Екпе балаларға салына ма?

522

0

9 маусымдағы мәлімет бойынша елімізде вакцинаның I компонентін 2326487 адам салдырса, II компонентін 1240391 адам алған. Десе де, мамандардың айтуынша, бізде  вакциналау көрсеткіші әлі де төмен. Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындардың кемі 60-70 проценті коронавирусқа қарсы екпе алғанда ғана қалыпты өмірге келетінімізді айтуда.

Біз осылай асықпай, «екпе аламын, алмаймын» деп екі­ұдай ойда жүргенде өзге елдер ересектерді қойып, ба­ла­ларға екпе салу жайын қарастыруда.

Мәселен, Қытай «Sinovak» фирмасының COVID-19 вирусына қарсы шығарған Corona Vak вакцинасын 3-17 жас аралығындағы балаларға қолдануға рұқсат берді. Бұл туралы өндіруші фирма төрағасы Инь Вэйдун мәлімдеген. 

«Global Times» басылымы аталған вакцинаны 3-17 жас аралығындағы ба­ла­ларға шұғыл қолдану ма­құл­­данғанын, бірақ вакцина қандай жағдайда са­лынады және қай жастан бас­тап қолданылатыны әлі ше­шілмегенін жазды.

Аталған компания жо­ға­рыдағы жас аралы­ғын­дағыларға клиникалық сынақ­тардың І және ІІ кезеңін аяқта­ған. Оған бірнеше жүз­деген ерікті қатысқан. Сынақ қорытындысы вакци­наның қауіпсіз әрі тиімді екенін көрсеткен. Маусым айы­ның басында Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымы атал­ған компанияның корона­ви­русқа қарсы шығарған вак­цинасының қолданылуын мақұл­дады.

Ал Франция үкіметі 15 мау­сымнан бастап 12-ден 18 жасқа дейінгі балалар коро­навирусқа қарсы вакцина ала алатынын жария етті.

Ел президенті Эмма­нуэль Макрон жасөспірімдерді вак­циналау туралы шешім қа­был­дағанын қорғаныс ке­­ңе­сінің отырысы кезінде мә­лім­­­деді. «15 маусымға қа­рай біз 30 млн адамға екпе егеміз. Сон­дықтан да 15 маусымнан бастап жас­өс­пірімдерді вакциналау туралы шешім қабылдадық» деді ол.

Э. Макрон ересектердің 50 проценті вакцинаның алғашқы дозасын алғанын айтты. Бірақ елдің кейбір бөлігінде вирустың бұрынғыша таралып жатқанын айтып, француздарды сақ болуға шақырды.

Германия бұған дейін Pfizer/BioNTech ­вакцинасы осы жас тобы бойын­ша Еуропалық дәрі-дәрмектер агенттігінің (ЕМА) мақұл­дауын алған жағдайда, 7 мау­сымнан бастап 12 жастан асқан балалар мен ересектерге вакцина егетінін мәлімдеген. Өткен аптада Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігі 12 жастан 15 жасқа дейінгі балаларға вакцинаның қауіпсіз екенін хабарлады. Осылайша Pfizer осы жас санатына мақұлданған алғашқы вакцина болып отыр.

Еуропалық комиссия да коронавирусқа қарсы бұл вакцинаны 12 және одан үл­кен жастағы балаларға пай­далануға келісімін берді.

Бельгия Денсаулық сақтау жоғарғы кеңесі 16-17 жастағы жастарға 20 мамырдан бас­тап вирусқа қарсы вакцина салдыруға кеңес берді.

Коронавирус алғаш пайда болған кезде ДДСҰ «балалар бұл дертке шал­дық­пайды» деп ата-аналарды тыныштандырған болатын. Бірақ биыл мәселе біз ойла­ған­нан да күрделі болып шықты. Балалар ересектер сияқты бұл ауруды жұқтыруда. Бірақ көбінесе індет балаларда белгі-нышансыз, жасырын жағдайда өтеді. Мамандардың айт­уынша, Covid-19 індетімен ауырған балаларда түрлі асқы­нулар пайда болады екен.

Біздің елімізде де балалар арасында індет жұқтыру белең алып отыр. Мәселен, Алматы облысында бір тәулікте 54 адамнан коронавирус анық­талса, оның 13-і – 14 жасқа дейінгі бала.  Батыс Қазақстан облысында 25 мамырдан бері жазғы мектепте оқитын 20 оқушыдан коронавирус табылған. Жалпы, бұл аймақта оқу жылы басталғаннан бері барлығы 1303 оқушыдан ауру анықталған.

Ал, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек,  біздің өңірде жыл басынан бері 14 жасқа дейінгі балалар арасында індет жұқтырудың 575 жағдайы тіркелген.

Індетке қарсы екпе салу басталған кезде Денсаулық сақтау министрлігі: «18 жасқа толмаған балалар мен 65 жастан асқан адамдарға вакци­наның тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы мәлі­мет жоқ, сондықтан бұл жас­­тағыларға екпе салынбайды» деп хабарлаған болатын. Қазіргі кезде 65 жастан асқандар арасында  ерікті түрде вакцина салдырамын деушілерге шектеу болып жатқан жоқ.  Ал 18 жасқа дейінгі балаларға екпе салу қаралмаған.  Оның себебін мамандар біздегі қолданыстағы  вакциналардың жасөспірімдерге пайдалануға рұқсатының  болмауымен ­тү­сін­діреді.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз