 теңге) мөлшеріндегі ең төменгі жарна салынып отырса, бала 18 жасқа толғанда шотында 3,3 млн теңгеден астам ақша жиналады. Тиісінше, ата-аналардың ерікті жарналары, мысалы айына 3 АЕК-ке дейін көбейсе, 7 млн теңгеден астам қаражат жинақтау мүмкіндігі болады» деп атап өтті Үкіметтің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудың қосымша шаралары көзделеді, әсіресе өзгерістер жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты болмақ. Сондай-ақ ақшаның құнсыздануынан қорғау тетіктері қарастырылған. Оған қоса «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы аясында да қаражат жинақталады. Бұл кейіннен қаражатты бір жерге шоғырландыруға, таңдаған ЖОО-ға оқу ақысын төлеуге мүмкіндік береді.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, елімізде  бала туу көрсеткішінің өсуіне байланысты болашақта білім беру жүйесіне түсетін жүктеме едәуір артады екен. Бүгінде мемлекеттік білім тапсырысы мектеп түлектерінің 40%-дан астамын грантпен қамтуға мүмкіндік береді. Алайда қолданыстағы тәсілдер сақталса, 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш шамамен 15%-ға дейін қысқарады. Осыған байланысты азаматтарға жоғары білімді қолжетімді етудің қосымша тетігі ретінде қолданыстағы қолдау шараларын біріктіретін «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі әзірленіп, ел игілігіне ұсынылады. Бұл туралы Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен Жолдауын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында талқыланып, жобаның қолжетімділігі пысықталғаны туралы баспасөз беттерінен оқыдық.

Премьердің айтуынша, елдің әл-ауқаты мен бәсекеге қабілеттілігі халықтың білім деңгейіне тікелей байланысты. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, экономика өсімінің 16%-ы физикалық капиталға, 20%-ы табиғи капиталға, қалған 64%-ы адами және әлеуметтік капиталға байланысты. Үкіметтің болжамынша 2019 жылдан 2022 жылға дейінгі туу көрсеткішін ескерсек, 2040 жылға қарай 18 жастағы қазақстандықтар саны айтарлықтай өседі. Бұл ретте гранттар санын арттыру олардың көбін жоғары біліммен қамтуға мүмкіндік бермейді.

«Келешек» осы мәселелердің оң  шешілуіне жол ашады. Білім берудің қолжетімділігі мен сапасы ресурстарды шоғырландыру және мемлекет, бизнес, оқу орындары мен азаматтар арасында жауапкершілікті бөлу есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл бірінші мамандықты алғанға дейін балаларды толық қолдауға мүмкіндік береді» деді Ә.Смайылов.

Қазіргі кезде баланың оқуына қаражат жинау үшін кез келген банктен депозит ашып, есепшотқа ақша сала беруге болады. Алайда жай депозиттің бір кемшілігі сол, адам қаржылық қиындықтарға тап болса, есепшоттағы ақшаны шешіп алуы мүмкін. Сол себепті Қазақстанда 2013 жылдан бастап мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі енгізілген болатын. Соның аясында «AQYL» депозитін ашуға мүмкіндік бар. Ал есепшоттағы ақшаны 20 жыл бойы алуға тыйым салынған. «Келешек» ерікті жинақтау жүйесі де осы «AQYL» депозитіне ұқсас болғанмен, басты ерекшелігі – мемлекеттің 60 AEK көлемінде алғашқы жарналық капиталын  салуында. Бұдан шығатын қорытынды елімізде өсіп келе жатқан әрбір баланы мемлекет назарда ұстап, солардың дұрыс жетілуіне мүдделі екенін көреміз. Қуантатыны да осы жағдай.

Бір айта кетері, 7 пайыздық мемлекеттік сыйақы әлеуметтік осал топтарға ғана төленеді. Олар – жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектер, көпбалалы отбасынан және жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар. Ал 5 пайыздық сыйақы Қазақстанның басқа азаматтарына төленеді.

Бағдарлама шарттары да қарапайым. Мысалы:

– бала 5 жасқа келгенде мемлекеттен бір реттік бастапқы капитал – 60 АЕК (қазіргі 207 000 теңге) түседі;

– ата-ананың міндетті салымдары – ай сайын 1-3 АЕК (3 450 – 10 350 теңге);

– мемлекеттің 7 пайыздық сыйақысы;

– банктердің сыйақысы;

– бала 18 жасқа толғанда Ұлттық қордан түсетін ақша. Егер ата-ана баласының ертеңін ойлап, жағдайы келіп 3 AEK-тен салып тұрса, ақшаны алар уақытта 7500000 (жеті жарым миллион) жинақталады екен.

«Келешектің» басты артықшылығы  да – ақшаның көптеп жиналуында. Себебі есепшотқа бірнеше көзден ақша түсіп тұрады. Ал ең соңында баланың Ұлттық қордағы үлесі аударылады. Бірақ 18 жасқа толған жасөспірім грантқа түссе, ақшаны шешіп алуға болмайды. Қазіргі жоспарға сәйкес, оны тек баспана сатып алуға ғана жұмсауға болады.

Министрліктің мәліметіне қарағанда, бүгінде білім беру саласына жұмсалатын қаржының көлемі жыл сайын артып келеді. Былтыр 4,5 млрд теңге бөлінді. Қазіргі кезде Қазақстанда демографиялық жағдай жақсарып келеді. Оған қоса, елге көшіп келетін адамдардың саны да өсті. Ондайда бюджеттік шығындар көбейеді. Себебі барлығын біліммен қамтамасыз ету керек. Ал «Келешек» жинақтаушы жүйесінің арқасында әрбір ата-ана өз баласының оқуына ақша жететініне сенімді болады. Бюджет қаржысы да үнемделеді. Осылайша, 2037 жылдан бастап гранттарды бөлу тәжірибесінен бас тартып, жыл сайын 2 трлн теңгені үнемдеп отыруға мүмкіндік бар.

Алайда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек грант беру жүйесі тоқтатылатынын жоққа шығарды. Бірақ білім гранттарының саны біртіндеп азаяры анық. Осылайша алдағы уақытта қазақстандықтар грантқа көп сене бермей, баланың оқуына алдын ала ақша жинауға дағдыланады. Менің ойымша бұл ең өзекті мәселе емес. Себебі, мемлекет әр балаға жағдай жасау арқылы мамандық таңдаудағы тәуелсіздігіне, яғни, мамандығын еркін таңдау мүмкіндігіне жол ашады. Жаңа жобаға сәттілік тіледік!

Қайрат БАҚБЕРГЕН,

«Болашақ» университетінің ректоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<