COVID-19: Ықтимал екінші толқынға аудандар дайындығы қалай?

608

0

Коронавирус ырыққа көнер емес. Мәселен, әлемде індет жұқтырғандар саны 64,4 миллионнан асса, 1 млн 490 мың адам қайтыс болған. 41,4 миллионы аурудан айыққан.  Ал елімізде 2 желтоқсандағы жағдай бойынша 769 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды.  «Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында індетке шалдыққандар көрсеткіші жоғары», – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қыз­меті.

Біздің өңірде 2 адам тіркелді. Байқап отырға­ны­мыз­дай, бүкіл әлем өте күрделі ахуалды бас­тан өт­керуде. Осы орайда елі­мізде де, соның ішінде аймақта да пандемияның екінші тол­қы­нына дайындық жұмыс­тары қатаң жүргізілуде. Бол­жамды екінші толқынға да­йындық бары­сында облыс әкімінің бақы­лауымен қажетті жұ­мыстар атқарылуда. Осы орайда аудандар дайындығына тоқ­талсақ.

Мәселен, Жалағаш ауданы бойынша қазіргі кезге дейін инфекция жұқтырған 116 науқас тіркеліп, оның 114-і, яғни 98,2 проценті емделіп шыққан. Эпид­ахуал күрделенген жағдайда «Ақтерек» жазғы лагерінде-50, Мәдениет ауылдық ауруханасында – 100, барлығы 150 қосымша инфекциялық орын жасақталады деп жос­парлануда. Сондай-ақ бол­жамды екінші толқын басталған жағдайда індетке қарсы күреске аудан бойынша 25 дәрігер, 140 орта буын қызметкері мен 20 кіші аяжан жұмылдырылмақ.

–    Аурухана бойынша 10 дана өкпені жасанды желдету аппараты бар. Оның үшеуі инфекция бөлімшесіне, алтауы орталық аурухананың реанимация бөлімшесіне, біреуі перзентханаға орналас­тырылған. 2 дана рентген аппараты, тағы 2 дана флюорограф аппараты бар. Бұдан бөлек, 44 дана оттегі концентраторы, 40 дана оттегі балонымен және 144 дана пульсоксиметр, 54 бесконтактный термометрмен, басқа да қажетті арнайы құралдармен жабдықталған. ТМКК және МӘМС жүйесі шеңберінде дәрі-дәрмек қоры­мен толықтай қамтамасыз етілуде. Қазіргі кезде 39 млн теңгенің дәрі-дәрмек қоры бар. Тағы 3,5 млн теңгеге тапсырыс берілді. Қорғаныш құралдары да жеткілікті. Оның ішінде обаға қарсы бір реттік костюмнің 1900 данасы, көп реттік костюмнің 180 данасы бар.  4 млн теңгені құрайтын бір реттік медициналық бұ­йымдар қоры жасақталды. 7 мобильді топ құрылды. Топ құрамында бір аймақтық жалпы тәжірибелі дәрігер, бір аймақтық жалпы тәжірибелі мейірбике және жүргізуші бекітілген, – дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Баян Борамбаева.

Сырдария аудандық ауруханасында қазан айынан бастап қабылдау бөлімшесіне шұғыл түскен соматикалық науқастар үшін  15 төсектік фильтр палатасы ашылса, жұқпалы аурулар бөлімшесінен дене қызуы көтерілген және тұмау белгілерімен түскен науқастар үшін 10 төсектік  оқшаулау орны ашылған. Сонымен бірге емхананың фильтр кабинетінде ересектерге, жүкті әйелдерге және балаларға арналған оқшаулау орыны бар.  Аурухана бас дәрігері Нұржамал Мырзағалиеваның ай­туынша, бөлімшелер мамандармен және жеке қорғаныш құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта ауданда орналасқан облыстық фтизиопульмонология орталығы бөлімшесінің бос  ғимаратынан инфекциялық 100 төсек-орын ашу жоспарланып отыр.

– Ауруханада індеттің алдын алу мақсатында пайдаланылатын 10 түрлі қор­ға­ныш заттарының қоры бар. Қосымша бірыңғай дистрибьютор СК-Фармация арқылы тағы 10 түрлі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға тапсырыс берілді. Онан бөлек мамандарды арнайы курстарда оқыту жолға қойылды. Мәселен, «COVID-19: диагностикалау мен емдеу» тақырыбы бойынша 45 дәрігер оқытылса, тағы 26 маманды біліктілік арттыру курсынан өткізу жоспарлануда. Сонымен бірге «ПЦР диагностикасы» тақырыбы бойынша да 60 орта буын медицина қызметкері оқытылды. Аудан бо­йынша медицина қызмет­кер­лерінен жасақталған 10 мобильді топ тұрғындарға қызмет көрсетуде, – дейді аудандық аурухана бас дәрігері Нұржамал Мырзағалиева.

Естеріңізде болса, корона­вирус жұқтырған ал­ғаш­қы науқас 28 наурыз күні Жаңа­қорған ауданында тіркелген болатын. Осыған байланыс­ты ауданда шұғыл түрде каран­тиндік шаралар енгізіліп, аурухана төсек қоры қайта жасақталған еді.  Қосымша 25 төсекке кеңейтіліп, жалпы төсек қоры 225-ке жеткізілді. Онан бөлек, «Жаңақорған санаторийі» ғимаратынан 200 төсекке арналған карантиндік стационар жұмыс істеді. Аудан көлеміне қойылған блок бекеттерде 45 медицина қызметкері ауруды ерте анықтау жұмысымен айналыс­ты. Маусым айында эпидахуал күрделеніп, аурухананың балалар бөлімшесінен 30 төсек фильтр бөлімшесі ұйым­­дастырылды. Бір­қатар прови­­зорлық стационарлар ашылды. Жалпы аудан бо­йынша 397 дәлелденген коронавирус инфекциясы тіркелсе, карантиндік кезеңде вирусты пневмониямен 801 науқас анықталды.

– Тәжірибе көрсет­кен­дей, қазіргі уақытта індеттің бол­жам­ды екінші толқынына да­йын­дық жұмыстары жан-жақ­ты жүргізілуде. Инфек­ция бөлі­мі­нен 40 төсек, провизорлық ста­ционарға 80 төсек, емхана филиалы ғима­ратынан прови­зорлық стационарға 120 орын, барлығы 240 төсек-орын дайындалды. Емдеуге қажетті дәрі-дәрмек, жеке қорғаныш құрал­дары, медициналық бұ­йым­дар, залалсыздандыру сұ­йық­тықтары жеткілікті дең­гейде алынды. Аурухананың материалдық-техникалық базасы да нығайтылды. Атап айтқанда, қазіргі уақытта өкпені жасанды желдету аппараты 19-ға жеткізілді. Гуманитарлық көмек арқылы 54 дана оттегі концентраторы, 10 дана пульсоксиметр берілді. Бұдан бөлек, «ҚазГерМұнай» ЖШС аса ауыр жағдайда жатқан науқастарға арналған жылжымалы рентген қондырғысын тарту етті. Жалпы аурудың алдын алу, ерте анықтау мақсатында бірқатар шаралар атқарылуда, – деді ендігі кезекте Жаңақорған ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Яхия Шорабаев.

Шиелі ауданында да пан­демияның алғаш­қы ке­зеңінде  індет жұқтыр­ған­дардың көптеп шығуы күрделі сипат алған еді. Тіпті тұтас бір ауылды карантинге жауып, оқшаулап тастағаны да күні бүгінгідей көз алдымызда.  Алғаш науқас анықталған 31 наурыздан бастап  302 адам тіркелсе, оның 296-сы ауруынан айығып шыққан,  4-еуі қайтыс болған. Осындай күрделі жағдайға жол бермеу үшін мамандар болжамды екінші толқынға жан-жақты дайындалуда. Бұрынғы үш этажды ғимарат, терапия, тері-венерологиялық, қалпына келтіру, әкімшілік бөлімдерінің ғимараты сал­қын мезгілде науқастар жатып ем алатындай жағдайға келтірілген. Ауруханада 140 төсек-орын да­йын­далған. Қажетті дәрі-дәрмек қоры, қорғаныш құралдары, меди­циналық бұйымдар алынған.  Аудандық аурухана бас дәрігері Нұрлан Әмірдің ай­туынша, қазір мұнда 17 өкпені жасанды желдету аппараты, 32 оттегі концентраторы бар. Қажет болған жағдайда бұл құрылғыларды көбейтуге мүмкіндік бар. Індетпен күреске 292 медицина қызметкері тартылады деп  жоспарланған. Мұнан бөлек, аурудың алдын алу, ерте анықтау мақсатында да бірқатар шаралар қабылданып отыр.

Қауіпті індетпен күреске өзге де аудандық денсаулық сақтау мекемелері батыл кіріскен. Әрине, «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дейді халық нақылы. Олай болса, әрбір адам өзінің әрі отбасы, ағайын-туыс, ұжымының, әрбірден соң тұтас қоғамның жауапкершілігін арқалағандай болып жүрген қазіргідей уақытта сақтыққа барынша саналы түрде қарағаны абзал. Себебі, жұқпалы індет ешкімді аямайтынын кешегі жаз көрсетіп берді. Қысқасы, жақыныңа жанашыр бол.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз