Коммуналдық қызмет ақысы да қымбаттай ма?

709

0

Бүгінде нарықта тіршілік үшін қажетті тауарлар бағасы ышқынып тұр. Азық-түлік, көкөніс, жеміс-жидек, бақша өнімдері, құрылыс материалдары, мал азығы секілді қажеттіліктердің бағасы шарықтап барады. Мұндайда мемлекет бағаны ырықтандыруға күш салып, барлық тетіктерді жұмылдырып жатқанмен де, көп жағдайда дәрменсіз екенін мойындауға тура келеді. Өйткені нарықтың өз заңдылығы бар. Бағаны нарық реттейді. Түрлі экономикалық жағдайларға, табиғи құбылыстарға, өндірістің кемуіне, сұраныстың артуына байланысты баға өзгеріске ұшырап жатады. ­Ондайда мемлекет бағаға ықпал жасай алмайды. Бұл – тек Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде болатын құбылыс.

Дегенмен­ мемлекет тұр­ғындар төлейтін комму­нал­дық төлемдердің ақысын реттей алады және оны сәтті жүзеге асырып келе жатқанын мойындауға тиіспіз. Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу ко­митетінің негізгі міндеті та­биғи монополия субьектілері қызметін бақылау және реттеу екенін білеміз. Табиғи монополия аясына су беру мен сарқынды суды бұру, жылу энергиясын өндіру мен жабдықтау, кірме жолды ұсыну және газды, электр энергиясын тасымалдау қызметтері жатады.

Комитетке қарасты облыс­тық департамент  53  қызмет түрін көрсететін 33 табиғи монополия субъектісінің қыз­метін реттейді. Одан бөлек, электр энергиясымен және газбен жабдықтау саласындағы 4 қоғамдық маңызы бар нарық субъектісіне қатысты баға белгілеу функциясын жүзеге асырады.

Департамент басшысы Гүл­мира Өтегенова бізбен әңгіме барысында тарифтерді қалып­тастыру бойынша атқа­рылған жұмыстарды таныстырып өтті. Жыл басынан бері реттелетін коммуналдық қызметтердің та­рифтері, электр энергиясының бағасын қос­пағанда, қол­да­ныс­тағы дең­гейде қалған. Оның ішін­де төмендегендері де бар. Биылғы 1 қаңтардан бас­тап 2 табиғи монополия су­бъек­тісі тарифінің қол­дану мерзімі аяқталуына бай­ланысты департамент қол­­да­ныстағы занңаманы бас­шы­лыққа ала отырып, та­­риф­ті төмендеткен. Атап айт­қанда, «Қызылордажылуэлектр­ор­та­лығы» мемлекеттік ком­му­налдық кәсіпор­ны­ның жы­лу­­мен жабдықтау қыз­ме­тіне тариф тұрғындар үшін 5,6%-ке (1 шаршы метрге қосымша құн салығымен 96,76 теңгеден 91,37 теңгеге дейін, ал есептегіш құралдары бар тұрғындарға 1 Гкал-ға ҚҚС-мен 1989,42 теңгеден 1878,44 теңгеге дейін), «Теміржолсу-Қызыл-Орда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сумен жабдықтау қызметіне тариф тұрғындар үшін 8,2%-ке (1 текше метрге қосымша құн салығымен 53,37 теңгеден 48,99 теңгеге дейін) төмендетілген.

Сонымен бірге, электр энергиясымен жабдықтаушы үш ұйым 1 қаңтардан бастап өз еркімен бағаны түсірген. 1 кВт сағатқа қосымша құн салығымен тұрғындар үшін орташа тарифтер бойынша «Энергосервис» ЕЖШС  16,70 теңгеден 16,33 теңгеге немесе 2,2%-ке, «Шиелі Жарығы» ЖШС  17,95 теңгеден 17,40 теңгеге немесе 3,1%-ке, «Дәулетэнерго» ЖШС 19,16 теңгеден 18,80 теңгеге немесе 1,9%-ке  төмендетіпті.

Департаментке  5 айда та­биғи монополия субъек­тіле­рінен тарифтерді және  сметаларды бекітуге 29 өтінім түссе, оның 18-і бойынша ұсынылған құжаттар қол­даныстағы норма­тивтік-құ­қықтық актілердің талаптарына сәйкес келмеуіне бай­ланысты қабылданбаған. Ал төрт өті­німді  субъектілер қайта алған. Келесі 2 өтінім бойынша оңайлатылған тәртіппен тарифтер мен сметалар бекітілгенін айта кету керек. Атап айтқанда, «СЕАД Логистик» ЖШС-на кірме жолды ұсыну бойынша және «Қызылорда газ тарату жүйесі» коммуналдық мемлекеттік кәсіп­орнына тауарлық газды тасымалдау қызметі (тарифі 1000 текше метрге ұсынылғаннан 64,8%-ке төмендетіліп 7446 теңге мөлшерінде бекітілді) тарифі бекітілді. Қазіргі күні өтінімдер қаралу үстінде.

Департамент басшысы 1 мау­сымнан бастап электр энер­­гия­сының бағасы өзгер­генін жеткізді. Оған Энергетика министрінің бұйрығымен бекітілген электр станциялары өндіретін  энергия бағасының өсуі басты себеп болды.

Осы орайда Энергетика вице-министрі Қайрат Рахи­м­ов­тың жақында жарық көрген мәлімдемесін еске сала кетейік.

– Еліміздегі электр энергиясын өндіруші 37 компания 2020 жылдың қыркүйек айында жарықтың шекті бағасын 36% өсіру туралы өтініш білдірді. Жарты жыл бойы оның қаншалықты негізді екендігіне талдау жасадық. Техникалары ескірген, жұмыcшыларының айлығы төмен. Басқа да мәселелер бар екені анықталды. Осыны ескеріп, Қазақстан бойынша энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерін 15% өсіру туралы бұйрық шықты, – деген еді ол.

Осы ретте «Қызылорда­жылу­­электр­орталығы» МКК-ның өндіретін электр энер­гиясының бағасы 11,30 теңгеден 12,54 теңгеге дейін немесе 11%-ке өскенін ескерте кетелік. Бірақ бұл орталық облысты электр қуатымен толық қамтамасыз ете алмайды. Энергияны қосымша Екібастұздан, Жамбыл ГРЭС-нен аламыз. Оларда да көтерме бағасы өскен.

Г.Өтегенованың айтуынша, электр энергиясының  баға­сы 3 бөліктен тұрады. Оның біріншісі – Энергетика ­минис­тр­лігі бекітетін өндіруші стан­ция­лардың бағасы, екін­шісі – Табиғи монополия­ларды реттеу комитеті мен оның жергілікті департаменті бекітетін электр энергиясын тасымалдау тарифі, сондай-ақ, департаментпен келісілетін энер­гиямен жаб­дықтаушы ұйым­дардың үс­теме­ақы шы­ғындары.

Осыған сәйкес, сатып алынатын бағасының өсуіне байланысты облыстағы энергиямен жабдықтаушы үш ұйым департаментке бағаның 7,7%-тен 16,4%-ке дейін өзгеретіні туралы ақпараттарын ұсынған. Оларды қарау кезінде қабыл­данатын шешімдердің ашық­тығын қамтамасыз ету үшін департамент сәуір айында 7 аудан мен облыс орталығында жария тыңдаулар өткізді. Жария тыңдауға мәслихат депутаттары, жергілікті басқару органдарының, «Атамекен» кә­сіп­керлер палатасы,  қоғам­дық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдері және тұтынушылар қатысты. Айтылған ұсыныс-пікірлерді ескере отырып, негіздеуші құжаттарды тексеру нәтижесі бойынша электр энергиясымен жабдықтау қызметінің бағасын келісіп, орташа баға 1,9%-тен 6,3%-ке дейін өзгертілді.

Соған сәйкес «Энергосервис» еншілес жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бойынша  тұрғындар үшін орташа босату бағасы қолданыстағы бағамен салыстырғанда 1 кВт сағатқа қосымша құн салығынсыз 75 тиынға өзгерген. Ал  «Шиелі Жарығы» ЖШС бойынша 69 тиынға, «Дәулетэнерго» ЖШС бойынша 33 тиынға өсіп отыр.

Аймақта су, жылу құны  2020, 2021 жылдары өзгерген жоқ, керісінше баға төмендеген тұстар бар. Тек электрстанциялар  шығынына байланысты көтерме баға өсті. Ал газдың бағасы  Табиғи монополияларды реттеу комитетінің үш жыл бұрын бекіткен көлемінде сақталған. Газбен жабдықтау бойынша департамент Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде «Қызылорда газ тарату жүйесі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны ұсынған бағаны  төмендетіп келісті.

Жалпы алғанда, комму­нал­дық төлем баға­ларында анау айтқандай өзгеріс жоқ. Қымбатшылық бет қаратпай тұрғанда бұл да болса көңілге медеу.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<