Индустрияландыру: бәсекеге бетбұрыс нығайып келеді

4613

0

Кейінгі жылдары экономиканы әртараптандыру және оның шикізат экспортына тәуелділігін азайту мақсатында индустрияландыру бағытындағы бағдарламаларға барынша басымдық берілді. Нақты жоспарлар бекітіліп, міндеттер белгіленді. Бастысы, осы индустрияландыру бағдарламасы ел экономикасының дамуына оң әсерін тигізді.

Шынтуайтында, индустрияландырудың бүгінгі кезеңі түрлі кедергі және қиыншылықтармен бетпе-бет келіп отыр. Себебі, әлемдік экономика күрделі ахуалды бастан кешіруде. Нақтырақ айтсақ, геосаяси жағдайлардың шиеленісуі, негізгі өнім саналатын шикізаттық ресурстарға бағаның құлдырауы аяқты аңдап басуға мәжбүрлеуде. Әлемдік экономиканың серкелері аталатын елдерде бір-біріне қарсы санкциялар өрбуде. Әсіресе, бұған Ресейдегі ахуалды қосуға болады. Осының бәрі айналып еліміздегі индустрияландыруға да өз әсерін тигізетіні анық. Дегенмен, осындай келеңсіздіктерге қарамастан отандық экономика өсімі жалғасып келеді. Оның ішінде өңірде де бұл бағытта қарқынды жұмыстар бар.

Мәселен, өткен аптада ғана облыстық  кәсіпкерлік  және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Фердоуси Қожабергенов индустрияландыру аясында биыл бес жоба іске қосылатынын мәлімдеген болатын. Жалпы құны 9 млрд теңгені құрайтын жобалардың қатарында 2 құс фабрикасы, балық өңдеу, ет комбинаты және есік өндірісі бар.

– 2022 жылдың қаңтар-маусым айларында облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 486 млрд теңгенің өнімін өндірді. Биыл индустрияландыру бағдарламасының үшінші бес жылдығы аясында жалпы 258 жұмыс орны құрылатын 5 жоба іске асырылады, – деді ол.

Аудандардағы ауқымды жобалар

Кейінгі уақытта өңірде құс етіне сұраныс артып отыр. Нақтырақ айтсақ, облыстың құс етін тұтыну қажеттілігі жылына 13,8 мың тоннаны құрайды. Қынжылтатыны сол, оның барлығы бізге сырттан келеді. Осы мәселені уақытында аңғарып, ет өнімін шығаруға ынта қойғанның бірі – «Қармақшы құс» серіктестігі. Қармақшы ауданындағы жылына 1500 тонна құс етін өндіретін бұл құс фабрикасының жобалық құны – 2 млрд теңге. Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетіліп, инженерлік инфрақұрылым «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жеткізілген болатын.

Болашақта 60 адамды жұмыспен қамтитын жобаның құрылыс жұмыстары 4 жыл жүріп, енді ғана аяқталды. Тек жұмысты жандандыратын, өндіріске қажетті деген қондырғыларды Бельгия, Иран, Қытай елдерінен жеткізіп, оларды монтаждау жұмыстары қалды.

Индустрияландыру аясында қомақты қаржы бөлінген келесі жоба – Жаңақорған ауданындағы құс фабрикасы. Жоба құны – 5,2 млрд теңге. «Абдулла» шаруа қожалығы қолға алған жобаның бүгінде құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Айтпақшы, мұндағы қажетті қондырғылар толығымен әлемдік экономикада көші ілгері Германиядан жеткізіліпті. Қазір оларды монтаждау жұмыстары жүруде.

Айта кетейік, құс фабрикасы жылына 3500 тонна құс етін өңдеуге қауқарлы. Бәрі ойдағыдай болса, жыл аяғына дейін 120 адам жұмыспен қамтылып, істің игілігін көрмек. Иә, жоғарыда аталған екі құс фермасы іске қосылғанда облыс тұрғындарының құс етіне қажеттілігін 36,7%-ке өтеуге болады.

Өңірде балыққа да сұраныс жоғары. Тапсырыстың басым бөлігі айдынды Аралға түскенімен, өзге аудандарда да ілгерілеушілік бар.

Мәселен, Қармақшы ауданындағы «Тұрған тамы» шаруа қожалығының балық өңдеу цехы биыл іске қосылмақ. Құрылыс жұмыстарын былтыр бастаған шаруа қожалығына мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетілуде. Қазірдің өзінде мұнда «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында электр желісі тартылуда. Ал қажетті қондырғыларды жеткізу тамыз айына жоспарланған. Жылына 324 тонна балық өңдеуге әлеуетті цех 40 адам жұмыспен қамти алады.

Айта кету керек, бүгінде облыс бойынша 9 балық зауыты жұмыс істейді. Жыл аяғына дейін аталған жоба іске қосылса, оныншы балық өңдеу цехы қатарға қосылады.

Игілігі мол істер

Қызылорда қаласында да индустрияландырудың игілігін көріп отырғандар жетерлік. Соның бірі – «Сыр маржаны» серіктестігі. Алайда сонау 2019 жылдан басталған ет комбинатының құрылыс жұмыстары әлі жалғасуда. Иә, келешекте 23 адамды жұмыспен қамтамасыз ететін жоба қондырғыларының бір бөлігі жеткізілген. Жоба бастамашысы комбинаттың құрылысын аяқтау үшін Аграрлық несие корпорациясы арқылы қаржыландыру мәселесін қарастыруда.

Өңірде құрылыс саласы да қарқынды даму үстінде. Ал оған қажетті керек жабдықты өзімізден шығару ең ұтымды нұсқа екені анық. Осы тұста «АдалКазСтрой» ЖШС үлкен тәуекелге барып, құны 100 млн теңге болатын бөлме аралық және сыртқы есіктер өндірісіне ден қойған. Келер айға дейін қолданысқа беріледі деген жобаның құрылыс жұмыстары аяқталу сатысында. Бұйырса, 15 адам жұмыспен қамтылады.

46 жоба жүзеге аспақ

Өңірдегі жағымды жаңалықтар мұнымен біткен жоқ. Байқасаңыз, кейінгі жылдары аймақта жаңа инвестициялық жобалар қарқынды жүруде. Мәселен, 2020 жылдан бастап Арал ауданындағы «Сервистік-дайындау орталығы» серіктестігі Ресей мен Польшаға мұздатылған балық филесін экспорттауда. Ал биыл бағдарлама аясында Қызылорда қаласында құны 87 млн теңгені құрайтын бетон зауыты іске қосылып, өнім шығару үшін дайындық жұмыстарын жүргізуде. Цехта 10 адам  жұмыс жасайды.

– Индустрияландыру бағдарлама аясында соңғы 11 жылда 35 жоба іске асырылып, жаңа өндірістер пайда болды. Соның арқасында екі мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Ал былтыр жүзеге асқан 4 жобаның екеуі – шыны және керамзит өндірістері құрылыс индустрия саласына, екі жоба – ас тұзы және күріш өңдеу, азық-түлік өнімдерін шығаруға бағытталған. Аталған жобалар бойынша жылдың І жартысында 22 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, экспорт көлемі 30 процентке артты, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, бағдарламаның үшінші бесжылдығында құны 654 млрд теңгені құрайтын 46 жобаны жүзеге асыру жоспарда тұр. Ал жаңа өндірістер импортқа тәуелділікті азайтып, облыс тұрғындарын жергілікті өнімдермен қамтамасыз етуге бағытталғалы отыр. Аталған жобалар жүзеге асса, жеті мыңнан аса адам жұмыспен қамтылады.

Тау-кен металлургиясының қарқыны қалай?

Қазіргі таңда индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығы шеңберінде басымдығы бар алты сала анықталған. Олар: мұнай өңдеу және металлургия кешені, тамақ және химия өнеркәсібі, өнеркәсіптік жабдықтар және құрылыс материалдары өндірісі.

Биыл осы айтулы салалар бойынша өңірде құрылысы басталатын бірқатар жобалар бар. Олардың қатарында «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту фабрикасының жер асты кенішінің құрылысы, «Баласауысқандық» кен орнын игеру жобасы және Қызылорда қаласындағы «ВЕГА-Пром» серіктестігінің құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру цехын кеңейту жобасы бар.

Жеке-жеке тоқталайықшы.   «Шалқия» кен орны – дүние жүзіндегі ең ірі бес кеніштің бірі. Жобаны қаржыландыру мәселесі Еуропалық қайта құру және даму банкімен шешілген.

Бүгінгі күні жер асты кенішінің құрылыс жұмыстары басталды. Ал, фабрика құрылысын жүргізетін мердігер мекемені анықтау үшін Еуропалық қайта құру және даму банкі платформасында тендер өткізілуде. Нәтижесі осы жылдың қыркүйек айында белгілі болады. Комбинат іске қосылғанда жаңадан мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Ресми мәліметтерге сенсек, І кезеңде – жылына 2 млн тонна кен өңдейді, одан әрі қуаттылығын жылына 4 млн тоннаға дейін ұлғайтатын болады.

Ал «Баласауысқандық» кен орнын игеру жобасы 100% шетелдік инвестордың қатысуымен іске асырылуда. 2016 жылдан бастап тәжірибелік-өндірістік кешен жұмыс жасайды. Биылғы жылдың 5 айында 233 мың тонна аммоний метаванадаты Ресей мен Ұлыбританияға экспортталды. Келесі жылы осы тау-кен байыту комбинатының құрылысын бастау жоспарлануда.

Құрылыс индустрия саласында Қызылорда қаласындағы «ВЕГА-Пром» серіктестігінің құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру цехын кеңейту жобасы жүзеге асырылуда.

Жобаның бірінші кезеңі 2015 жылы іске қосылды. Жоба бастамашысы өндіріс қуаттылығын 9 мың тоннадан 24 мың тоннаға ұлғайту мақсатында жобаның екінші кезеңін жүзеге асыруды бастап кетті. Бүгінгі күні екі цехтың және әкімшілік ғимараттың жабын жұмыстарымен қоса, цех аймағын қоршау қолға алынған. Арнайы техникалар да сатып алынды. Енді электроэнергия және газ жеткізу үшін жоба-сметалық құжаттамалар әзірленуде.

Айта кету керек, бұған дейін басталған кейбір жобалардың құрылысы әлі толықтай аяқталмаған. Оның ішінде Арал ауданындағы түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауыты, Қызылорда қаласындағы «Айғасар» серіктестігінің «Бие сүтін өңдеу цехы» жобасы, «Игіліков» жеке кәсіпкердің балық қалдықтарынан жасалған балық ұнын өндіру жобасы бар. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<