Балаға қорған болған

1018

0

Күмісбай Нұрмаханұлы өзінің 40 жылдан астам еңбек жолында облыстық аурухананың балалар хирургиясы бөлімінің меңгерушісі, бірінші санатты дәрігер, қалалық аурухананың хирургия бөлімінің хирургі, облыстық балалар ауруханасының кеңесшісі қызметтерін абыроймен атқарды. Жүрек қалауымен таңдаған мамандығына, антына адал дәрігер ретінде ұжымдастары мен пациенттерінің алғысына бөленді. Өмір мен өлім арпалысында жан аямай еңбек етіп, бар білімі мен білігін салып қаншама баланы құтқарып қалғаны бірінші өзіне, онан қалды әріптестеріне аян. Туа бітті ішкі ағзалар аномалиясы, туа біткен жамбас буын шығуы, туа біткен саусақ табан аномалиясы, қисық мойын секілді көптеген жедел әрі күрделі оталарды сәтті өткізіп, «алтын қолды» дәрігер атанды.


Сыр өңіріндегі балалар хирургиясының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан, аймақ медицинасы тарихында есімі алтын әріппен жазылатын бірегей хирург Күмісбай Ораз­бақов 80 жасқа толып отыр.


Күмісбай Нұрмаханұлы 1941 жылы 1 ақпанда Қы­зылорда қаласында дүниеге келген. 1958 жылы Сырдария ауданы «Коммунизм» совхо­зындағы орта мектепті бітірген соң Қызылорда қаласындағы медициналық училищенің фельдшерлік бөліміне оқуға түседі. Ол еңбек жолын 1960-1961 жылдары Қызылорда қа­ласындағы республикалық психоневрологиялық ауру­ха­нада бастайды. 1964 жы­лы әскери борышын өтеп келгеннен кейін Алматы ме­дициналық институтында бі­­лім алады. 1970 жылы ту­ған жерге оралып, облыс­тық аурухананың хирур­гия бө­ліміне балалар хирургі ретінде жұмысқа қабылда­нады. 1971 жылы Шымкент облыстық ауруханасында ба­лалар хирургиясы бойынша интернатурадан өтеді.


Күмісбай Оразбақов өзі таңдаған хирургия саласының қыр-сырына үңіліп, оны зерт­теуден, кәсіби біліктілігін арт­тырудан жалыққан емес. Осы мақсатта ол Мәскеу, Ле­нинград, Қазан, Ново­кузнецк қалаларында ішкі ағза хирургиясы, жаңа туған нәрестелер хирургиясы, ба­ла­ларда кенеттен бола­тын аурулар, жарақат кезін­дегі жедел көмек және күтімі бо­йынша біліктілік курста­рынан өтті. Білікті хирург, майталман маманның еңбегі, өткен жолы, жасаған оталары кейінгі жас дәрігерлерге үлгі-өнеге. Ол облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Құрмет» гра­мотасымен, басқа да көптеген марапаттармен ма­ра­патталған.


Күмісбай Нұрмаханұлы – білікті дәрігер ғана емес, сонымен бірге отба­сында үл­гілі әке, немере-шөбе­реле­рінің сүйікті атасы атанып отырған бақытты қария. Ол мыңдаған жас жеткіншектің өмірін құтқарушы ретінде ата-аналардың да, айналасын­дағылардың да алғысын ал­ған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<