«ӨЛКЕТАНУ» ОҚУЛЫҒЫ ОТАНШЫЛДЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕЙДІ

515

0

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында туған жердің әрбір перзенті сол өлкенің тау-тасы мен қырқасы, сондай-ақ, ел есінде қалған дара тұлғалары туралы  терең білуі керектігін атап өтіп, осы тұрғыда орта мектептерде «Өлкетану» оқыту курсын енгізу жөнінде арнайы тапсырма берген болатын. Осы бастама аясындағы алғашқы қадам біздің аймақтан бастау алды.

Дәлірек айтсақ, облыстық оқу орталығы әзірлеген Қызыл­орда облысы бойынша жалпы білім беретін орта мектептердің 5-7-сыныптарына арналған «Өлкетану» оқулығы 2019 жыл­дың басынан қолданысқа енгізілді. Осы орайда М.Мәме­това атындағы жоғары педа­гогикалық колледжінде өткен жаңа оқулықтың тұсаукесер шарасына облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты.

– Мемлекет басшысы тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарында ел дамуының негізгі төрт ба­ғытын атап көрсеткен болатын. Олар тәуелсіз мемлекеттің ір­гетасын қалау, әлеуметтік бағ­дарланған қоғам құру, макроэкономиканы қалыптастыру және қоғамдық ойды қайта құру мәселесі. Осының ішінде қоғамдық ойды қайта құру бағытында ұлттық ұстынымызға сай тарихи тағылымымыз бен дәстүрлі құндылығымызды сақ­тап, оны келесі ұрпаққа табыс­тау – мемлекеттік саясаттың ба­сым бағытының бірі. Бұл орайда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дар­­ламалық мақаласында білім саласын дамытудың бір­не­ше нақты міндеттері атап көрсетілген. Соның бірі орта мектептерде «Өлкетану» оқу курсын енгізу болатын. Өткен жылдың соңында «Білім» бас­пасынан жарық көрген жаңа оқулық биылғы жылдан бастап оқыту бағдарламасына енгізіліп отыр. Өскелең ұрпаққа өлке тарихын танытуда бұл оқулықтың орны ерекше, – деді Р.Рүстемов.

Шара барысында оқулық авторлары облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Гүлмира Әшірбекова, М.Мәметова атындағы жоғары колледж директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты  Бақытжан Сайлыбаев, Қорқыт ата атындағы ҚМУ доценті, тарих ғылымдарының докторы  Дастан Сәтбай «Өлкетану» курсының өзектілігі мен мазмұны туралы баяндап берді. Олардың айтуынша, оқулыққа «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті», «Музыка», «География» пәндерінен Қызылорда өңіріне тікелей қатысты тақы­рып­­тарға сай мәліметтер  20 тарау­мен  орналасқан. Аймақ та­­ри­­хына, географиялық ерек­ше­­ліктеріне, әдебиеті мен музыкасына қатысты деректер әр­бір оқушының туған өлкесін жан-жақты әрі  терең тануына жол ашады. Оған қоса, ізденіс жұ­мыстары, білімін тексеруге ар­налған сұрақтар оқушының жас ерекшелігіне сай нақты әрі қы­зықты етіп құрастырылған. Та­қырыпқа байланысты термин сөздерге түсініктеме беру айдары енгізілген.

Ғазиза ӘБІЛДА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<