Жаннұр – Қытайдың «Жыл студенті»

1761

1

Білімді алып күшке теңейміз. Өйткені, алмайтын қамалы, бағындармайтын асуы жоқ. Аясы, көкжиегі кең. Орны да биікте. Мұны жас ғалым Жаннұр Ниязбекова дәлелдеді. Жерлесіміз – Қызылөзек ауылдық округінің тумасы, №39 орта мектептің түлегі. Мектепті тәмамдағаннан кейін Алматыдағы ҚазҰАУ-ге оқуға түскен. Кейін ветеринария ғылымдарының магистрі болды, Президенттік стипендияны да иеленді.  Қазір Қытайдағы Солтүстік Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінде ветеринариялық медицина мамандығы бойынша PhD докторантурада оқиды. Жақында ол Қытайдың «Жыл студенті» атанып, кеудемізде мақтаныш сезімін кернетті. Себебі, Жаннұр – осы марапатты алған тұңғыш қазақ. Кейіпкеріміз әңгімесінде марапатпен бірге оған қандай мүмкіндіктер берілгенін айтқан еді.

Жаннұр – Қытайдың «Жыл студенті»

– Елде бакалаврды, магистратураны оқыдым. Екі жыл университетте жұмыс істедім. Содан соң университеттегі «Жібек жолы» бағдарламасымен Қытайдың грантын ұтып алдым. Бұл жақта 4 жыл оқыдым. Оқу биыл аяқталады. Алайда карантиндік шектеу болды. Ғылыми жұмыс аяқталмады. Соған байланысты бір жыл стипендия беріп, оқуға мүмкіндік алдық. Жалпы, «Қытайдың ең үздік студенті» дәрежесін алу Қытай студенттерінің өзге түгілі өзіне әрең бұйырады. Мұнда алғаш келгенімде пәкістандық жігіт осы дәрежені алғанын көрдім. Бұрын қазақ студенттерінен ешкім жүлдеге қол жеткізбегенін естіп, онда мен мұны екі жылдан кейін аламын, алғашқы қазақ боламын деп өзіме уәде бердім. Айтқаным келді, жүлде бұйырды. Бұл жылда берілетін марапат емес. Егер лайықты студент болмаса, марапат берілмейді. Соңғы 20 жылда бұл университетте аталған марапатты 3 қана студент алған, – дейді Жаннұр.

Жаннұр – Қытайдың «Жыл студенті»

Айтуынша, үздік студент постдокторантураға түсіп жатса, айына миллион теңге стипендия алуға мүмкіндік бар. Қытайда кез келген қалаған жерден жұмыс орнын таңдай алады. Бірақ, Сырдың қызы шетелге тек оқуға келгенін, тәжірибе жинақтаған бойда елде оны қажетке жаратуға асық екеніне тоқталды. Жас ғалым естеліктерімен де бөлісті. Дәстүрі мен жолы қалыптасқан ветеринария саласына зоотехник қызметін атқарған әкесі баулығанын, бала кезден боталарды құшақтап, оларға ерекше сүйіспеншілігі болғанын айтты. Сондықтан болар, Жаннұр  магистратурада оқыған тұсында түйе сүтіндегі микроорганизмдерді зерттеген. Қытайда да осы зерттеуді жалғастырғысы келгенін жасырмайды. Алайда, Шэньси провинциясында түйе жоқ. Мұнда халықтың 60 проценті ешкі сүтін пайдаланады екен. Осылайша кураторымен ақылдаса келе, «Ешкі сүті құрамындағы микроорганизмдердің популяциясы және оның ішек микрофлорасына әсерін» зерттеуге кіріскен. Бұл туралы бірқатар ғылыми мақаласы да жарияланыпты.

Жаннұр – Қытайдың «Жыл студенті»

Тағы бір айта кетерлік жайт, Қазақстанда ешкі шаруашылығының дамуы көңіл көншітпейді. Шетелден ешкі сүтінен дайындалған балалар тағамын сатып алуға тура келетіні де сондықтан. Кейіпкеріміз бұл бағыт дамыған жағдайда елде балалар тағамын өндіруді жолға қоюға болатынын еске салды. Қазір Жаннұр өзінің 13 мыңға жуық оқырманы бар «Instagram» парақшасында білім-ғылымға қатысты түйгенін, жиған тәжірибесін және шетелде, соның ішінде Қытайда білім алудың ерекшеліктері жайлы жан-жақты ақпарат беруде. Талапшыл жастың мотивациялық жазбалары мыңдаған жастың ветеринария саласына деген қызығушылығын да оятып үлгерді.

Жаннұр – Қытайдың «Жыл студенті»

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<