Қ.Бисенов, академик: Университеттің өрлеу жылдары – өмірімнің жарқын кезеңі

2178

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдық тарихына зер салсақ, Сыр өңіріндегі білім қарашаңырағын ұзақ жыл басқарған ректорлар тізімінен Қылышбай Алдабергенұлы Бисеновтің есімін көреміз. Осы саптың алдыңғы үштігіндегі сардар аға өзі жиырма жылға жуық басқарған оқу ордасының тыныс-тіршілігінен әлі күнге қол үзген емес.

Кезінде «Бисенов мектебін» қалыптастырған белгілі тұлға, көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, өңіріміздің ғылымы мен білімін ұйымдастырушы көшбасшы – тағылымы терең азамат есебінде де ел ықыласын иеленді. Өйткені, оның білікті басшы болуымен қатар, білім алушыларға ғана емес, еңбек етіп жүрген жас ғалымдарға да ұстаз бола білгендігін тілге тиек ететіндер арамызда көптеп саналады. Солардың қай-қайсысы да ұстаз ұлағатын бойына сіңіріп, бір-бір тұлға дәрежесіне жетіп отыр.

Техника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі, Қорқыт ата атындағы университеттің Құрметті ректоры Қылышбай Алдабергенұлымен білім саласының бүгінгі жай-күйіне байланысты ой бөлісудің сәті түскен еді. Университет мерейтойы қарсаңында ұлағатты ұстазбен болған сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.

– Қылышбай Алдабергенұлы, сіз басшылық жасаған жылдары Қызылорда университеті әлемнің озық оқу орындарымен терезе теңестіріп, өркениеттік тұрғыдан өрлеу үстінде болды. Сол кезеңдегі басты талап қандай еді?

– Ең алдымен университеттің    85   жылдық  мерейтойымен барлық әріптестерімді, шәкірттерімді, студенттерімді құттықтаймын! Жұмыстарына шығармашылық табыстар тілеймін. Алға қойған мақсаттарына жетуіне тілектеспін.

Енді тақырыпқа оралсақ, қандай  кезеңде  болсын  ЖОО-ға қойылатын негізгі талап – уақыт көшіне ілесе отырып, сапалы білім беру жүйесін қалыптастыру, кәсіби біліктілігі жоғары, сұранысқа ие мамандар даярлау. Қоғамның дамуы үшін және өмірдің, экономиканың үнемі өзгеріп отыратын беталыстарына бейімделу мақсатында тұлғалық және кәсіби әлеуетін толыққанды іске асыра алатын жоғары білікті кадрлар деңгейін қамтамасыз ету.

Университетте басшылық қызмет атқарған жылдары жоғары білім беру саласында көптеген өзгерістер орын алды. Дәстүрлі қабылдау емтиханы тесттік жүйеге ауыстырылды, кредиттік оқыту технологиясына көшу, қашықтан оқыту процесі енгізілді. Жаңа мамандықтар ашылып, бакалавриат, магистратура, докторантура тәрізді көпдеңгейлі білім беру жүйесі жұмыс істеді. Алғашқылардың бірі болып жоғары білім беруді ұйымдастыруға сапа менеджменті жүйесін енгізуді жүзеге асырдық. Уақыт сұранысына сәйкес, білім беру процесінде ақпараттық технологиялар кеңінен енгізілді. Білім беру процесіндегі барлық жаңашылдықтарды тізіп жату мүмкін емес. Мұның бәрі үлкен күш-жігерді, қатаң тәртіп пен талапты қажет етті. Осындай ауқымды істердің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына тікелей жауапты болып, уақытпен санаспай, өзімнің ғылыми-педагогикалық барлық мүмкіндіктерімді жұмсағанымды сеніммен айта аламын.

– Сіз  университет  басшылығында болған кезеңдерде білікті оқытушылар көп болды, олардың еңбегін лайықты бағалап отырдыңыз. Осы жайында айтып өтсеңіз…

–   Мен       әрқашанда     профессор-оқытушыларымызды, әріптестерімді құрметтеймін. Әр кафедрада ғылым докторлары, профессорлар, ғылым кандидаттары, доценттер өз мамандықтарына  сәйкес білікті ғалымдар, әріптестерім жұмыс жасады. Ұстаз қашанда өз шәкірттеріне үйретуге ниетті екендігі анық.

Профессор-оқытушылардың еңбектерін бағалау мақсатында «Үздік оқытушы» стипендиясы тағайындалып, оның иегерлері болған әріптестерім көптеп саналады. Бәрінің атын атап, түсін түстеп шыға алмасым анық, қай-қайсысы да оқу процесін сапалы ұйымдастыруға, студенттерді жоғары білімді маман етіп шығаруға өз үлестерін қосқан білікті мамандар. Университеттің даму, өркендеу жолында ұжымның бірлескен қызметі нәтижесінде алға қойған міндеттер мен қолға алған бастамаларды жоғары көрсеткішпен орындай алдық.

Республикада ЖОО рейтингісі бойынша университет кезінде 5-орынды иеленді.

– Сәл шегініс жасасақ. Өміріңіздің мәні білім-ғылым саласы екенін қалай түсіндіңіз? Ғылымға деген қызығушылығыңыз қалай оянды?

– Ғылымға деген қызығушылығым студент кезден басталды. 1979 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын үздік бітірдім. Институтта студенттердің ғылыми қоғамы болатын. Қазақстандағы құрылыс саласындағы бірінші ғылым докторы, профессор Болат Саябекұлы Жармағанбетов кафедра меңгерушісі еді. 2-ші курстан бастап бізді ғылыми-тәжірибелік жұмыстарға баулыды. Нәтижесінде, институтты бітірген соң, сол  кездегі жоғары және арнаулы білім министрлігінің жолдамасымен кафедрада тәжірибе  жинаушы-зерттеуші болып қызметімді бастадым. Сол кездерден алдыма қойған үлкен мақсатым аспирантурада оқу, ғылыми ізденістермен айналысу болды. Бойымдағы ғылымға деген қызығушылығым мені адастырмағаны ақиқат.

1980-1982 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалында оқытушы болдым, 1982-1985 жылдары Мәскеу қаласында КСРО Мемлекеттік құрылыс комитетінің Бетон және темірбетон ғылыми зерттеу институтының аспирантурасында білім алдым. Кейін басшылық, ұстаздық қызметімді одан әрі ғылыми ізденістермен ұштастыра отырып, техника ғылымдарының докторы атандым. Осылайша, 1980 жылдан бастап туған жерім – Қызылордаға келіп, жоғары білім беру саласында үзбестен еңбек етіп келемін.

Жалпы, менің тағдырым білім, ғылымға арналған. Университет – менің тағдырым, білім ордасындағы еңбек жолым – өмірімнің жарқын кезеңі болды.

– Кезінде әкеңіз Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисенов сізге «Алдымен үлкендерге сәлем бер, білімділігіңнің басы сол болсын» дейді екен.

Сол кісі айтпақшы, ғылымға қадам басқан жастардың бойында қандай қасиет болу керек?

– Сапалы әрі терең білім арқылы ғана ғылымға жол табуға болады. Сосын еңбекқорлық қасиеттері маңызды. Ғұлама ойшыл Әл Фараби айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Бұл тізімде адамның адамгершілік құндылықтары қоса жүретіні сөзсіз. Ғалымды ғалым ететін төрт нәрсе бар: ерік-жігер, сабырлылық, терең білім, еңбексүйгіштік. Ғалым өзінің идеясымен емес, оны іске асырумен айналысуы керек деп ойлаймын.

Әкенің үмітін ақтау, елшіл болу – әрине, ең басты міндет.

– Қазір онлайн оқу деген үрдіс бар. Бұл білім сапасына қалай әсер етеді? Дәрістерді қалай тыңдауға кеңес бересіз?

– Онлайн білім беру өзінің өміршеңдігін дәлелдеді, міндетін орындады. Кешегі пандемияның кезінде қажеттілігіне сай қашықтан оқыту жүйесі енгізілді. Қазір оқу орындары білім алушының сұранысына сәйкес жауап беретін кезең. Аудиторияда отырып білім алуға жағдайы келмейтін, онлайн білім алуға мұқтаж білім алушыны қашықтан оқыту арқылы сұранысын орындап, жағдай жасауымыз қажет. Заман солай. Мақсатқа жетудің түрлі тәсілдерін қолдануға мүдделі болу біздің өмірлік ұстанымымызға айналуы тиіс.

Жалпы, мен дәрістерді тікелей оқытушы мен студенттің толық қатысуымен аудиторияда тыңдауға кеңес беремін. Сонда ғана сапалы білім беруге болады. Түсінемін, ақпарат әлемінде өмір сүріп жатырмыз. Қашықтан оқыту технологиясының артықшылықтарын айттым. Дегенмен, оқыту әдістерін қажетіне қарай пайдалану керек. Негізінде базалық жоғары білімді мұғалімнің қатысуымен игерген абзал. Бұл – өмірдің ақиқат шындығы.

– Бүгінгі білім алушыларға мотивациядан, яғни, ниет пен ынтадан басқа не керек? Оларға бірінші кезекте нені үйреткен дұрыс?

– Ол тікелей білім алушыға байланысты. Студент алдына қандай мақсат қойды? Тек «диплом алсам болды» деу мақсат емес. Сапалы, заман талабына сай, еңбек нарығын қанағаттандыра алатын маман болуға ұмтылған жөн. Бүгінгі таңда әлемдегі бүкіл ақпарат қолында смартфоны бар адамның алақанында тұр. Ең басты мәселе, алған білімді, білген ақпаратты қажетіне қарай пайдалануда.

Қазіргі заман талабы – кез келген мамандықты ақпараттық технологиямен байланыстырып оқыту. Жаңа төртінші революциялық дәуірге өттік. Уақыт ағымы бұрынғыдай емес, өте жылдам. «Егер біз ғылымды таңдамасақ, ғылымды таңдаған ел бізді таңдайды» деген сөз бар. Бұл дегеніңіз – озық елдерге тәуелді болып өмір сүру. Сондықтан ғылымды таңдаған жас ғалымдарды тәрбиелеу біздің стратегиялық бағытымыз болу керек. Елімізді алға жылжытатын білім мен ғылым екені даусыз.

–  Білім сапасы туралы ойыңыз өзекті. Бұл пікірмен келісетіндер көп. Енді университеттегі білім беру сапасы туралы ойыңыз қалай?

– Университетте еліміздегі жалпыға ортақ білім беру стандарттарына сәйкес бакалавриат, магистратура, докторантура деңгейінде білім беру жүзеге асырылуда. Сапалық деңгейі басты мәселе, әлбетте сапа жоғары болу үшін білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңартып отыру қажет. Мемлекеттік қызметті айтпағанда, қазір барлық жұмысқа мамандарды тек қана біліктілігіне, білім деңгейіне сәйкес қабылдайды. Қоғам болып сол жүйеге көшіп отыр. Сондықтан қазір бірінші кезекте білім мен біліктілік ескеріледі. Оған қоса ақпараттық технологияны толық меңгерген, шетел тілдерін жетік игерген мамандарға деген сұраныс жоғары.

– Қазіргі кездегі оқу орнының қандай жетістігіне көңіліңіз толады?

– Студенттеріміз – белсенді, оқытушыларымыз – халықаралық жобаларды жүзеге асыруда өзіндік орны бар білікті мамандар. Ірі ғылыми жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Әрбір сала бойынша, атап айтқанда, «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхананың, «Археология және этнология», «Қорқыттану» ғылыми орталықтарының ғалымдары, профессор-оқытушыларымыз өз деңгейінде жетістіктерге жетіп келе жатыр.

Университет ғалымдарының әрбір жетістіктеріне ерекше қуанамын.

– Қазірдің өзінде кассирлер, пошташылар, киномеханиктер деген сияқты мамандықтар керек болмай қалды.

 Алдағы уақытта университет дайындайтын қандай мамандарға сұраныс артады және оқу орнының бұл үдеден шығу мүмкіндігі қандай деп ойлайсыз?

– Әлемде, елімізде, өңірімізде қай сала дамып келе жатыр? Оған талдау жасау керек. Анығы, ақпараттық технология бойынша білім сапасын арттыруға ерекше мән беріп, жаңа технологиялар, инновацияларды игеру керек.

Болашақта IT, нанотехнология салалары мамандықтарына, маркетолог, логистерге сұраныстың арта түсуі анық. Жастарымызды сол жаңашылдыққа дайындауымыз керек.

Соған лайықты еңбек ете алатын, өзінің орнын сенімді түрде нақтылай алатын мамандарды даярлау ісі зор міндеттер жүктейді.

Көптеген сындарлы белестерден өтіп келе жатқан өңіріміздегі көшбасшы жоғары оқу орны, ол – Қорқыт ата университеті, сондықтан бірлігі бекем ұжымның алар асулары биіктей берсін!

Сұхбаттасқан

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<