Британдық Сондерс рингте Головкиннен қашумен болады – Бақтияр Артаев

386

0

Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің келесі қарсыласы кім болуы мүмкін екенін айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осындай спортқа келген адамдар, көбінесе қарапайым отбасының балалары. Әлеуметтік жағдайы жоғары отбасының балалары спортқа бармайды. Қазіргі кезде спорттың арқасында үлкен жетістікке жетіп, ата-анасына үй алып беріп, өзінің жағдайын жасауға тырысатын қарапайым отбасылардан шыққан балалар көп. Ал енді британдық боксшы Билли Джо Сондерс те қарапайым отбасыдан шыққан жігіт. Сондерс қарсылас ретінде Головкинді көргісі келеді, яғни ол бірінші кезекте ақша тапқысы келеді. Бұл жерде қаражат мәселесінде келіспеушілік болуы мүмкін. Спортта жүргеннен кейін, ер азамат болған соң, олардың барлығы жекпе-жекке дайын, алайда бизнес жағынан келісе алмайтын жағдайлар туындайды», – деп тоқталды Олимпиада чемпионы «Qazsport» телеарнасында айтқан пікірінде. Оның пайымынша, Билли Джо Сондерс Геннадий Головкинмен кездескен жағдайда, британдық боксшы қазақстандық былғары қолғап шеберіне аса ауыр қарсылас болмайды. «Өйкені Сондерстің айтарлықтай жойқын соққысы жоқ. Сондықтан ол рингтің «бесінші бұрышын» іздеп, қашумен болады. Оның жеңіске жетуге мүмкіндігі бола қоймас. Жекпе-жек ұзаққа созылуы ықтимал, яғни ол өзінің ширақтығы арқасында көп соққыны дарытпауы мүмкін. Бұл жекпе-жек тек осынысымен ғана қызық болады деген ойдамын», – деді Б. Артаев. Оның сөзіне қарағанда, егер Геннадий Головкин украиналық Сергей Деревянченкомен немесе Сауль «Канело» Альвареспен кездессе, бұл жекпе-жектер өте тартысты өтер еді. «Ал егер Сондерспен болатын жекпе-жек елдің көңілінен шықпауы ықтимал. Себебі біз барлығымыз тартысты кездесуді күтіп отырмыз», – деп түйді Бақтияр Артаев. Айта кетейік, қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Карсондағы (АҚШ, Калифорния штаты) StubHub Center аренасында қарсыласы Ванес Мартиросянды жеңіп, өз титулдарын қорғады. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<