Әлемдік геосаяси ахуал. Оның тұтыну нарығына әсерін жеңілдету жолдары қандай?

2030

0

Кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа кезекті Жолдауын жария етті. Бұл Жолдаудың ерекшелігі, ол негізінен алдағы уақытта елімізде жүргізілетін түбегейлі, тарихымызда бұрын-соңды болып көрмеген саяси реформаларға арналды. Біздің бүгінгі әңгімеміз Жолдаудың кешегі Украинадағы жағдайға байланысты туындаған Үкімет қабылдайтын дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар кешеніне арналады.

Әлем жұртшылығы екі жылға созылған пандемия дағдарысынан айығып, тұтыну нарығында тұрақты жағдай қалыптасқаны сол еді, жаһанда тағы бір дүрбелең басталды. Ресей мен Украина арасындағы жанжал ушықты, дұрысы, соғыс басталды. Әлемде АҚШ және Еуроодақ елдері бастаған санкциялар ауқымы артты. Бұл Ресей экономикасын едәуір әлсіретті. Сонымен қатар оның бір экономикалық жүйеде қызмет жасайтын ЕуроАзиялық Одақтағы елдердің экономикасына салқынын тигізгенін атап өткіміз келеді.

Президент бүгінгі геосаяси ахуалдың еліміз тарихында болып көрмеген қаржы-экономикалық қиындыққа әкеліп тірегенін, қатаң санкциялық тайталас қазірдің өзінде жекелеген елдерде ғана емес, тұтас жаһандық экономиканы елеулі шығынға ұшыратқанын атап көрсетті.

Осы орайда Үкіметке кезек күттірмейтін кешенді шаралар топтамасын тез арада жүзеге асыру міндеттелді. Ең алдымен ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттігі басты мәселе ретінде айтылды.

Бүгінге дейін жұртшылық Қазақстан Үкіметінің Ұлттық банкпен бірлесе отырып, дағдарысқа қатысты шаралар кешенін қабылдағанын біледі. Ең алдымен Ұлттық банк базалық мөлшерлемені ұлғайтты. Ол сол сәттен 13,5 процентке өсті. Жай ғана тілмен түсіндіре кетейік, ол әдетте экономикадағы ақшаның құнын қымбаттату үшін жасалады. Бірақ сарапшылардың пайымдауынша, бүгінгі жағдай біршама күрделі. Ендігі жерде халықты несиелендіру көлемі едәуір азаяды. Сонымен бірге несиені өтеу құны қымбаттайды. Екінші жағынан мұндай шара банктердің активтерін сақтап қалу үшін жасалады. Осының есебінен халықтың банктердегі теңгедегі депозитінің долларға айналып кетпеуін ынталандыру шаралары жүргізілуде. Қазірдің өзінде Үкімет бюджет есебінен теңге депозиттерін 10 процентке дейін сыйақы беру арқылы ынталандыруға қадам жасады.

Біздің пайымдауымызша, Үкімет мұндай қадамды мүмкіндігіне қарай жасайды.  Теңге-доллар қатынасының құнсыздануы бүгінгі уақытта 25-30 процент шамасын құрайды. Оның қаншалықты шекке дейін барып тұрақталатынын әзірге ешкім болжап айта алмайды. Сонымен бірге әлемдегі мұнай, газ, құнды металдар бағасы еселеп өсуде. Тіпті Ресейде халыққа валютамен банктегі алтын құймаларымен сауда жасауға рұқсат берілді. Демек, ақшаның құны әлсіз, оны тек қана осындай жолдармен қамтамасыз етуге болады.

Қазақстан экономикасы қалыптасқан жағдайға байланысты әдеттен тыс шараларды қабылдауға мәжбүр болды. Ұлттық банктің мәліметінше, ендігі жерде теңге мен рубль арасындағы  бұрын қалыптасқан 5-6 еселік көрсеткіш басшылыққа алынбайтын болды. Теңге енді өз бетінше Ұлттық банк қалыптастырған бағаммен бағаланады. 

Ел арасында дүрбелеңнің орын алып жатқанын жасыруға болмайды. Президент осы орайда валюта нарығындағы тұрақсыздықтың елдің үрейленуіне, капиталдың елден шығарылуына, «жасырын» ақша аударылымдарына қатысты болып отырғанын мәлімдеді. Президенттің атап көрсеткеніндей, қаржы саласында өршіп тұрған жасанды сұранысты, соның ішінде сырттан келген сатып алушылардың белсенділігінен туындаған сұранысты азайту қажет. Ол үшін Мемлекет басшысы валютаны шетелге шығаруға шектеу енгізетін Жарлыққа қол қойғанын атады.

Нарық әдетте, осындай теріс құбылыстарға бірден сезімтал болатыны бесенеден белгілі. Сол сияқты осы жолы да экономикада болжап болмайтын жағдай қалыптасты. Кейбір сарапшылардың пікірінше, Ресей рублінің құнсыздануы салдарынан осы елде өндірілген өнімдер Қазақстан тауарларына қарағанда бағасы жағынан біршама арзан болуы мүмкін. Біз бұл жолдан осыдан бірнеше жыл бұрын өткенбіз. Ресейден тауар тасымалдаушылар Қазақстан нарығын арзан өнімдермен жаулап алғаны соншалық, өзіміздің өнім бәсекеге қабілетті бола алмай қалды. Ауыр, күрделі жағдайдан сақтанған Ресей кәсіпкерлерінің қазір Қазақстанға уақытша қоныс аудару үрдісі белең ала бастады.

Соңғы күндері Қызылорданың екінші деңгейдегі банктеріндегі қалыптасқан жағдайға куә болып, шетел валютасына деген сұраныстың артқанын байқадық. Әсіресе, АҚШ долларына деген сұраныс жоғары болды. Ұлттық банктің пәрмені бойынша қазір ол адам басына мың доллар көлемінде айырбасталуда. Бірақ банктерде қауырт жағдай байқалмайды. Бұдан шығатын қорытынды, халықтың шетел валютасына деген сұранысы оншалықты емес, бұл әрине, экономикалық жағдайдың, дұрысы, халық тұрмысының негізгі ахуалын білдіреді. Ақшаға деген тапшылық негізінен қолма-қол ақшаның зәрулігінен пайда болған сыңайлы.

Экономикада барлығы бір-бірімен үйлесімді. Сол сияқты тұтыну нарығы да сондай. Ол әдетте төңірегіндегі өзгерістерді жылдам қабылдайды. Соған сәйкес болмыс-бітімін тез өзгертеді. Айталық, кешегі пандемияның ауыр кезеңінде қалыптасқан қымбатшылық тізбегі қазір сипатын өзгертіп  бұрынғыдан гөрі күрделендіре түсуде.

Президент «Ахуал жедел, тіпті сағат сайын өзгеруде. Әлемдік нарықта белгісіздік пен тұрақсыздық өршуде. Өндірістік және сауда жүйелері күйреп жатыр. Бірақ соған бола байбалам салуға негіз жоқ. Біздің елімізде ауқымды дағдарысты еңсеруге қажетті резервтер мен амал-тәсілдердің бәрі бар» деп атап көрсетті бүгінгі күннің сипатына баға бере отырып.

Тұтынушылардың есінде болар, осыдан екі жылдай уақыт бұрын әлемде алтын бағасы күрт қымбаттады. Соған сәйкес бағалы металдардың барлығының құны өсті. Лондон, Нью-Йорк, басқа да биржаларда бағалы заттардың құны қауырт саудаға түсті. Сәл бәсеңсігенімен, бүгінгі таңдағы жағдай осыған ұқсас. Әлемде бұл құбылыстың табиғатын әркім әрқалай түсіндіреді. Жай тілмен айтқанда, ақшаның құны жоғалып барады. Қазақша түсінікке салсаңыз, осыдан екі жыл бұрынғы 100 теңгенің құны қазір сатып алу қабілеті бойынша 50 процентке төмендеген. Әдетте қымбатшылық кедейдің соры, әлемдегі ауыздықтауға келмейтін инфляция бүгінде дәулеттілердің несібесін молайтып тұр.

Әлемде қанша кедей бар? Жаһандағы 200-ден астам елдің тұрмыс-тіршілігін сараптап көрсек, дәл анығына жету қиын. Жалпы кедейшілік пен орта тұрмыстағылардың деңгейін өлшеп-пішу әр жерде әртүрлі. Бізде де солай.

Ертеден келетін «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деген сөз бар. Қазақ басынан өткізгесін айтады. Талай ашаршылықты, дүниенің астан-кестеңін көріп, бір үзім нанға зар болғанда шындықтан туған ғой. Біз осылай демесек те, жан қиналғанда бағалы бұйымдардың түкке тұрғысыз екенін жақсы білеміз. Үндістанның тәуелсіздігін қорғап, кейін премьер болған Индира Ганди «Аш адамның түсіне нан құдай түрінде енеді» депті. Айта берсеңіз теңеу сөздер толып жатыр. Президент ашық айтқандай, Қазақстанда әзірге кедейлердің үлесі тым тәуір. Бүгінгі геосаяси жағдайдан болған қиындық салмағы алдымен көпшіліктің басына түседі. Жуық арада бұл бағытта Қазақстан билігі тиімді шешімдер қабылдайды деп ойлаймыз. Осы орайда бір мәселені атап өткіміз келеді. Қазақстанда негізгі азық-түлік өнімдерінің барлығы бар. Оның қоры да жеткілікті. Көптеген елдерге қарағанда біздің артықшылығымыз – осы. Шынын айтқанда, халықтың 70 проценті айлықтан айлыққа дейін өмір сүреді.

Теңгенің әлемдік нарықтағы қалыптасқан жағдайға байланысты шектен тыс құнсыздануы әлбетте халықтың тұрмысына қатты әсер етеді. Президент Жолдауда мемлекеттің қатысуымен экспорттық валюта түсімдерін сату көлемін арттыру мәселесін пысықтағанды дұрыс деп тапты. Жер қойнауын пайдаланушы жеке сектордың да өз валюта түсімдерін сатуын күтетінін мәлімдеді. Мемлекет басшысының бүгінгі ұстанымы айқын. Ол нарық пен халықтың мүддесін қорғайтын бақылаушы тетіктерді қолдана отырып, екінші деңгейдегі банктер өздерінің шарттық міндеттемелерін орындау барысында клиенттерінің валюта алуына бақылау және мониторинг жүргізуі тиіс екенін атап көрсетті. Бұл – барлығы үшін міндет. Себебі ел қиналған сәтте мемлекеттің атқарушы билігінен осындай шұғыл шаралар кешенін қабылдауды қажет етеді. Ең бастысы, Мемлекет басшысы алаяқтық әрекеттер ешқашан да қорымыздағы қаржыны орынсыз жаратуға түрткі болмауға тиіс екенін мәлімдеді. Әңгіме бұл жерде Ұлттық қор қаржысы туралы болып отыр.

Бұл дегеніміз не? Түсіндіре кетейік, кешегі күнге дейін 1 долларға шаққанда теңгенің айырбас құны 520 бірлікке жетті. Бұл нарықтық өлшем бе, әлде алыпсатарлық па? Көпшілік негізінен осыны түсінбейді. Теңгенің құнын әрі қарай өсірмей сақтап қалу үшін Ұлттық банк наурыз айының басынан 400 млн доллардан астам интервенция жасапты. Бұл туралы жуырда Ұлттық банктің өзі мәлімдеді.  Әлбетте, қалың жұртшылық үшін бұл – алаңдатарлық факт. Осыған орай Президент Үкіметке, Ұлттық банкке, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шешуші шаралар қабылдау қажеттігін міндеттеді.

Бір алаңдатарлық жағдай бар екенін жасырғымыз келмейді. Соңғы жылдары халықтың тұтынушылық несиеге деген тәбеті тым артты. Президенттен бастап  төлем қабілеті жоқ тұрмысы төмен адамдардың несиесін кешіргеніне, Мемлекет басшысының соңғы ескертуіне қарамастан, тұтынушылық несие елімізде еселеп өсе түсті. Тіпті кейбір деректерге сүйенсек, мұның соңы тұтынушылардың жаппай қайтару қабілетін жойып, техникалық сипаттағы дефолт тудыруы мүмкін деген қауіпті әңгімелер туғызуда. Басқаша айтқанда, әлемді 2008 жылы дүр сілкіндірген ипотекалық дағдарысты бүгінгі жағдаймен байланыстыратындар көп.

Барлығы ақшаға, дұрысы несиеге, қарызға сатып алынады. Алтын-күміс, басқаларыңыз да сондай. Бүкіл жүйе әлгі тойымсыз тұтынушылар үшін жұмыс істеп жатыр. Нақты мысал келтірейін. Қаласаңыз, алтын-күмісті қарызға беретін банктер оны жыл үлесіне бөліп тастайды. Уақыт өткенде тұтынушы оның еселенген бағасын төлейді. Мұны жай тілмен айтқанда «рассрочка» дейді. Біз қызылордалықтардың төлеу қабілеті қандай деңгейге жеткенін білмейміз, бірақ проблема республика бойынша ушығып тұр. Қанша айтсақ та, ендігі жерде бұл мәселеге мемлекет тарапынан тыйым салу қажеттігі туындайды.

Өткен жылдың соңында Ұлттық банк төрағасы жұртшылықтың банктер алдындағы қарызы шектен асып бара жатқанын, сондай-ақ оның көлемін азайтудың тетіктерін қарастыруға кірісетінін айтқанда, сарапшылар халықтың несиесіз өмір сүре алмайтынын жеткізіп, дабыл қаққан еді. Демек, халықтың несиеге тәуелділігі Үкіметтің қалауымен емес, жеке басының қажеттілігіне тәуелді болып қалғанын аңғартады. Ойланасың, бәлкім әлгі сарапшылар банктердің мүддесін қорғайтын шығар?

2021 жылдың соңына қарай әрбір қазақстандықтың орта есеппен 450 мың теңге көлемінде несиесі бар екені анықталды. Олардың көпшілігі тұтынушылық несие көлемін құрайды. Бізге сабақ болатын шығар, себебі кешегі геосаяси дағдарыстан кейін Қазақстанның бірқатар қалаларында импорттық тауарларды жаппай сатып алу үрдісі байқалған. Сарапшылар пікірінше, адамдар өз қалауын басқара алмайтын деңгейге жетті. Тағы бір есеп былай дейді. Бұл жалпыәлемдік үрдіске тән. Кейбір адамдар әл-ауқаты неге жететінін бағамдай алмай, несие арқылы қымбат көлікті тізгіндеп, зәулім үйлерде тұрғысы келеді. Мамандардың пайымдауынша, несиелік тәуелділікке әкелетін бірден-бір фактор осында жатыр. Бірақ бүгінгі шындық мына мәселені туындатты. Бүгінгі дағдарыс кешегінің ешқайсысына ұқсамайды. Ол бірнеше жылға созылып, әсіресе әлсіз топтардың тұрмыс жағынан әлсіреуіне әкеп соқтыратыны сөзсіз деп ойлаймыз. Ал Қазақстанның бұл тұрғыда экономикалық әл-ауқаты тәуір, Үкімет осыған орай тиісті шешімдер қабылдайтынынан үміттенеміз.

Батыс елдерінің Ресейге салған санкциялары бір жағынан өздеріне соққы болып тиюде. Қазірдің өзінде АҚШ-та, Еуропа елдерінде жанармай, газ бағасы, қымбат металдар құны еселеп өсті. Халықтың алғашқы дүмпуі сезіле бастады. Алдағы қыстан үлкен алаңдаушылық күтілуде. Әсіресе қымбатшылықтан әлемнің көптеген елдерінде жоқшылық пен аштық болуы әбден мүмкін деген алаңдаушылық бар. Қазақстанда астық мол, азық-түлікке қатысты тапшылық болмайтынын білеміз. Халыққа қажетті азық-түлік тауарларының қоры ұдайы қадағаланып отырылады. Алтын-валюта қоры тығырықтан шығуға әрдайым ықпал жасап келеді. Одан да зорын айтайық, соңғы уақытта Президент қолға алған коррупцияға қарсы шаралар да бюджеттің толыққанды қалыптасуына ықпал жасайды деген сенімдеміз.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»