Қазалылық мұғалім «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанды

1070

1

Республиканың әр өңірінен жиналған үздік ұстаздар ҚР Президенті Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын иеленді. Үздіктердің қатарында Қазалы ауданындағы №249 мектептің ұстазы Жәмилә Әбжан құрметке бөленді.

Тәжірибелі ұстазға ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов марапатты салтанатты түрде табыстады. Үздік ұстаз 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы иеленді.

Жәмилә Әбдінағиқызы – жоғары санатты педагог-зерттеуші. Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, республикалық Білім академиясының Құрмет грамотасының, халықаралық АКСЕЛС қоғамының Құрмет грамоталарының иегері. Педагогика саласында 32 жыл еңбек өтілі бар білікті ұстаз.

«Үздік ұстаз» , «Үздік авторлық бағдарлама» жинақтарының авторы. Америка Құрама Штаттарының елшілігі мен ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің сайысында жүлдегер атанып, АҚШ ұстаздарымен тәжірибе алмасқан.

Шәкірттері халықаралық АКСЕЛС қоғамы ұйымдастырған сайыстың жеңімпазы ретінде АҚШ-та білім алған. Оқушысы Н.Оңдасов «Болашақ» бағдарламасымен Ирландияның Дублин қаласында білім алуда. Оқушылары ҰБТ көрсеткіші бойынша жыл сайын жоғары балл жинап, мемлекеттік грант иегері атануда.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<