ДСҰ толық бас тартуға шақырды

287

0

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы азық-түлік өндіруші компанияларды 2023 жылға қарай май қышқылының трансизомерлерін пайдаланудан толықтай бас тартуға шақырды.

Ұйымның бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус: «Бүкіл әлем COVID-19 індетімен күресіп жатқан кезде біз халық­тың денсаулығын қорғауға бар күшімізді салуымыз керек. Бұл қатарда инфекциялық емес аурулардың алдын алуда бар», деп мәлімдеді.

ДСҰ-ның деректері бо­йынша өнеркәсіпте трансмайларды қолдану жыл са­йын жарты миллионға жуық адамның өліміне себеп болады екен. Себебі трансмайлар жүрек-қан тамырлары ауруын қоздыратыны медицинада дәлелденген. Сол себепті бүгінгі таңда әлемнің 58 мемлекеті 2021 жылы өз территориясында адамдарды трансмайлардан қорғау туралы арнайы заң да шығарған. Алайда ДСҰ азық-түлік өндірісінде трансмай қолданатын 100 елдегі жағдайға алаңдап отыр. Азаматтарының зиянсыз азық-түлік тұтынуына жеткілікті жағдай жасамай отырған елдердің қатарында Әзербайжан, Бангладеш, Бутан, Мысыр, Үндістан, Иран, Мексика, Непал, Пәкістан және Эквадор сынды елдер бар.

Бір айта кетерлігі, халқының трансмайды аз тұтынуына жағ­дай жасаған елдердің бәрінде тұр­ғындардың жан басына шақ­қан­дағы табыс мөлшері жоғары екен. Жан басына шақ­қан­дағы табысы аз елдердің бірде-бірі әлі күнге олардан үлгі алмап­ты.

2018 жылы ДСҰ REPLACE бағдарламасын қолға алған-ды, соның аясында трансизомерлерден түпкілікті бас тарту көзделіп отыр. Табиғи трансизомерлер, яғни трансмай­лар ет, сүт тағамдарында аз мөл­шер­де кездесетінін айта кету керек. Ал маргарин, чипсі сынды тағамдардың құрамында өте көп.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз