Комбинат құрылысы басталды

651

0

Сыр еліндегі «Шалқия» кен орнының ел экономикасындағы маңызы айрықша. Өйткені, «Шалқия» мырыш қоры бойынша әлемдегі ірі кен орындарының бірінен саналады. Мамандардың айтуынша, бұл кеніште барланған руданың қоры – 120 млн тонна.


Осындай рудаға бай кеніште кен өндіру ісі 40 жылға жуық тоқтап тұрды.


«Шалқияның» қайта өр­кендеуі 2014 жылы басталды. Сол жылдың шілде айында кеніште кен өндірумен айна­лысатын «Шалқия Цинк ЛТД» ЖШС-нің 100 проценттік үлесін «Тау-Кен Самұрық» Ұлт­тық компаниясының сатып алу жұмыстары аяқталды. Жо­баның жалпы құны 500 млн АҚШ долларын құрайды. Оның 350 млн доллары «Еуропалық қайта құру және даму банкі» арқылы қаржыландырылады.

Соңғы 3 жылдан бері аталған кен орнында инвесторлармен бірге жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүр­гі­зілу­де. Мамандардың ай­туын­­ша, кеніште қорғасын мен мырыштың 30 жылға же­тетін қоры бар. Кен 800 метр тереңдіктен қазылады. Шикізатты қазып қана қоймай, оны өндіріске жарату мақ­сатында кен байыту комбинаты бой көтереді.


Қуаныштысы, «Шалқия» кені­шінде тау-кен байыту комби­натының құрылыс жұмыстары басталды.

Айта кетейік, ауқымды жоба республикалық Индустрияландыру картасына енгізілген. 2016-2019 жылдары 39,7 млрд теңге игерілді. Биыл тағы 8 млрд теңге қаражат игерілмек. Қазір кен орнында 625 адам жұмыс істеп жатыр. Фабрика іске қосылғанда мұнда 1,5 мың адам еңбек етеді. Жылына 4 млн тонна қорғасын мен мырыш өндіріледі деп күтілуде.


Нақты кезеңде «Шалқия Цинк ЛТД» ЖШС тау-кен байыту комбинатының жобасын бастады. Комбинатқа әлемдегі жетекші елдердің мырыш-қорғасын өндіретін сандық тех­нологиялары енгізіледі. Өндіріс орны тоқырап қалған кезде өзге өңірлерге көшіп кеткен ма­мандар қайта елге оралуда. Олар жаңа технологияны меңгеру мақсатында шет мемлекеттерде біліктіліктерін арттыруда.


Айта кетерлігі, тау-кен байыту комбинатының жо­басы «Еуропалық қайта құру және даму банкі» арқылы қаржыландырылады. «Шалқия» қорғасын-мырыш кенішіндегі қуаттылығы жылына 4 млн тонналық кен-байыту комбинаты – «Қызылорда облы­сында тау-кен металлургия кешенін дамытудың жол кар­та­сына» енген 3 ірі жобаның бірі.


Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<