Сақтық баршаға ортақ

523

0

23 тамыздағы мәліметке сүйенсек, өңірде коронавирус инфекциясымен 124 жағдай тіркелген. Жазылып шыққандар саны 150-ге жетті. Жақында 500 орынға лайықталған «Сейхун» стационарынан соңғы науқас үйіне шығарылды.

Эпидахуал ушыққанда бұл стационар қайта жасақталып, індетпен күресте белсенді жұмыс атқарған болатын. Ол 30 шілде күні ашылып, 16 тамыз күні соңғы науқастың үйіне оралуына септігін тигізді. Облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Аман Тұрсынов мұнда екі аптадан астам уақытта коронавирус індетіне шалдыққан 200-ге жуық науқасқа ем-дом көрсетілгенін хабарлады.

– Биыл коронавирус жастардан көп анықталуда. Әсіресе, екпе салдырмаған жерлес­тер ауыр жағдайда орталыққа жеткізілді. Облыстық психикалық денсаулық орталығының 70 қызметкері стационар жұмысына жұмылып, әрбір науқастың сауығып кетуіне күш салды. Коронавирус басқа вирустарға қарағанда азулы. Мәселен, осы уақытқа дейін ғалымдар таралған вирус­тың барлығын ғы­лыми жолмен тоқтатқан. Сондықтан екпе ұжымдық имунитетті қалыптастырады деуге негіз айтарлықтай. «Үрей – дерттің жартысы, сабыр – емнің жартысы, төзім – сауығудың басы» деген ғалым Ибн Сина. Сабыр мен сақтықты, төзім мен тәртіпті серік етсек және әлем елдерінің тә­жірибесіне сүйенсек, бұл күн артта қалады, – дейді ол.

А.Тұрсынов айтқандай, індет­пен күресте әрбір медицина қызметкері белсенді. Мәселен, №3 қалалық емхана мамандарынан жасақталған 6 мобильді топ та инфекция жұқтырған науқастарды көрсеткішіне қарай провизорлық және карантиндік стационарларға тасы­малдау және үй жағдайында амбулаторлы ем тағайындауды жүйелі жүргізіп жатыр. Емхананың инфек­ционист дәрігері Лаура Мүсірепова індетпен күрес оңайға соқпай тұрғанын және қазір емханада таңғы сағат 8:00-ден 22:00-ге дейін жоспарлы вакцина салдыру жалғасып жатқанын алға тартты.

Бұл орайда сандарды сөйлет­сек, 1 ақпаннан бас­тап екпенің алғашқы 1000 дозасы өңірге жеткізіліп, алғаш­қы кезеңде ол медицина сала­сының қызметкерлеріне, педа­гогтар мен полиция қыз­мет­керлеріне салынған еді. «Бүгінде екпенің І ком­по­нентін 251454 адам қабыл­даған, ІІ компонент 197292 тұр­ғынға егілді» деген мәлі­метпен бөлісті облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<