Зияткер ұрпақ – ел тірегі

384

0

Аймақта Сыр елінің даңқын көтерер білімді ұрпақ өсіп келеді. Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ел Тәуелсіздігінің

30 жылдығы аясында халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба-конкурстарда топ жарған оқушылармен кездесті.

Аймақ басшысы жас ұрпақтың бойында ғылым мен білімге деген үлкен талпыныс барын, мемлекет қолдауының нәтижесінде бүгінгі буын сапалы білім алып, арнайы бағдарламалар қабылданғанын, шет­елдерде оқуға қол жеткізгенін ерекше атап өтті.

– Дана халқымызда «Қатарыңның алды бол!» деген баталы сөз бар. Бұл игі тілек жастарға ерекше рух беріп, жігерлендіру үшін үлкендеріміздің риза көңілмен айтатын сөзі. Сіздер байрақты білім бәсекесінде жеңімпаз атанып, қатарларыңның алды болдыңыздар. Ұстаздарың мен мектептеріңнің абыройын асқақ­татып, бізді де ерекше қуантып отырсыздар. Ата-бабамыз «Өсер елді білімді ұрпағынан танисың» деп бекер айтпаған. Болашақта еліміздің өсіп-өркендеуіне қызмет ететін, ата-аналарыңыздың үкілі үмітін ақтап, туған еліміздің асқақ рухын сақтайтын азаматсыздар! – деді облыс әкімі. 

Егемендіктің алғашқы жыл­дары­нан бастап елімізде сапалы білім алу үшін әлеуеті зор бағдарламалар қабылданды. Облыс әкімі  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздікті нығайту жо­лында барлық қиындықтарды еңсеріп қана қоймай, еңсесі биік Елордамызды салдырып, шека­рамызды шегендегенін, ТМД елдерінде баламасы жоқ «Болашақ» бағдарламасын қабылдап, жас­тардың шетелде білім алуына мол мүмкіндік жасағанын атап өтті.

Биыл білім саласында ерекше жаңалықтар аз емес. Облыста 8 оқушы халықаралық олимпиаданың жүлдегері атанып, 38 бала рес­публикалық олимпиада мен ғылыми жарыстарда үздіктер қа­тарынан көрінді. Ал «Бастау» республикалық олимпиадасында облыс командасы ІІІ орын иеленді. Мұнан бөлек, ауыл балаларына арналған «Мың бала» ұлттық зият­керлік олимпиадасында 99 оқушы жеңімпаз атанып, маман­дандырылған мектептерге қабыл­дануда. Сондай-ақ, IQanat олим­пиадасында үздік нәтиже көрсеткен 26 оқушы Қапшағайдағы демалыс орталығында тынығып қайтты. 4 оқушы қазіргі кезде Бурабайда орналасқан «Iqanat High сhool of Burabai» мектебінде білім алуда.

Өңірде «Елбасы медалі» жоба­сына облыстан 351 оқушы қатысып, 247 бала қола медаль иегері атанды. Ал, 54 оқушы күміс медальға, 49 оқушы алтын медальді иелену үшін бақ сынамақ.

Салтанатты шарада оқушылар аймақ басшысына өздерін толған­дырған сұрақтарын қойды. Олардың бірі мамандық таңдауға қатысты сауал қойса, енді бірі көшбасшы болу үшін қандай қасиеттер керек екенін білгісі келді.

Жүзден жүйрік оқушылардың ойын тыңдаған облыс әкімі мұнан кейін оларға арнайы «Сыр Дарыны» медалін табыстады. Сонымен бірге оқушылар мен студенттер арасында өткен дебаттық турнир жеңімпазы №3 ІТ мектеп-лицейдің бітіруші түлегі, «Алтын белгі» иегері Арайлым Жақсылыққа Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің гранты бұйырды.

Жиында республикалық олим­пиада қорытындысымен «Үздік 100 мектеп» жобасының жеңімпаздары да марапатталды.

Кездесу соңында Сыр дарын­дылары атынан мектеп оқушылары Нұрайым Пакуаддинова мен Бағдаулет Жарылқасын сөз алып, жүрекжарды тілегін, алғысын айтты.

–  Біз өз кезегімізде мәңгілік елдің мәртебесін көтерер, тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай қорғап өтер, игі бастамаларды мінсіз жүзе­ге асырар алтын ұрпақ болуға еңбек етеміз, – деді Нұрайым Пакуаддинова.

Жиында Гүлшара Әбдіқалықова Сыр өрендерінің халықаралық, рес­пуб­ликалық білім додаларындағы жеңісі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына ар­найы тарту болғанын ерекше атап өтті.

Басқосу соңында білімге ден қойған зерделі жастар «Бір үйдің баласындай» әнін қосыла шырқап тарасты.

Айдана Жұмадинова,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз