Энергетика: болашақтан не күтеміз?

428

0

Қазақстан энергетика ми­нистр­лігінің мәліметі бойынша елімізде 2018 жылы 106,7 млрд кВт/сағ. электр қуаты өндіріліп, тұтыну мөлшері 103,2 млрд кВт/сағ. құраған. Демек, өндірілген көлем тұтынудан артық. Бірақ сарапшылар пікірінше, алдағы ондаған жылдар межесімен есеп­­тесек, Қазақстанға қосым­ша қуат көздері әбден керек. Халықаралық энергетика агент­­тігі, Дүниежүзілік энер­ге­тикалық кеңес, МАГАТЭ тә­різді ұйымдардың сараптамасына назар салсақ, 2050 жылға дейін әлем бойынша энергияға деген сұраныс көлемі ұлғаймақ. Бұл саладан 90 пайызға дейінгі өсімді Үндістан, Таяу Шығыс елдері мен Қытай қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бүгінде жерін­дегі табиғи кен орындарын игеру­де үнемшілдік танытып отырған АҚШ болашақта мұ­най мен газды экспорттаушы мем­­лекетке айналуы мүмкін. АҚШ 2030 жылға қарай мұнай өндірісінен Сауд Арабиясынан да озып кетеді деп болжануда. Бес жылдан соң әлемдік мұнай өн­дірісі көлемінің ұлғаюы дәс­түрлі емес қорларды игеру ар­қылы жүзеге аспақ. Мұнай өн­­ді­рісінің келешегі көлік ин­дустрия­­­сымен де байланысты болады.

Мұнайды пайдалану көр­сеткіші тұрғысынан Үн­дістан, Қытай және Таяу Шығыс елдері алдыңғы орыннан көрінеді. Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін 29 мемлекетте мұнай өндірісі азаймақ. Сондай-ақ, Қытай, Үндістан және Таяу Шығыс елдерінің үлесінен газ өндірісінің көлемі де ұлғаяды. Экономикалық даму жөнінен алдыңғы орында тұрған АҚШ-та газ өндірісіне басымдық беріледі. Еуропаны газбен Каспий аймағы қамтамасыз ететін көрінеді. Қазір дүниежүзі бойынша сығылған газ өндірісінің көлемі де біршама ұлғайып келеді. Тиімділігі жоғары технологияларға адамзат толығымен көшу үшін 15 жылдай уақыт керек. Осы уақыт ішінде мұнай мен газ ең қажетті ресурс болып қалады.

Негізгі энергия көзінің бірі көмір екені белгілі. Дүние­жүзілік энергия айналымында көмір үлесі өседі деп күтілуде. Бүгінде Германия көмір электрстанцияларын іске қосуға дайындалуда. Кө­мір өндірісіне қатысты таза технологиялар іске қосыл­ғанда көмірдің әлем бойынша өндірістік үлесі артады екен. Әзірше көмірдің зиянды әсерін төмендететін технологиялар жасыл технологияларды пайдаланып жатқан бірнеше мемлекетте ғана енгізілген.

Енді маңызды бір мәселе бар. Радиоактивті қал­дық­тарды көму толық шешіл­мейінше атом энергетикасы мәселесі де күрделі күйінде қала бермек. Бүгінгі таңда ха­лықаралық мамандар энер­гия өндірісінің тиім­ді­лігін арттыру мәселесін кеңі­нен талқылауда. Энергия үнемдеуді  барлық мемлекеттер мақсат етіп қойғанмен, бұл саладағы тиімділікті арттыру өз деңгейінде жүзеге асты деуге болмайды. Энергия тиімділігіне инвестиция салынса, энергетикалық қауіп­сіздік пен экономикалық өсімге және экологиялық мәсе­лелерді шешуге септігі тиер еді. 20 жылдан кейін энер­гияның жаңартылған түр­­лері бүкіл электр энергия­сы­ның үштен бірін алатын болады. Қазіргі кезде өндірілетін энергияның тек төрттен бірі ғана жаңартылған түрі болып отыр. Жақын арада энергияның жаңартылған түрлері электр энергиясы өн­дірісінде екінші орынға шы­ғады деп болжам айтады  ха­лық­аралық агенттік мамандары.

 «Kazenergy» агенттігінің баяндамасында Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, энергияны үнемдеу арқылы бәсекелестік деңгейін көтеру, ғылыми потенциалды арттыру, энергия тиімділігін арттыру, экология және су-энергетикалық мәселелер сөз болды. Қазіргі таңда Қазақстан әлемде энергия ресурстары өндірісінен алдыңғы 20 мемлекеттің тізіміне кіреді.

Дүниежүзі бойынша таби­ғи энергия ресурстарының 46 пайызы көмірге, 30 пайызы уранға тиесілі. Табиғи ресурстардың қоры жөнінен Қазақстан әлемде 6-орында тұр. АҚШ мамандарының есебіне сүйенсек, Қазақстан­ның барлауға түскен кен орындарындағы қазына 10 триллион АҚШ долларына жетеді екен. Массачусетс технологиялық институтының табиғи ресурстар және энергетика жөніндегі маманы, доктор Даниел Фаинның сараптамасы бойынша 1991 жылдың өзінде КСРО иеленген хром кенінің 90, мыстың 26, қорғасын мен цинктың 33, вольфрамның 38 пайызы Қазақстан жерінен алынған. Кеңестер Одағының кезінде барит қорының 82, фосфориттің 65, молибденнің 29, бокситтің 22, асбесттің 20, марганецтің 13, көмірдің 12 пайызы Қазақстан территория­сында болған.

Бүгінде Қазақстан мұнай мен газдан басқа магний, уран, алтын, т.б. қоры жөнінен әлемдегі ең бай мемлекеттердің қатарына кіреді. Қазірдің өзінде Қазақстан вольфрам өндіретін ең ірі мемлекет саналады. Вольфрам қоры жөнінен еліміз әлем бойынша бірінші орында. Хром мен фосфор кендерінің қоры жөнінен екінші, қорғасын, молибден қорынан төртінші орында тұр. Қазіргі таңда Қазақстанның кен байлығына АҚШ, Батыс Еуропа елдері, Түркия, Иран, Пәкістан, Қытай, Жапония зор қызығушылық танытып отыр.

Космостан түсірілген суреттер және халықаралық мамандардың зерттеуіне мән берсек, тек Каспийдің солтүстік бөлігінде ғана 3,5 миллиард тонна мұнай мен 2,5 триллион кубометр газ қоры бар екен. Қазіргі кезде Республика бойынша құрлықтағы мұнайдың 6,1 миллиард тоннасы, газдың 6 триллион текше метрі сақтаулы. Ел аумағындағы 300 алтын кенінің 173-і игерілген. Олардың арасында алмаз беретін кен орындары да бар. Қазіргі кезде алтын қорының тек 1 пайызы ғана өндірілуде. Болжамдар бойынша Қазақстан көмірі 250 жылға жетеді. Ал Қарағанды көмір бассейнінде 50 мил­лиард тонна көмір жатыр.

Бірақ, әр нәрсенің сұрауы, шегі бар екені белгілі. Кен орындарын шектен тыс қар­қынды игеру қазба бай­лық­тың сарқылуына әкелуі ғажап емес. Осы орайда мамандар 2025 жылдан кейін мұнай өндірісінің көлемі азая­ды деп болжап отыр. «Kaz­energy» агенттігінің са­рап­­тамасы бойынша Қазақ­станның энергетикалық көмір экспорты 2020 жылға дейін қазіргі деңгейінде сақталады. Екі жылдан соң Қазақстан көмірінің негізгі сатып алу­шысы болып отырған Ре­сей­дің көмірге деген сұра­нысы кемитін көрінеді. Қа­­зақ­стан уран қоры жөнінен дү­ние­жүзінде екінші орында тұр.

Әлемдегі жетекші елдер табиғи кен орындарына сенуді қойып, энергияның жаңа түрлерін өндіруге көше бастағаны да байқалады. Мәселен, Германия энер­гети­калық бетбұрысқа арналған жаңа бағдарлама қабылдап, әрі арзан, әрі тиімді «жасыл энергетика» көздерін игере бастады. Соның арқасында он жыл ішінде Германиядағы жаңартылған энергияның үлесі 25 пайызға жеткен. Күн панельдері мен жел құбырлары елдің электрге деген сұранысының жартысын өтеуде. Қазіргі кезде әлемде күн батареясынан алынатын энергия құны жыл сайын арзандауда.

Алдағы бес жыл ішінде Германия жаңартылған энер­гия­ның есебінен 40 па­йыз артық энергия алады. Жаңартылған энергия көз­дерін игерудің арқасында бұл елде шағын және орта бизнес дамып, салық түсімі артып отыр.

Жаңартылған энергия көздерін тиімді игеру арқылы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін күшейтуге мүм­­кіндігі зор. Энергетика көздерін жаңарту жасыл технологияларды тиімді игеру мен пайдаланудан басталады. Энергетикалық технологиялардан әзірше Жапония, Германия, Норвегия, Оңтүстік Корея, Дания сияқты мемлекеттер озық тұр.

Осының барлығы таяу болашақта адамзат баласының қандай бағытта дамып бара жатқанын айқындайды.

Ж.ӘЛМАХАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<