Ауыл медицинасының ахуалы

884

0

Облыста 25 фельдшерлік-акушерлік бекет бар. Оларда қандай медициналық көмек көрсетіледі, ауыл тұрғындары ауруды анықтау, дәрігердің кеңесін алу немесе қымбат ота жасау қажет болса, қайда барады? Аудандық аурухананың науқастарға сапалы көмек көрсетуге шамасы жете ме?  Жалпы ауыл медицинасының әлеуеті қандай? Осы сұрақтар бойынша Шиелі ауданына арнайы барған едік.

Мәселен, «Жиделіарық» ауылында мыңға жуық халық тұрады. Мұнда тұрғындарға медициналық көмек фельдшерлік-акушерлік бекетте көрсетіледі. 

– ФАБ дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Қажет болған жағдайда «Еңбекші» ауылының дәрігерлік амбулаториясына жіберіледі. Жергілікті дәрігер тұрғындарды консультациялық-диагностикалық қызмет алуға, күндізгі және тәулік бойы стационарларда емделуге және т.б. медициналық қызметтерге жібереді. Ауылдың 118 тұрғыны диспансерлік есепте тұрады. Көбінесе жүрек-қан тамырлары ауруларымен, қант диабеті, бронхитпен ауырады, – дейді Жиделіарық ауылының фельдшері Дархан Сәрсенбаев.

Науқастың жағдайын бағалағаннан кейін, жергілікті дәрігер ем тағайындайды немесе аудандық ауруханаға жібереді. Шұғыл жағдайда науқас ауруханаға жеткізіледі. Мәселен, бас миы шайқалған «Жиделіарық» ауылының тұрғыны Анар  аудандық ауруханаға түсті. 53 жастағы әйелге компьютерлік томография тағайындалды.

– Басым айналып, есімнен танып қалдым. Содан сон құсу басталды. Қазір денсаулығым жақсы, ем қабылдап жатырмын. Менде анемия бар, бірақ диспансерлік есепте тұрмаймын. Жұмыс істеймін. Енді медициналық тексеруден өтіп, әрі қарай емделемін, – дейді ол.

Айта кетейік, қазір ауыл тұрғындары КТ-ға түсу үшін бұрынғыдай облыс орталығына  сабылмайды. Өйткені құрылғы аудандық ауруханада бар әрі қолжетімді.

–    Компьютерлік томография бойынша зерттеу осы жылдың наурыз айынан жүргізілуде, қазірдің өзінде 500-ге жуық науқас тексеруден өтті. КТ тәулік бойы жұмыс істейді. КТ нәтижелерін аудандық аурухананың рентгенологі жүргізеді және КМАЖ-ге (кешенді медициналық ақпараттық жүйе) жібереді. содан кейін Қызылорда қалалық ауруханасының маманы қорытынды береді, – деп түсіндірді Шиелі аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Құрбанғалиева.

Биыл Шиелі ауданының тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 6,7 млрд теңге бөлінген.

Ауданда медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, қызмет сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар бар. Одан бөлек, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында да ауқымды істер жоспарланған.

Аудан халқына аудандық аурухана, «Бәйгеқұм» ауылдық ауруханасы, «Сұлутөбе» ауылдық ауруханасы, аудандық емхана, жалпы тәжірибелік бөлім, 19 дәрігерлік амбулатория, 13 медициналық бекет, 3 фельдшерлік- акушерлік бекет қызмет көрсетеді. Амбулаториялық-емханалық мекемелер бойынша  барлығы 196 дәрігер, 885  орта буынды медицина қызметкері жұмыс жасайды және олар медициналық қызметтің 27 түрі бойынша мамандандырылған көмек көрсетеді. 10000  адамға    шаққанда дәрігермен  қамтылу – 25,1.

ҚР Үкіметінің «Ауылдық денсаулық сақтау саласын модернизациялау»  қаулысына сәйкес биылғы ІІІ тоқсанда аурухана статусын көпбейінді ауданаралық орталық ауруханаға ауыстыру жоспарлануда. Көпбейінді ауданаралық ауруханада халыққа көмек көрсететін кардиологиялық және инсульттік орталықтар ашу көзделген.

–  «Дені сау ұлт: әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау»  ұлттық жобасы аясында  ауданаралық аурухана заманға сай жаңаратын болады. Президенттің былтырғы Жолдауында Қазақстан халқының денсаулығын сақтау, нығайту мақсатында ауыл медицинасын модернизациялау  мәселесі арнайы тапсырылған болатын.   Осы уақытқа дейін жедел миокард инфарктісі анықталған кезде коронарография  негізінде жүрек-қан тамырларының бітелуін анықтау және коронарлық тамырлардың  стентпен қалыптастыруы, жедел ми қан айналымының бұзылуы кезінде миға компьютерлік диагностика жасау, анықталған миішілік гематоманы  отамен алу қызметтері тек облыс орталығында жасалатын. Ауданаралық ауруханамыздың көпбейінді болуына  сәйкес, осы қызметтерді аудан халқы  өзімізде алады.  Былтыр жыл аяғында 181 млн 796 мың теңге тұратын КТ аппараты сатып алынып орналастырылды. Қазіргі кезде толыққанды жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ,  биылға ангиограф, эксперт класты ультрадыбыстық зерттеу, магнитті-резонансты томограф аппараттары  алынады. Бұл жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, көпбейінді аурухана статусына сәйкес құрал-жабдықтар алу, коронарография жасайтын, тамырішілік стент салатын, миішілік ота жасайтын арнайы мамандарды дайындау, қабылдау бөлімшесіндегі триаж жүйесінің жұмысын одан әрі дамыту, ребилитациялық көмекті жетілдіру, мультидисциплинарлық команда құрамын толықтыру, тағы басқа жұмыстар бар.     Көпбейінді ауруханаға айналу жоспарына сәйкес 6 төсектік  инсульттен емдеу орталығы нейрохирургия қызметімен, инфарктпен ауырған науқастарға арналып 6 төсектік шектеулі инвазивті кардиологиялық орталық (малоинвазивный кардиологический ЧКВ центр) ашылады.  Аппараттармен жұмыс жасайтын  нейрохирург, интервенциялық кардиолог, сурдолог, МРТ, КТ жазбаларын оқитын рентгенолог мамандарын оқытып алу жоспарда.  Мұның барлығы Шиелі ауданы тұрғындарына жоғары стандартты, заманауи, сапалы медициналық ем қабылдауына мүмкіндік береді, – деп атап өтті аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<