ҚОҒАМҒА ҚАЖЕТТІ АКЦИЯ

324

0

Жалпы өлім-жітімнің 52 процентін құрайтын жүрек-қан тамыры аурулары әлемнің көптеген дамыған елдеріндегі басты проблеманың біріне айналып отыр. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын әлем бойынша 17,5 млн адам жүрек-қан тамырлары ауруларынан көз жұмады екен. Мамандар, әсіресе, соңғы жылдары инфаркт пен инсульттен болатын өлім тым жиілеп кеткенін айтып, дабыл қағуда.

Осы орайда қала орталығындағы А.Тоқмағанбетов атындағы мәде­ниет үйі алаңында «Қызыл түске киін!» ұранымен акция өтті.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру және қанайналым жүйесі ауруларының алдын алу жөніндегі «2018-2021 жыл­дарға арналған облыстық іс-шара­лар жоспары» аясында алғаш рет өткізілген шараның ұйым­дастырушылары – облыстық ден­саулық сақтау басқармасы мен жастар денсаулығы орталығы.  Акция аймаққа танымал әйелдердің (әнші, спортшы, дәрігер, саясаткер, т.б) қатысуымен өткізілді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова акцияның мақсаты мен маңызына тоқталып, аталған шараның алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.

– Бүгінгі шараның мақсаты – облыс тұрғындарының назарын өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып табылатын – жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға, уақытылы дәрігерлік тексерулерден өтуге, денсаулыққа көңіл бөлуге шақыру. Акция бастамашылары облысымыздың түрлі салаларының белсенді азаматшалары. Себебі, Әйел-Ана – отбасында өзінің, жақындарының денсаулығына, дұрыс тамақтануына көңіл бөліп, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырушы жанашыр жан. Олар қызыл түске киіну арқылы аталған мәселеге қоғам назарын аударуды мақсат етеді. Өйткені, қызыл түс – дабыл белгісі. Бұл шара бүгінмен бітпейді. Акция дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын болады,– деп атап өтті басқарма басшысы.

Акция барысында фотокөрме ұйымдастырылып, медициналық қалашық жасақталды. Онда тұр­ғындардың қандағы қант, хо­лестерин мөлшері тексеріліп, қан қысымы өлшенді, дәрігерлік кеңес­тер беріліп, ақпараттық-насихаттық материалдар ұсынылды. Белсенді жастар жүрек-қан тамыры ауруларының зардаптарын флеш­моб арқылы түсіндіріп, аурудың алдын алуға шақырды.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<