Мейірбан жүректі медбике

1361

0

Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, айналадағы адамдардың  қадір-қасиетіне, жан-дүниесіне, көңіл-күйіне терең мән бермейтініміз ащы шындық. Сондықтан болар, қазіргідей қиын шақта сырқатыңыз сыр бергенде бейнебір кісілердің бәрі сырт айналып, өзіңізді жалғыз қалғандай сезінесіз. Бірақ осындай сәтте құрақ ұшып, көмек беретін, жан жылуын аямай асқан қамқорлықпен ерекше ықыласпен қарайтын мейірман медбикелерді көргенде, қызметіне көңіл толғанда, өмірге көзқарасыңыз өзгеріп, құштарлық пен сенім артады.

Әрдайым өз міндетіне сергек қарап, тұрғындардың алғысына бөленіп, мерей-мәртебесі биік болып жүрген осындай жандардың бірі – Зағипа Сақта­ғанқызы Есжанова. Ол отыз жылға жуық уақыттан бері Шаған ауыл­дық ауруханасында медбике болып еңбек етіп келеді. Халыққа қалт­қысыз қызмет көрсететін, ашық мінезді, ақжарқын, елгезек те қара­пайым жанды ауылдастары да үнемі құрмет тұтады. Жылы сөзімен де, ем-домымен де шипа бола білген Зағипаға үнемі алғыстарын жаудырып жатады.

Сонау 1990 жылдың қиын кезеңдерінен бері ол әріптестерімен бірге тұрғындардың денсаулығын сақтауға өз үлесін қосып келеді. Шаған ауруханасында ол кезде хирургия, терапия, перзентхана және балалар бөлімдері бар болатын. Бұған қоса жақын орналасқан Н.Ілиясов, Шіркейлі, Ақжарма, Іңкәрдария елді мекендерінің  тұрғындары да осы ауруханада емделетін. Күндіз-түні зыр жүгіріп, елпең қағып әр науқастың тілін табатын Зағипаға әріптестері де дән риза. Қазір Шаған ауылында 5 мыңнан астам тұрғын бар. 75 орындық ауруханада қарбаласқа толы қызу еңбек күн сайын қайталанатын. Осы қайнаған жұмыстардың ортасында жүріп, Зағипа тәжірибе жинақтады. Бүгінде ол жоғары категориялы маманға айналды. Ерен еңбегі бағаланып, талай мәрте Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен қатар басқа да марапаттарды иеленді.

– Үлкенді де, кішіні де биязы мінезімен, ақжарқын күлкісімен, жылы сөзімен баурап алатын Зағипа апайға еліктейміз, – дейді, оның әріптесі әрі шәкірті Ләйла Нәжіматқызы. Сол кісіден көп нәрсе үйреніп, кейінгі жас толқын біз де елге танылып қалдық.

Күні кешегі аты жаман ауру өршіген тұста Шаған ауруханасында да тынымсыз әрі ұйқысыз  күндер мен түндер өтті. Қолдан келер алғашқы көмекті көрсеткен ақ халатты абзал жандар сырқаттарды аудан мен облыс орталықтарына аттандырумен болды. Бүгінгі күні де солай. Толассыз қызмет тоқтап қалған жоқ. Халық көңілінен шығу үшін еңбек етіп жатқан аурухана қызметкерлеріне ел алғысы әрдайым шексіз.

– Күндізгі стационар ретінде тұрғындар денсаулығын сақтау үшін тиімді де сапалы қызмет көрсетудеміз, – дейді Зағипа Есжанова. – Әрине сырқат кісілердің азайып, денсаулық сақтау ісінің жақсарғаны қуантады. Бірақ әлі де қауіп күшті, аты жаман аурудың қайтып келмесіне кім кепіл? Сондықтан алдағы күндерге дайындықты күшейтудеміз. Қолдан келген көмекті елге көрсете бермекпіз.

Иә, жүрегі жомарт, көңілі дария, елге сөзімен де, ісімен де шипа бола білген Зағипа Сақтағанқызының ал­дағы уақытта да абыройы асқақтап, ел үшін ерен еңбек ете беретініне сенім мол.

Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ,

Сырдария ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<