Бүгін Халықаралық эпилепсияға қарсы күрес күні

680

0

Бұл күн жыл сайын ақпанның екінші дүйсенбісінде атап өтіледі. Ол ең алғаш 2009 жылы Польшада Эпилепсимен ауыратындар күні ретінде атап өтілді. 2015 жылы ол Халықаралық дәреже алды.

Эпилепсия кең таралған жүйке-психикалық сырқаттардың бірі болып табылады. Онымен ауыратындардың жас мөлшері де әртүрлі. Негізінен ерте жастағы балалар мен 65 жастан асқан қарттар үшін аталған дертке шалдығу қаупі жоғары. Пациенттердің 65 пайызы эпилепсияға бала кезінде немесе жасөспірім шағында шалдығады. Сондықтан да бұл педиатриялық неврологиядағы негізгі сырқаттардың бірі болып саналады. Жалпы, неврологиялық сырқаттарға шалдығу құрылымында эпилепсия мен қалшылдау синдромы үшінші орын иеленеді екен (19,9%).

ТМД елдерінде бұл дертке 3 млн жуық адам шалдыққан. Еуропада эпилепсия тырнағына іліккен 6 млн адамның 2 млн жуығы балалар. Ал, әлем бойынша эпилептиктер саны 65 милионнан асады. Дүниежүзі халқының 5% өмірде кем дегенде бір рет талмасы ұстаса, сырқаттардың 20-30% аурумен өмір бойы алысуға мәжбүр. ДДСҰ Сараптама комитетінің мәліметінше, әлемде эпилепсияға шалдыққан сырқаттардың 75% астамының тиісті деңгейде лайықты ем қабылдауға мүмкіндігі жоқ. Эпилепсия адам қасіретімен ғана шектеліп қоймайды. Оны емдеу де қомақты қаржыны қажет етеді. Мұндай науқастарды емдегенде емдеу тәсілін ұзақ уақыт іріктеу, жиі-жиі ауруханаға жатқызу, кей жағдайларда хирургиялық ем қолдану керек. Мұндай сырқаттар ерекше күтімді талап ететіндіктен отбасында кем дегенде бір адамның жұмысқа шығуына мүмкіндік болмайды.

Шығынға келер болсақ, оның басым бөлігі, яғни 68 пайызы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалады. Екінші орында стационарда көрсетілетін медициналық қызмет шығындары тұр (24%). Эпилепсияның дәрі-дәрмектерге төзімді (фармакорезистентті) түрлерімен емдеу өте көп ресурсты қажет етеді.

Бүгін медициналық ұйымдар ауру түрі туралы халықты хабардар ету және алғашқы көмек көрсетуге үйрету мақсатында түрлі акциялар өткізеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<