Қанат бітірген қолдау

1749

0

Кезінде үш жүздің басын қосқан Абылай хан «Білектің заманы өтіп, білімнің заманы келді. Дайынбысың, әлеумет?!» деген екен. Одан кейін дана Абай да «Сен де бір кірпіш дү­ниеге, кетігін тап та, бар қалан» деген асыл сөз қалдырды. Біз, жастар, қазір осы бабалар аманатын ақтауда аянып қалмайтынымызды көрсе­ту­деміз. Білі­мімізді арттырып, жан-жақ­тылықты серік етіп, алдыңғы шептен көріну – біз көздеген мақсат.

Ал, оған қол жеткізуде ең бірінші ұстаздар қауы­мы­ның еңбегі, содан соң әр­қайсымыздың жеке әле­мі­міздегі үміт сәулесі кө­мек­ке келеді. Бүгінде біз же­тіс­тікке жетіп, өмір өрнегі үлгі болар аға-апаларға қа­рап бой түзеп келеміз, сол аза­маттар секілді үздіктердің қа­тарынан табылу жолын­да барымызды салудамыз. Мен де ертегідегідей ханшайым болуды емес, қоғамда өз ор­ны бар тұлға болуды ар­­ман­даймын. Алдымда шы­найы мақсат бар. Оқуда озат­пын, қоғамдық өмірде бел­сендімін, әдебиет деген әдемі әлемге жақынмын. Түр­лі байқау, са­йыс деген­нен қалыс қалған емеспін. Мұн­дағы ойым – алғыс ар­қалау емес, титтей де бол­са тәжірибе жинау, біл­меге­нім­ді үйрену.

Жақында осындай бір са­йыста шыңдалдым. Мемле­кет және қоғам қайраткері, белгілі ақын Сансызбай Құт­тыбайұлының өмірі мен шығар­машылығына ар­­нал­ған «Шабыт өре­ні» атты республикалық жас ақын­­дар мүшәйрасына қатысып, «Ұлттық сезім» номина­ция­сының иегері атан­дым. 3 кезең бойынша өткізілген са­йыста 356 үміткер бақ сы­нады. Со­ның арасынан суырылып шығу оңайға түс­пегені рас. Ақтық сын­ға Алматы қаласына бардық, оған 14-20 жас аралы­ғын­дағы 25 үміткер келіп қатыс­ты. Менің есімімді хабарла­ғанда, қатты қобалжыдым. Жаңа орта бойымда бір сәт сенімсіздік билетті. Алай­да, ұстазым, сынып же­тек­шім әрі қазақ тілі мен әде­биеті пән мұ­ғалімі Сә­лима Үсенованың «Сенің қо­лың­нан келеді!» деген де­меуі маған қанат байлады, І орынды иеленуім, жүлдегер қатарынан табылуым да соның нәтижесі деп білемін. Сайыс қорытындысында ма­ған 150000 тең­ге қаржылай сыйлық және ақын Сан­сыз­бай Құттыбайұлының шы­­ғармалары тарту етілді. Сонымен қа­тар ақынның туған інісі смартфон сый­лады. Бұл жемістің тәтті дә­мін татқан ерекше күн ре­тін­де есімде қалары анық.

Бұған дейін де  тәуелсіз­діктің 30 жылды­ғына, ағар­­тушы-педагог Ыбы­рай Ал­­­тын­са­ринның-180, қа­зақ ба­­луа­­ны Қажымұқан Мұңайт­­пасовтың 150 жыл­ды­­ғына орай өткізілген Қа­зақстан тарихы пәнінен қа­лалық олим­пиадаға қаты­сып, жүл­делі I орын алдым. Рес­пуб­ликалық ұлт­тық олим­пиа­да сайты матема­тика пә­­нінен қа­шық­тан ұй­ым­дас­тырған олим­пиа­да­да же­­ңім­паз атандым. Мұнда Ба­қыт Насырова, Света Әли­­акбар­қызы секілді же­тек­ші­лерімнің үлесі зор. «Қа­­­зақстан ұстаз­дары» қоға­­мы­мен ұйымдасты­р­­ған қазақ тілі пәні бо­йын­ша қашықтан өткен рес­пуб­ликалық олимпиа­дада да жо­ғары көрсеткішке қол жет­­кіздім. Жұлдыздай жарқ ет­кен журналист  Сахитжан Бермағанбетовті еске алуға арналған «Сырдың саңлақ Сахит­жаны»  байқауында ар­нау өлең жазып, ІІ орынға ие болдым. Жас ақындар мү­­шәйраларында, шығарма жазу са­йыс­тарында да жүл­делер еншілеп келемін.

Бұл ретте ұстаздарым­ның, жақын­дарымның қол­дауы маған ерекше дем бе­реді. Расымен, «Адам тәр­биелеу – ұлы міндет» десек, ол міндетті атқарып жүрген де ұстаз қауымы. Бұрындары алыстан ат ары­тып келген баланы бірінші ұстазына сәлем беруге жі­беруінің де басты себебі осында болар. Мұны біз кешегі карантин тұсында, вирус әбігерге сал­ған уа­қытта жақсы түсін­дік. Орай­лы сәтті пайда­ланып, білім сала­сының қыр-сыры мол, қиын да жа­уапты, шығармашылық ең­бек екендігін мойындай­тынымызды айтқым келеді және барлық өнегесімен та­ғылым болып келе жатқан ұстаздар қауымына  алғыс білдіремін.

Жансая ҚУАНДЫҚ,

 Ғ.Мұратбаев

атындағы №171

мектептің 9-сынып оқушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<