Жақсы істің жаңғырығы

1742

0

Биыл Наурыз мерекесін тойлау он күнге созылады. Әр күн символикалық мән мен ұлттық таным шеңберінде насихатталып, ұрпақ сабақтастығын орнатуға басымдық берілмек. Сондықтан қазақстандықтар Наурызнаманың алғашқы күнін Амал мерекесімен қарсы алса, 15 наурызды мейірім мезіретіне айналдырды. Қайырымдылық күні қарсаңында жақсылық пен татулыққа арналған шаралар жүзеге асып, ел мерейін көтерді.

Сыр өңірінде Қайырымдылық күні ерекше өтті. Наурыз мейрамын тойлаудың жаңартылған тұжырымдамасын іске асыру мақсатында облыс орталығындағы С.Әлжіков атындағы №144 мектепте «Жаздық жолдама» қайырымдылық жобасы ұйымдастырылды. «Қазақстан халқына» қорының мұрындық болуымен іске асқан шарада сырбойылық шәкірттерге демалыс сертификаттары табысталды.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, сертификат 20 мың оқушының жазғы каникул кезінде зияткерлік және шығармашылық демалуына мүмкіндік береді. Бұл қайырымдылық жоба оқуда үздік көрсеткішке ие және мектептің қоғамдық өміріне белсене қатысқан орта сынып оқушыларына бағытталған.

Өткен жылы аталған жоба аясында аймақтағы 600 ауыл оқушысына квота бөлініп, балалар 26 жазғы лагерьде екі апталық демалыс өткізген болатын. Биыл квота саны 1430-ға дейін артып отыр.

«Жаздық жолдама» жобасы ауылдық жердегі балалар мен жасөспірімдерді қолдауға арналған. Аталған қадам оқушы бойындағы отансүйгіштік қасиетті нығайтып, коммуникация мен көпмәдениетті ортаға бейімдеуге бағытталған. Сондай-ақ балалар лагерьде өмірлік қажетті дағдыларды игеріп, кәсіптік бағдарлаудың элементін үйренетін болады.

Айта кетейік, Қайырымдылық күні қарсаңында облыс көлемінде 21 игі іс ұйымдастырылды. Атап айтқанда, әлеуметтік осал топтағы 3000-ға жуық отбасыға азық-түлік тарату, «Ардагерлерді ардақтайық!» атты тазалық жұмысы, «Жақсылық жолымен» тақырыбында меценаттар, қайырымдылық ұйымдары мен еріктілерді марапаттау шаралары өткізілді. Бұған қоса, «Анаға тағзым» орталығында «Шарапатты Рамазан» атты ауызашар қоржыны таратылды.

Ұлы даланың ерек құндылығы бірлік, жанашырлық, жәрдемде жатыр. Наурыз мейрамына орайластырылған Қайырымдылық күнінде сырбойылық өскелең буынның қуанышқа кенелуі жан жадыратады. Жақсы істің жаңғырығы барын ескерсек, қайырымның қарымы мен қайтарымы – өскелең ұрпаққа тәуелді деген сөз. Бүгінгі қадам – жақсылықты насихаттаудың төте жолы, мейірімді дәнегін егу амалы.

Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<