Сақтық салғырттықты көтермейді

980

0

Кейінгі күндері өңірде эпидемиологиялық ахуал біршама тұрақталды. Дегенмен бұл сақтық шараларына салғырт қарауға себеп емес. Өңірде індет жұқтырғандар саны 6326-ға жетті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов мәлімдеді.

Облыс бойынша инфекциялық стационарда 392 науқас, реани­мация бөлімінде 44 науқас ем қабылдауда. Басқарма басшысы инфек­циялық төсек-орындар са­нын көбейтіп, дер кезінде тиісті ем шаралары жүргізіліп жатқанын айтты.

– Осы ретте инфекция бел­гілері байқалғанда емханаға неме­се дәрігерге хабарламай, өзді­гінен ем қабылдаушылар қатарынан COVID-19 көптеп анықталып жатқанын айтқым келеді. Сол себепті тұрғындардан ауру белгісі байқалған сәтте дәрігерге қаралып, дер кезінде ем бастауды сұраймын, – деді ол.

Аймақта екпе жұмыстары жал­ғасуда. Отандық және шетел­дік екпелер қоры жеткілікті. Әр азаматқа таңдау мүмкіндігі берілген. Жыл басынан 18 мамырға дейін аймағымызда екпенің бірінші компоненті 77 751 адамға, екінші компоненті 21 мың адамға салынған.

– Жылжымалы егу брига­далары да халыққа қолжетімді жерлер мен шалғай ауыл-аймақ­тарды аралап, екпе жұмыс­тарын жүргізуде. Вакцина – өзіңізді қорғау арқылы басқа адам­дардың денсаулығына қам­қорлық жасау. Дегенмен, екпе салдырғаннан кейін де сақтық шараларын ұмытпаған абзал. Күнделікті бетперде тағу, әлеуметтік арақашықтық пен гигиена талаптарын орындаудың маңыздылығы айтылып келеді. Десе де, соған қарамастан, қорғану амалдарына селсоқ қарайтындар аз емес. Саулық сақтықта екенін ұмытпаған жөн, – деді С.Пазылов.

Айта кетейік, жаңа қаулыға сәйкес вакцина қабылдаған адам жоспарлы түрде ауруханада ем алуға, шет елге және өзге мекемелерге ПТР сынамасынсыз кіруге толық мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, «Ashyq» жобасына қатысатын нысандар жұмысына рұқсат берілді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<