Әк зауыты әлемдік нарықта

2008

0

Жаңақорған ауданындағы «ПремиумКлассСтрой» әк зауыты әлемдік нарыққа шыға бастады. Бұған дейін Қазақстанның барлық өңіріне тарайтын зауыт өнімдері таяуда Қырғызстан астанасы Бішкекке жеткізілді. Бүгінде Ресей мемлекетімен келісімшарт жасасуда.


Осыдан екі жыл бұрын өнім өндіре бастаған зауыт жобасының құны – 140 млн теңге. Сол уақытта мұнда бар-жоғы 13 адам жұмыс істейтін. Ал ол кезде әк елімізге Өзбекстаннан жеткізілетін және Оңтүстік Қазақстан аумағындағы Сазтөбеде шығарылатын. Нарыққа ене салысымен жаңақорғандық зауыт өз өнімінің сапалылығын дәлелдеді.


– Өзім Алматыда тұрсам да, туған жерімнен кәсіп ашқым келді. Біраз зерттеуден соң 2017 жылы Жаңақорған аумағының тасы әк өндіруде теңдессіз шикізат екеніне көз жеткіздім. Біз өнімімізді шығарып, жан-жаққа жөнелткенде алпауыт компаниялар Жаңақорғаннан шығып жатқанына сенбеді. Тіпті, «Өзбекстандыкі» дегендер де болды. Бірақ уақыт өте келе олар біздің өнімнің жоғары сапалы екеніне көз жеткізді, – дейді «ПремиумКласСтрой» ЖШС директоры Марлен Искаков.


Зауыт ашылғалы бері «Қазақ­мыс», «Қазақалтын» корпорациялары мен Өскемендегі титаномагний комбинаты – тұрақты алушылар қатарында. Мұндай өндіріс орындары әкті металды құрамынан ажыратып, бөліп алу үшін қолданады. Бұл ретте жаңақорғандық зауыттың өнімі жоғары белсенділігімен танылған.


– Қазір зауытта 70-100 адамға дейін жұмыс істейді. Көлем арқылы есептесетін үлгіде келісімге келген азаматтар бір ай жақсы жұмыс істесе 380-400 мың теңгеге дейін жалақы алады. Ал демалыстарды пайдаланып белгілі бір уақыт шеңберіне ақыға келіскендер әртүрлі жалақы алады. Олардың айлығы да аз емес, 250-300 мың теңге шамасында. Күніне 4 мезгіл тамақпен, заманауи жатақханамен қамтамасыз еттік. Барлық сақтық шараларын қолданудамыз. Бізге жұмысқа орналасқысы келетіндер де жеткілікті. Себептермен жұмыстан босап жатқан жұмысшылардың орнына демде адам табылып жатады, – дейді М.Искаков.


Зауыт директорының айтуынша, карантин кезінде мемлекетаралық шекараның жабық болуы отандық өнім өндірушілердің тауарларына сұ­ранысты арттырды. Бүгінде зауыт тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Бола­шақта жұмыс ауқымын ұлғайтып, өндіріс көлемін арттыру жоспарда бар. Өйткені, қай кәсіптің болмасын үнемі дамуда болуы – заман талабы.


– Біз кәсіпкердің өндіріс орнын дамытуына барынша жағдай жасаудамыз. 2020-2025 жылдарға арналған «Бинестің жол картасы» бағдарламасында инфрақұрылым жеткізіп беру мәселесі қаралған. Осы бағдарлама шеңберінде біз 60 млн теңгеге электр энергиясы мен 160 млн теңгеге 2,3 шақырым темір жол тұйығын салуды облыстық бюджетке ұсынып отырмыз. Жуырда кәсіпкердің есебінен 980 млн теңгеге АГРС салынбақ, – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаев.


Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы».

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<