Медбике мейірімі

1309

0

Ақ халатты жандардың жұмысы үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Олардың адамдарға сүйіспеншілікпен қарауы да маңызды. Медбикелер – шеберлік пен білімді ұштастырған, науқас жанға жан-жақты күтім жасайтын, тиянақты ем-шарасымен бірге жылы сөзімен жағымды көңіл-күй сыйлап, аурудан тез айығуына ықпал ететін кішіпейіл де мейірімді жандар. Бүгінгі медбикелерді тек дәрігер айтқанының орындаушысы ғана деп түсінуге болмайды. Олардың міндеті ауқымды. Дәрігер алдына келген науқастың қабылдауға дейінгі барлық жұмысын тап-тұйнақтай етіп және одан кейінгі сан түрлі шаруаны атқаратын да осылар.

Ғалия Тоқмағанбетованың медицина саласында тер төккеніне 30 жылдан астам уақыт болыпты. Еңбек жолын Сырдария аудандық ауруханасында  бастайды. 1992-2004 жылдары аудандық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде жұмыс істеді. 2004-2005 жылдар аралығында Елордада теміржол ауруханасының терапия бөлімінде еңбек етті. Ал 2005 жылдың қазан айынан күні бүгінге дейін қалалық №4 емханада жоғары санатты мейірбике.

– Мейірбике болу үшін ең бірінші сабырлылық, адамға деген жанашырлық қасиеттер керек. Әсіресе балаларға жылы шырай танытып, оған деген ыстық ықыласыңды шынайы жеткізе алуың қажет. Мен – балалар хирургия кабинетінің мейірбикесімін. Бізге 15 жасқа дейінгі балалар қаралады. Бірі отадан кейін жарақатын таңдыруға келсе, енді бірін үлкен қалаларға отаға дайындап жібереміз.  Балалар арасында әсіресе ойнап жүріп, қолын не аяғын сындырып келетіндер көп. Сондай-ақ, жарық (грыжа), киста сияқты белгілері бар жеткіншектер жиі жүгінеді, – дейді Ғалия Жақаншақызы.

Бұл отбасын дәрігерлер династиясы деуге болады. Үлкен қызы Гүлжайна медицина саласында еңбек етсе, кіші қызы Гүлдана  мен күйеубаласы Абылайхан да дәрігер болуды қалапты. Қайын ененің топырағынан дегендей, келіні Айдана да мейірбике болып жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда, облыстың денсаулық сақтау саласының дамуына отбасымен бірге үлес қосуда.

Ұлдың үлкені Мұқан әскери қызметте болса, кенжесі Нұрхан биыл 11 сыныпқа өткен. Осы балалардың барлығын жолдасы Абай Өтегеновпен бірге тең жүріп жетілдірді. Отағасы ауған соғысының ардагері, көп жыл Тасбөгет автобазасында жүргізуші болып еңбек еткен.

Баланы алдай алмайсың. Сондықтан өзі ана, немере сүйіп отырған әже кішкентайлармен қалай тез сөйлесуді біледі. «Баламен бала болып сөйлескенде ғана тез ұғынысып кетуге болады. Олар шынайылық пен өтіріктің арасын бірден ажыратады» дейді мейірімді жан.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<