«Сары» мен «қызылдың» арасындағы сабылыс

946

0

Бірер күн бұрын Қызылорда «қызыл аймақтан» «сарыға» өтті. Бірақ қуаныш көпке созылмады. 26 сәуірдегі дерек бойынша өңірде тағы 82 адам вирус жұқтырып, індет қайта бас көтерді. Статистикада тұрақ жоқ, дегенмен, ахуалдың қалыпты емес екені көзге ұрып тұр. «Жасыл, сары, қызылдың» арасында әлі қанша сабыларамыз белгісіз.

72 дерек тіркелді

Қызылорда қаласының Бас мем­лекеттік санитариялық дәрігері Ерлан Ұзақбаев вирустың кең таралуына қауіпсіздік шараларының сақталмауы басты себеп екенін айтады. Науқастар саны сәт сайын көбеюде. Халық әлі де бетперделік режимге мән бермейді, мереке-жиын өткізу тоқтаған жоқ.

– Соңғы көрсеткіш жоғары. Динамикада жүргізілген зерттеулер саны артты. Апта ішінде 1687 зерттеу жүргізілді, яғни орташа есеппен тәулігіне 250-300 сынама алынған. Мәселен, Ұлттық сараптама орталығы облыстық филиалының вирусология зертханасында 24-25 сәуір аралығында тапсырылған және тексерілген сынамалар саны 297, қалдық тест саны 15 859-ды құрайды. Сырқаттану 63,4 процентке жоғарылаған. Бірақ әлі де карантин ережелерін сақтамай, айыппұлға тап болғандар бар. Жыл басынан бері 72 дерек анықталды. Бізге белгісізі қанша?! Той-думаннан тыйылуымыз керек. Сақтыққа мән беретін сәтте салғырт болмайық, – деді Ерлан Ұзақбаев.

«QazVac»-тың жанама әсері қандай?

Ендігі кезекте вакцина мәселесін кеңінен тарқатсақ. Жалпы, еліміз бо­йынша 893 633 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырған. Оның ішінде өңірде І компонентті 21248, ІІ компонентті 6091 тұрғын алған. Бұдан бөлек, кешеден бастап қазақстандықтарға отандық «QazVac» вакцинасы егіле бас­тады. Препараттың алғашқы 50 мың дозасы өңірлерге жеткізілді. Қазақстандық вакцина, ең алдымен, коронавируспен күрестің алғы шебінде жүрген медицина қызметкерлеріне, полицейлерге, сондай-ақ мұғалімдерге салынуда. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігі «QazVac» қандай вакцина, оның жанама әсері бар ма?» деген сауалға толығырақ жауап берген болатын. «QazVac» – «өлтірілген» вирустан жасалған вакцина. Препарат коронавирус ауруының вирусы мен оған қосылған иммуностимулятордан тұрады. Одан бөлек, құрамында су және аздап тұз бар. Оны Білім және ғылым министрлігіне қарасты биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірледі. Вакцинаның тиім­ділігі клиникалық сынақтардың бірінші және екінші фазасынан кейін 96%-ті құрайды. Отандық препараттан кейін пайда болатын иммунитет мутацияға ұшыраған кез келген вирусқа төтеп бере алады» деді қазақстандық вакцинаны өзіне сынаған ғалымдардың бірі Лесбек Құтымбетов.

Сондай-ақ, ғалым екпе алғаннан кейін ине салған жер аздап ауырғанын, кейбір әріптестерінің терісі қызарғанын айтқан. Басқа жанама әсері байқалмаған және 21 күннен соң қан құрамында коронавирусқа қарсы антидене пайда бола бастаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұған дейін вакцина дайындауға атсалысқан ғалымдар мен мамандарға алғыс айтып, барлық азаматқа қолжетімді болу үшін отандық екпе өндірісін ұлғайтуды тапсырған болатын. Бұл ретте Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазіргі вакциналауды ескере отырып, коронавирусқа қатысты мынадай жаңа болжаммен бөлісті.

– Оптимистік сценарий бойынша  вакциналау кестеге сәйкес жалғасса, бір тәулікте 3 мыңға дейін індет жұқтырған науқас тіркеліп, сәуір айының соңында шарықтау шегіне жетеді деп күтілуде. Реалистік сценарий бойынша, бір тәулікте жұқтырғандар саны 4 мыңға дейін тіркеліп, вирус мамырдың ортасында шарықтау шегіне жетуі мүмкін деген болжам бар, – деді министр.

С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ эпидемиология кафедрасының және Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің профессоры Сәкен Әміреев те көпжылдық тәжірибесіне сүйене отырып, «QazVac» вакцинасына қатысты пікір білдірді. Профессор  Қазақстанда бұған дейін ресейлік «Спутник V» вакцинасы салынғанын және ол әлем бойынша ең сенімді вакцинаның бірі саналатынын алға тартты. Сондықтан қазір оны әлемнің 60-тан астам елі қолдануда, оның ішінде Қазақстан бар. Бірақ, еліміз жақында «QazVac» отандық вакцинасын жасап шығарды. Ол да қауіпсіз және тиімділігі жоғары, осы екі критерий қатаң сақталған. Өйткені ол барлық сынақтан өткен, сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қолдануға рұқсат беріп отыр.

Өңірге вакцинаның 2000 дозасы жеткізілді

Біздің өңірге осы «QazVac»-тың 2000 дозасы келген. Бұл туралы кеше облыстық денсаулық сақтау басқар­ма­сының басшысы Сәбит Пазылов хабарлады.

– Қазір 36200 вакцина келді. Оның 34200-і «Спутник V», 2000-ы «QazVac» коронавирусқа қарсы екпесі. Барлық екпе талапқа сай, температуралық режимді қадағалайтын арнайы көлікпен халық санына байланысты егу орындарына жеткізілді. «Спутник V» барлық аудандарға бөлінсе, «QazVac» әзірге қалада егілуде. Ол екі дозалы және бір ампула бір адамға арналған, сонымен қатар отандық вакцина мұздатуды қажет етпейді, бұл екпе плюс 2-ден 8 градусқа дейінгі температурада сақталады, – деді басқарма басшысы.

Індеттің алдын алу жолында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы осы. Ал, екпені алу немесе алмау өз еркіңізде. Бірақ, әлемдік тәжірибе мен күнделікті күрделенген ахуалды саралай отырып, шешім шығарған маңыздырақ.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<