Індет күш алып кетті

737

0

Тұтас әлемді дүрліктірген COVID-19 вирусымен жаппай күрес жүруде. Бірер күн бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус пандемия­ны бірнеше айдың ішінде бақылауға алу үшін арнайы құралдар пайдаланылатынын айтты.

Сонымен бірге маман бүкіл әлемде вирустың 25-59 жас аралығындағы адамдар арасында таралуының қауіпті қарқыны барын жасырмады. Қазір әлемде инфекцияға шалдығу қарқыны сегізінші апта қатарынан өсуде. Біздегі ахуал да алаңдатарлық, көрсеткіш көңіл көншітпейді.

Елімізде 38997 адам коронавирус инфекциясынан емделуде, олардың ішінде 13836 пациент стационарда, 25161 науқас ам­бу­латориялық деңгейде емін жал­ғастырып жатыр деген дерек бар. Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында коронавируспен реанимацияда жатқан науқастардың  көптігін алға тартты. «Күнделікті мониторингке сәйкес, өңірлер шегіндегі бос емес төсек-орындар саны республика бойынша инфекциялық төсек-орындардың 41, ал реанимациялық төсек-орындардың 27 процентін құрайды» деді министр.

Үкімет басшысы Асқар Мамин де жағдай күрделі, бірақ бақылауда екенін баса айтты. Осыған байланыс­ты Премьер-Министр бірқатар тапсырма берді. Әкімдіктер Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктерімен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мобильді мониторингтеу топтарының белсенді қатысуымен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауын қамтамасыз етуі керектігіне тоқталды. Халықты, әсіресе қамтылуы төмен өңірлерде вакцинациялауды күшейту, сәуір айының соңына дейін және ай сайын 2 млн адамды вакцинамен қамтамасыз ету жөніндегі жос­парды нақты орындау керек.

Қазір өңірлерде індетпен күрес күшейтілген. Дегенмен, кеше тағы екі облыс «қызыл аймаққа» ауыс­ты. Оның ішінде Қызылорда да бар. Облыстық санитарлық-эпиде­мио­­ло­­гия­лық бақылау депар­таменті осыған дейін COVID-19 инфек­ция­сы­ның 4890 дерегі есепке алын­ғанын мәлімдеп отыр. Жыл басынан бері 1498 жағдай анықталса, соның 846-сы сәуір айының 20 күнінде тіркелген. Өткен тәулікте ауру жұқтырудың тағы 47 жаңа жағ­дайы есепке алынды. Еліміздің бас мемлекеттік санитариялық дәрі­герінің 25 наурыздағы №12 қаулы­сына сәйкес, шектеу шараларын қатаңдату эпидемиологиялық жағ­дай күрделенген жағдайда 5 күн ішінде жүргізіледі. Бұл ретте облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қөзге көрінбейтін тажалдың кез келген сәтте қатер төндіретінін ұмытпауға шақырып, үндеу жариялады.

– Жергілікті мекемелердің, халық­қа қызмет көрсету орын­дарының басшылары вирус тез тарайтын, адамдар тығыз жиналатын орындарда, ғимараттарда халықтың сапырылысын реттегені жөн. Денсаулық алдымен өзімізге керек. Сондықтан, әрбір адам өзіне ғана емес, отбасына, туған-туысына, айналасындағы адамдарға зиян тигізбеуі тиіс. Той-томалақ, ас беру, басқа да көпшілік жиындарды жақсы күндерге қал­дырайық. Денсаулық бәрінен қым­бат екенін ұмытпағанымыз жөн. Қым­батты жерлестер, қауіпті індеттің ұзаққа созылмасы үшін қарапайым қағидаттарды ескеріп, өзімізге асқан жауапкершілікпен қарап, карантин талабына бағынуға шақырамын, – деп жазды аймақ басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Шынында, халық босаңсыған тұста кесел қайта күшіне мінді. Оның үстіне облыста коронавирустың балалар арасында кең етек жайғаны  алаңдатады. Жыл басынан бері 14 жасқа дейінгілер арасында 345 бала қатерлі індетке шалдыққан. Ал, былтыр 213 жағдай тіркелген болатын. Эпидемиологиялық зерттеу нәтижесі көрсеткендей, өткен жылы балалар арасында COVID-19-дың симптомсыз түрі анықталған болса, бүгінде дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, құрғақ жөтел сияқты клиникалық бел­гілер тіркелуде. Облыстық сани­­тариялық-эпидемиологиялық бақы­лау департаментінің мамандары биыл 238 мектеп оқушысы вирус жұқ­тырғанын мәлімдеді. Көр­сет­кіштер бойынша 16 сәуірде 37 оқу­шы ауруға шалдыққан. 14, 15 сәуір күндері 19 жағдай кездескен. Барлық ауру ошағында індетке қарсы залалсыздандыру, профилактикалық шаралар жүргізілді. Жақын қарым-қатынаста болғандардың барлығы 14 күнге ме­дициналық бақылауға алынып, ауру тіркелген сыныптар карантинге жабылған.

Індетпен күрес оңайға соқпай тұр, жоспарлы вакциналау жұмыстары жал­ғасуда. Мәліметтерге сүйенсек, облыс бойынша 1-19 сәуір күндері аралығында 20627 тұрғынға COVID-19 жұқпасына қарсы екпе жасалған. Екпе алған тұрғындар дәрігерлер бақылауында, мамандар олардың денсаулық  жағдайына  шағым жоқ екенін айтады. Дәріханаларда да ха­лық­тың қажеттілігін қамтамасыз ете­тетін әрі кеселге қарсы дәрілік заттар қоры жеткілікті. Тағы бір жаңалық, биыл Covid-ке қарсы пре­параттардың бағасы 27 процентке төмендеді. Ол қалтаға былтырғыдай салмақ салмайтын болады. Дәрі бағамын қалыпты ұстау үшін арнайы мониторингтік топ жұмысын жалғастырмақ. Ал, тұрғындар тарапынан тек сақтық пен қауіпсіздік қажет.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<