«Өмірге қайта келгендеймін»

894

0

Наурыз айында елде төтенше жағдай жарияланып, вирус шықты дегенде үрке қорыққан жанның бірі едім. Дереу дәріханадан маска мен резеңке қолғап, антисептик, хлор сатып алып, сақтық шара­ларын бұлжытпай орын­дап жүрдім. Жұмыста жа­ныма ешкімді жолатпай, оқшаулана беретінмін. «Неге қорқасыз, ондай вирус жоқ» дегендерге «олай демеңдер, бар, сақтану керек» деп шыр-пырым шығатын.


Үйді де жиі-жиі тазалап жүрдім. Бір күні кешқұрым кенеттен жү­ре­гім айнып, құсқым келді. Дене қызуым кө­теріле бастады. Әрі-бері шыдамдық танытуға ты­рыстым. Болмаған соң жедел жәрдем шақырттым. Жедел жәрдем келгенде дене қызуым болмады. Олар алғашқы көмегін көрсетіп, аймақтық дә­рігерге қаралуым керегін ескертті. Ертесіне тера­певтке көрінгенде, сынама тест тапсыруымды сұрады. Үшінші күнге қарағанда дене қызуым қайта-қайта көтеріліп, құрғақ жөтел жиілей берді.
Ауруханада көп уайым­дағаннан болар, қан қы­сымым түспей қойды. Тамаққа тәбетім тіпті жоқ. Бұрын-соңды ауырып, жұқпалы ауру­лар бөліміне жатпаған соң мұндағы дәрі­герлер мен мед­бикелердің қыра­ғы қызметі таңғалдырды. Ішкі тәртібі, ас мәзірі, ем-домды бел­гілен­ген уақыттан кешіктірмей жа­сауы, тазалығы, жиі-жиі жағ­дайыңды сұрап, жаныңнан табы­латыны, бәрі-бәрі еш кемшіліксіз кө­рінді. Психологиялық дәріс оқып, көңіл-күйі­мізді көтеріп отырды. Бас дәрігер Бақытжан Ны­санбаевтың қамқорлығын қалай айтпайын? Күн сайын мен секілді әр пациенттің жа­нына келіп, атын атап, дәрігер емес, жанашырындай жағ­дайын сұрауы нағыз маман­дығына адал азамат екенін аңғартады. Қиналғанда, ауыр­ғанда басқалардың саған ерек­ше көңіл бөліп, жақсы сөз айтып демегені қуат болады екен. Ұлым биыл мектепті «Алтын белгіге» бітірді. ҰБТ тапсыруға бір күн қал­ғанда ауруханаға түстім. Ана жүрегім ба­ламды ойлайды, ол маған алаңдаулы. Балам жақсы балл жинап, қуантты.


Кейде мен бұл дертті өзіме ой арқылы шақырып ал­ғандай көремін. «Маған жұқса ше, ауырып қалсам не болады?» деген жағымсыз ойым ақыры соған жеткізді. «Ке­рісінше мен мықтымын», «мен ауырмаймын» деген сөзді жиі айту, көңілді жүру керек екен.


Дәрігерлердің қызметіне қарап қуанасың да, жаның да ашиды. Олар біз секілді қанша науқастың тез айығуы үшін тынымсыз еңбек етуде. Сондықтан ақ ха­латтылар тара­пына артық әңгіме айтпай, қолдау біл­дірулеріңізді сұ­рай­мын. Қазір әлеуметтік желіде «олай істе, бұлай істе, ананы іш, мынаны іш» деген кеңестер күрт көбейіп кетті. Адам өз бетінше әр нәрсені ішпей, дәрігердің ғана кеңесіне құлақ асқаны жөн.
Өз кезегімде аудан­дық ау­ру­­­хананың бас дәрігері Ба­қыт­­­жан Сағи­латұлына, аудан­ның бас санитар дәрігері Гүл­нар Төлепбергеноваға, ин­фек­цио­нист Ұлықбек Абдул­хамитов, Ержан Құрманалиев, Бейбіткүл Жаржановаға ал­ғау­сыз алғыс айтамын.

Гүлмира АЙБЫТОВА,

Қармақшы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<