Үнсіз шырқырау

662

0

Күн сайын жер бетінде қаншама ана құрсағындағы адамдарды өлтіріп жатырмыз. Дәл осы күнәдан су жұқтырмай шығу үшін іште жатқан адамға «эмбрион», «органогенез» деген атаулар бергенбіз. Егер біз олардың адам екенін ескерсек, жасанды түсік жасағандарды қылмыскер есебінде сотқа тартар едік. Қазіргі қоғам қылмысқа көпе-көрінеу жол беріп отыр. Бұл қадамға түсік тастататын «мифепристон», «мизопростол» деп аталатын дәрілерді құртудан бастап кірісу керек.

2010 жылы Мәжіліс депутаты Ирак Елекеев «жасанды түсік жасауға заң жүзінде тыйым салу керек» деп бастама көтерген болатын. «Бидің айтқанын құл да айтады, аузының дуасы жоқ» деуші еді, сол сөзді бидің өзі айтып тұрса да, дуасы болмады. Бұл заман бабалардың дана сөзін де далаға тастады. Адам тастап кетіп жатқандарға сөз тастап кету түк емес. Біз атаның мақалын белден бассақ, баламыз сақалын жұла ма деп қорқамын.

«Бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтірумен тең» дейтін исламның пәтуасы неткен күшті! Христиан дінінде де жасанды түсік жасауды Құдай ісіне қарсылық дейді. Он тоғызыншы ғасырда жасанды түсік жасатқандарға қатал жаза қолданылған. Ал жиырмасыншы ғасырда бұл тыйымдар жұмсартылып, біртіндеп өзгере бастаған. 1973 жылдан бастап АҚШ-та жүктіліктің алғашқы үш ай мерзіміндегі жасалатын жасанды түсік заңдастырылған.

Біздің айтып жатқанымыз қаталдау көріне ме? Өйткені, түсік жасаудың түрлі себебі бар ғой. Инцест, алданып қалу, денсаулығы көтермеу сияқты…

Енді мынаған назар аудара отырыңыз.

Америкалық дәрігер Бернард Натансон он екі апталық балаға жасалған түсікті ультра дыбысты зерттеу қондырғысы арқылы кинофильм етіп түсіріп, оны «Үнсіз шырқырау» деп атаған. Бұл фильмді көрудің өзі ауыр. Түсік жасалып жатқанда құрсақтағы қол басындай өмір иесі пышақтан қашып, жанталаса әрекет танытады. Жүрек соғысы екі есе күшейеді, алайда сорғыш-пышақ бала денесін қысып алып, пәршелей бастайды. Сол кезде оның аузы қатты шыңғырған адамдай кейіпте ашылып қалған.

Каннибал! Жөйтшілдік бұл!

Осының бәріне кім кінәлі? «Осының бәріне» деп жұмсақ айтуға көштім. Әйтпесе, бұл «күнтадан туғандарға» деуім керек еді. Өйткені, әлгі бір себептері көп қой деген сөзді де өзім айттым.

Иә, ерте жүктілік пен түсік жасату белең алып бара жатыр. Жаңсақтығынан жанын сауғалап қалу үшін «адам өлтіретін» бойжеткендер арамызда жер басып жүр. Біз болсақ, «жастықта кім жаза баспайды» деп жұбатамыз. Енді не дейміз? Қу нәпсісін жеңе алмайтын жігіт, арзан ләззатқа алданатын қыз, қайсыңды қалай ақтаймыз?

Ойсыз әрекеттен опық жеп, бойға біткен баладан құтылуға асыққандарға Алла сабыр берсін. Қазақ «бейшараға не шара» дейтін.

Бір ана құрсағындағы егіз бала сөйлесіп жатыр-мыс. Біреуі келесі өмірге сенетін, біреуі сенбейтін бала болса керек.

«Сен туғаннан кейін де өмір бар екеніне сенесің бе?» – деп сұрайды сенбейтін бала.

«Әрине, біз бұл жақта сол жарық дүниеге жарқын жүзбен бару үшін дайындалып жатырмыз», – деп жауап береді сенетін бала.

«Ал болса ол қандай жарық дүние?»

«Дәл қандай екенін білмеймін, бірақ шат өмір бар».

«Қой, ол жақтан қайтып келген ешкім жоқ, өмір құрсақпен аяқталады».

«Мен ол жақта мамамызбен кездесетінімізді, оның бізді сүйетінін де сеземін».

«Мама дейсің бе? Қайда ол? Мама деген жоқ».

«Бар, кейде мен оның бізді жақсы көріп салған әнін де естимін».

Осы мысал сөзден көптің ойына ең бірінші Құдайға сенбейтін, о дүниелік өмір бар деп есептемейтін адам түсе кетеді.

Әділ патша Харон Рашид заманында Дана есімді бір әулие өмір сүріпті.

Бір күні әулиенің алыстан арып-ашып келгенін көрген Харон:

– Уа, әулием, қайдан келесің? – депті.

– Тозақтан келе жатырмын, патшам, – дейді ол.

– Тозағы несі, ол жақтан не іздедің, данышпаным? – депті Харон тіксініп.

– От керек болып, от алып келейін деп едім.

– От алып келдің бе, енді?

– Жоқ, әкеле алмадым, тақсыр. Тозақта от жоқ екен, отты фәни дүниеден әркім өзі алып барады екен. Осыны айтып, тозақтың сақшылары қолымды бос қайтарды…

Ал бұған не дейсіз? Құранның, хадистің сөзін ақтармай-ақ қояйық. Әлгі бір іште жатқан егіз баланың диалогы да жетеді, «біз бұл жақта сол жарық дүниеге жарқын жүзбен бару үшін дайындалып жатырмыз», бәлкім, өзімізді жағатын отымызды жинап жүрміз.

Енді бір сәт статистика дейтін қырағы көз, саққұлақтың сандарын сөйлетейік. Былтыр елімізде 7 мыңға жуық қыз баланың аяғы ауырлап, оның мыңнан астамы түсік жасатқан. Нақтырақ айтсақ, 15-19 жас аралығындағы 6724 қыз жүкті болған, оның 5639-ы босанып, 1086 бойжеткеннің жүктілігі абортпен аяқталған. «Қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жалмауызым» деп осынша ата-ана жерге қарап қалды. Осынша өмір иесі өздері сенген дүниежарықты көрмей кетті. Жүктілік мерзімін үзетіндер мойнындағы жүктен уақытша ғана арылады, әрине. Одан кейінгі салдарға салғырт қарап, болашағына болжам жасай алмайды. Жасанды түсіктен кейінгі залалдар мен асқынулардан зардап шегеді, сосын. Бойын үрей билеп, қорқыныштың қарғыбауына ілінген қыздардың өз бетімен дәрі қолданып немесе түрлі тәркі тәуекелге бел буатындары қанша. Мұндай әрекет оң нәтижесі жоқ, болса да шикіліктер шығып, шиеленісе береді. Ең сорақысы, олардың көбі ана бақытын бастан кеше алмайды. Құдай бар ғой.

«Адамның бір қызығы бала деген» деп Абай неге өзге қызықты кейінгі орынға қойды. Бала – ата-ананың болашақтағы тірегі. Ал аборт жасатқандар – болашақ тірегін тамырынан жұлып тастағандар, бұған қатысты басқа сөз айту обал. «Баласы бардың басында алтын тәжі болады, оны баласы жоқтар көреді» дейді аталарымыз.

Реті келіп тұрғанда мамандардың айтқанына құлақ асайық, облыстық көпбейінді аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Жаңыл Исақызы былай дейді:

«Жүктілікті жасанды түрде үзу әдістері дәрі-дәрмектік және хирургиялық негізде жүргізіледі. Жүктілікті үзу кезінде қан кету, жатырдың тесілуі, түрлі қабыну, асқынулар орын алады. Мұның нәтижесі геморрагиялық шок, қан құю, жатырдағы тесікті тігу немесе жатырды алып тастаумен аяқталуы мүмкін. Қабыну аурулары арқылы бедеулікке тап болады…»

Осынша азапты тілеп алып не керек? Рас,  жүктілікті үзу медициналық тексеруден кейін, қарсы көрсеткіштерді жойғаннан соң жасалса оң нәтижелер беріп қалуы ғажап емес. Бұл да дәрігердің сөзі, бірақ мұны түсік жасатуға жол беру деп білмеңіз, бағанағы «қарғайын десем – жалғызымның» кері.

Мойындағымыз келсе де, келмесе де, «аборт жасату» деген аурудың қоғамды дендеп бара жатқаны даусыз. Көзімізді киіз шормен таңып алсақ та, таңбаланып тұрған дәуір кеселін көрмей тұра алмаймыз. Ал оның емі, айығу жолы қайсы? Осы жерде дана қазақтың бір ауыз сөзін тірілтсек, ем де – сол, жөн де – сол. «Қызға қырық үйден тыю» деген тәрбие қайда? Ата-аналар қызының не істеп, кіммен құрбы болып жүргеніне абай болуы керек. «Дос қызымның үйіне қона салайын» деп қос кезіп жүретін қызынан есеп алмайтын аналар да бар. Олардың ойынша бала еркін өсуі тиіс. Ал аталарымыз: «Ұлыңды бөтен үйден тойдырма, қызыңды бөтен үйге қондырма» дейді. Қарап отырсақ, қазақтың мақал-мәтелдерінің өзі-ақ бір мектептің тәлім-тәрбиесін береді екен.

 Сондықтан, ойнап жүріп опық жемес үшін, бала оң мен солын санап емес, саналы түрде ажыратып, өткенге өкінбес үшін ең алдымен ұлттық тәрбие тінін мықтай білуіміз қажет екен.

Бәрін айт та, бірін айт, дүниежарықты көрмей кеткен нәресте-адамдардың періште жүрегіндегі үнсіз шырқырауға кім жауап қата алады?…

А.ӘДІЛЖАНҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<