Карантиндегі кәсіп

17

0

Қауіпті дерттен сақтану үшін дәріханадан бетперде таппай жүргенде ауылдағы тігінші Жұпаркүл апамыз әдепкілердің қатарында оны қолдан тіге бастады. «Dalatex» компаниясы қала халқын қамтамасыз етсе, Қоғалыкөлдегі жұртшылық бетпердені Жұпаркүл Нұржановадан алды. Қаладан алуды ұмыт қалдырғандар мен бетперде таппай сабылғандар тігінші апайдың есігін қақты. Әлбетте, аспандағы бағаны сұраған жоқ. «Қанағат қарын тойдырар» деп қалтаға қонымды бағаға ауылдастарына ұсынды. Тіпті біршамасын тегін де таратты.

– Ел басына күн туғанда мойынға түскен жүкті жұмыла көтерген жөн. Әйтпегенде, тарыдай шашырап әрбіріміз өз қамымызбен кетсек не болмақ?! Өзім Қызылорда қаласында тігіншімін. Каран­тин уақытында ауылда қал­дық. Отбасымызбен үйдеміз. Халыққа бетперде қат бо­лып жатқанда қолдан тігіп бастап едім, қазір менің осы ісімді жалғап жатқан қыз-келіншектер көбейді,  – дейді Ж.Нұржанова. 

Тағы бір байқағанымыз, індеттен үрейленген жұрт­шылық қазір тіпті сауданы да сақтықпен жасайтын болды. Әдепкіде сақтық шараларын қолданғанға күле қарайтын көпшілік қазір маска мен резеңке қолғапты тастамайтын болған. 

Қалдыбек Қожақов соң­ғы он жылдың көлемінде азық-түлік дүкенін ашқан. Оңтүстік өңірден көкөніс әкеліп, біздің өнімдер көк түйнек кезде дүкен сөресіне тізіп қояды. Еңбекқорлығына талай жан тәнті. Десе де, карантин уақы­тында оның дүкендерінде де жұмыс саябырсыған. «Елмен бірге көреміз» дейді кәсіпкер.

– Қазір бізге уақыт беріп қойды. «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деуші ме еді?! Әкімшілік қойған уақыт­­пен жұмыс істейміз. Сауда бұрынғыдан 60-70 про­центке азайды. Өйткені, халық каран­тин басталғалы ба­зар­дан қаптап үйіне тасып алған. Бірен-саран адам күн­­делікті қажетті нан-суға келеді. Сақтық шара­ларына жұрт қа­лыптасып қалды. Бет­перде тағып, қолғап киіп жүр. Аман болайық, не болса да елмен бірге көреміз, – дейді Қ.Қожақов.

 Айтпақшы, қазір онлайн сауда жасау ел арасында кең қолданысқа енді. Мәселен, қызылордалық Шәкен Құр­манғазы 2007 жылдан бері несібесін саудадан айырып келеді. Соңғы бес-алты жыл көлемінде ол «Айтбек» сауда үйінде спорттық заттар мен киім-кешектер сатуды қолға алды. Карантин басталғалы бері онлайн жүйеге көшкенін айтады.

– Instagram желісінде парақ­шамыз бар. Сол арқылы тапсырыс беріп жүрді. Халық­тың сақтық шараларына мән бере бастағаны соншалық, басым көпшілігі электронды түрде есептеседі. Қазір екі адамның бірінде «Каспий голд» қосымшасы бар. Сол арқылы кімге қанша қаржы жібергіңіз келсе де, орындай бересіз. Ал онлайн сауданың жақсы жері таңнан қара кешке дейін дүңгіршекте қамалып отырмайсыз. Қажетті затты апарып беріп, әрі қарай қосымша жұмысыңызды бі­­­тіресіз, – дейді Ш.Құр­манғазы.

Даңғыл жолдар бос. Көлік те ілуде біреу кездеседі. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін ғана бай­қайсыз. Көпқабатты үйлердің маңынан өтсеңіз, терезеден сыртқа көз тастаған адамдар. Иә, қысылтаяң шақта тәртіпке бағынып, үйде болған қандай жақсы?! Қауіп сонда сейілмек.

Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы».

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз