Кредиттік каникул – кәсіпкерлерге көмек

61

0

Дүние жүзінде пандемия жариялануына байланысты қызылордалық күрішшілердің жеңілдіктен қағыламыз ба деген қорқынышы сейілді. Оған облыстық кәсіпкерлер палатасы араласып, мәселенің нүктесін қойды.

Еуразиялық экономикалық одақ құрамында жоқ елдерге маусым айының соңына дейін бірқатар азық-түлікті шығаруға тыйым салынған еді. Оның ішінде күріш те бар. Мұны естіген сырбойылық кәсіпкерлер абдырап қал­ғаны рас. Өйткені еліміз бо­йынша ақмаржанның 90 процентке жуық бөлігі біздің өңірде егіледі. Ала жаздай атыз жағалап, ащы терін жерге сіңірген талай адам шаруашылықтың осы түрінен нәпақасын айырып жүр. Кәсіпкерлердің шырылдаған үні Үкіметке жетіп, одан нәтиже шықты. 

– Олардың табысы экс­портқа тәуелді. Мәселені тиіс­ті министрліктердің на­зарына ұсынудың арқасында күріш экспортына кедергі жо­йылды, – дейді палатаның бөлім бастығы Жасұлан Серіков. 

Бұған басты дақылды өндіруші, өңдеушілер дән риза. 

– Ұйым аймақтағы ауыл шаруашылығы тауар өндіру­шілерінің мүддесін қорғап, көктемгі науқан кезінде ке­дергілерге жол бермеу мақ­сатында осылай көмек­тесіп жатыр, – дейді «Абзал және К» ТС директорының орын­басары Сағидулла Сыздықов. 

Елдегі карантин режимінен шағын және орта кәсіпкерлік саласы өкілдерінің еңсесі түскені анық. Өйткені қа­лыптасқан күрделі ахуалға байланысты талай бизнес нысаны қаңырап қалды, қаншама адам табысынан айырылды. Алайда, Пре­зидент тапсырмасымен са­ланы қолдаудың бірқатар тетігі әзірленді. Ұлттық эко­номика вице-министрі Мәди Такиевтің айтуынша, экономиканы сауықтыру үшін салықтық ынталандыру ша­ралары қабылданды. Мәселен, сауда, ойын-сауық, қоғамдық тамақтандыру, қонақүй және туристік қызмет орындары, кинозал, театр, көрме, спорт нысандары жыл соңына дейін мүлік салығын төлемесе болады. Одан бөлек, салық салудың жалпыға ортақ тәртібімен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жеке табыс салығынан босатылды. 

Мемлекет басшысының шағын және орта бизнестегі барлық несие бойынша негізгі қарыз бен сыйақының төлем мерзімдерін кейінге қалдыру туралы тапсырмасына сәй­кес аймақтағы екінші дең­гейлі банктер, қаржы ұйым­дары қарқынды жұмыс ат­­­қарып жатыр. Облыстық кә­сіпкерлер палатасының call орталығына хабарласып, осы жөнінде сұраушылар көбейді. Мамандар олардың ешбірін елеусіз қалдырмайды. Әр сұраққа жеке мән беріп, қаржы ұйымдарына жолдайды. 

– Кәсіпкерлік субъекті­ле­рі­нен кредиттік каникул алу үшін қаржы ұйымдары мен екінші деңгейдегі банктерге бағытталған 901 өтінім түсті. Оның 665-і мақұлданды. Сондай-ақ, мемлекеттік бағ­дар­ламалар аясында 52 жоба бойынша жалпы сомасы 5,8 млрд теңге болатын несие төлемі кейінге қалдырылды, – дейді палата директоры Ғалымбек Жақсылықов. 

Жалпы, «Қазақстан халық банкі» АҚ-ның Қызылорда және Байқоңыр филиалдарына 376 өтінім түсіп, оның ­371-і қолдау тапты. Мемлекет басшысының тапсырмасы осы­лайша түгел дерлік орындалды. «Банк Цент­Кре­дит», «Форте Банк» филиал­дары да қарбалас шақта клиенттерінің тілегіне құлақ асып, оны орындау үшін қам жасауда. 

Ендігі жаңалық, «Қызыл­орда» өңірлік инвестиция орталығы жергілікті кәсіп­керлер палатасының сенімді басқаруына берілді. 

– Бұл бізге әрбір жоба бойынша жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Осы орайда аудандық фи­лиал­дардың басшылары жо­баларды бақылау кеңесінің қарауына шығару үшін оларды сүйемелдеуге алып, мониторинг жасап жатыр, – деді палата директоры. 

Атқарылған жұмыстың арқасында өңірлік инвестиция орталығы жалпы төлем со­масы 30,6 млн теңге бо­ла­тын 75 жобаны кейінге қал­дырды.

Қауіпті індеттің тез таралуына байланысты Қа­зақстан ғана емес, бүкіл әлем жапа шегіп отыр. Пре­зидент тапсырмасына сәйкес ел Үкіметі халыққа қол ұшын бе­руге, кәсіпкерлерді қол­дауға әзір екенін көрсетіп, әр­түрлі шараларды қолға алды. Кәсіпкерлік – кез келген экономиканың тірегі екенін ескерсек, төтенше жағдай кезінде сын-қатерлермен бет­пе-бет келген шағын және орта бизнесті қолдауға басым­дық беру – маңызды шешім.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз