Коронавирус күшейіп келеді

756

0

Ғаламның ортақ проблемасына айналған COVID – 19 пандемиясы қайта күшеюде. Індет ілмегіне іліккендер көбейіп, коронавирустың зертханалық расталған деректері күн санап артып келеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтіп, облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов облыстағы эпидахуал және болжамды екінші толқынға дайындық жұмыстары туралы айтты.

Қазір еліміздің бірнеше облысы қауіпті – «қызыл» және өте қауіптілікке жақын ескерту – «сары» аймаққа еніп отыр. Бұл соңғы кезде еліміздегі эпидахуалдың бір­шама күрделене бастағанын білдіреді.

–        Пнев­монияның кө­беюі байқалады және бір­неше адамның өз үйінде емделіп, ауруын асқын­дырып, жансақтау бөлі­міне түсуі бізді қатты алаңдатып отыр. Күн сал­қын­дауына байланысты тұмау белгілері де артуда. Сон­дықтан әр азамат аурудың белгілері білінгенде үйде ем қабылдамай, бірден емханаға, дәрігерге хабарласуын сұ­раймыз. Мемлекет басшы­сының індеттің жаппай та­ралуының алдын алуға қа­тысты тапсырмаларына байла­­нысты облыс әкімінің бақылауымен арнайы іс-шара­лар қабылданып, жұмыс жүргізілуде, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жыл басында тапшылығы байқалған өкпені жел­дету аппараттары бүгінде 244-ке жеткізілген. Тыныс алу жолдары ауруларының кө­беюі кезінде оттегіні жыл­дам жет­кізудің өте маңыз­ды екені белгілі. Ал­дағы уақытта «Петро­Қазақ­стан» компаниясының демеу­ші­лі­гі­мен Қазалы ауда­нында оттегі станциясы салы­натын болады. Осы станциядан Арал және Қармақшы аудан­дарын, Байқоңыр қаласын оттегімен қамтамасыз ете алады. Екінші оттегі стан­циясы «ҚазГермұнай» ком­паниясының демеушілігімен Көпбейінді облыстық ауру­ханасы базасынан бой кө­тереді. Бұл қала аума­ғын­дағы ауруханаларды және Сырдария, Жалағаш аудандарын қамтамасыз етеді.

Қысылтаяң уақыт тақап, әр минут маңызды болатын уақытта жедел жәрдем қыз­метінің жылдам жетуіне автокөліктерінің техникалық жағдайы әсер ететіні сөзсіз.  Облыста 79 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейтін болса, оның жартысынан астамының тозығы жеткен болатын. Облыс әкімінің қолдауымен бейсенбі күні лизинг арқылы 40 санитарлық автокөлік облысқа жеткізіліп, облыс көлеміне таратылды. Сонымен қатар, «Аралтұз» АҚ демеушілігімен екі арнайы автокөлік сыйға тартылды.

Жиын барысында облыс­тық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Сәбит Пазылов тілшілер сауалына жауап берді.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<