Алматы тұрғыны менингиттен қалай аман қалғанын айтып берді

421

0

Алматы тұрғыны менингит дертінен қалай аман қалғанын айтып берді. Ол тірі қалуы нағыз ғажайыптың өзі екенін жасырмайды. Бұл туралы NUR.KZ порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

32 жастағы Олеся Нам бұл дертті 15 жыл бұрын басынан өткерген. Сол кезде ол Астанада тұратын және оныншы сыныпта оқитын. Сабақ кезінде жағдайы нашарлап кеткен Олеся үйіне жете салысымен жедел жәрдем шақырады.

Жедел жәрдеммен келген жас маман бойжеткенге ангина диагнозын қояды. Сол арада қатты басы ауырған қыздың температурасы көтеріліп кеткен. Дәрігер екі укол салғаннан кейін кетіп қалады.

Түнде дене қызуы 39 градусқа дейін жеткен Олеся ауыр халге түседі. Ата-анасы жедел жәрдемге қоңырау шалғанда, олар бұл жайтты ангинаның бір белгісі деп қоя берген.

«Таңертең басымды көтере алмадым. Тас секілді ауыр болып көрінді. Білегімде, тобығымда және бөксемде бөртпе пайда болды. Бөртпенің үлкендігі бір сантиметрге жетер-жетпес. Жараның орнында тері сыпырылып түсіп қалғандай көрінеді. Оның үстіне менің мойным төрт саусақ көлеміндегі қашықтыққа иіле алмайтын болды – бұл менингиттің басты белгілерінің бірі», – дейді әйел.

Ақыры дәрігерлер келіп жетіп, оны бірден жансақтау бөліміне жатқызады. Басы қатты ауырған бойжеткен не болып жатқанын түсінетіндей күйде болмапты.

«Түнгі 12-де ес жинадым. Дәрігерлер маған мұндай ауыр менингококк түрінен аман қалуым нағыз ғажайыптың бірі екенін айтты», – дейді Олеся.

Әйел дерттен қалған тыртықтар әлі күнге дейін кетпегенін айтуда.

Еске салсақ, бұған дейін дәрігерлер Алматы жұртын дүрліктірген инфекциядан қалай қорғану керектігін айтып берген болатын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<