Мұнай бағасының құлдырауы Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді?

377

0

ҚР мұнай сервистік компаниялар одағының төрағасы Рашит Жақсылықов мұнай бағасының құлдырауы Қазақстан экономикасына қалай әсер етуі мүмкіндігін айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мұнай бағасы нарығында үлкен толқыныс болуды. Мұнайды ірі көлемде тұтынатын Қытай мемлекеті коронавирус індетіне байланысты сұранысты ауқымды мөлшерде азайтып тастады. Оған қоса, мемлекетаралық әуе қатынастарына, суда жүзетін танкерлерге қойылып жатқан шектеулер де әсерін тигізуде. Енгізіліп жатқан карантинге байланысты автокөліктерге сұраныстың азаюы да мұнайға деген сұранысқа сөзсіз кері ықпалын тигізуде», – деді Рашит Жақсылықов бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
 Одақ төрағасының айтуына қарағанда, мұнай өндіруші мемлекеттердің сауда «соғысы» нарықты шиеленестіріп жіберген.
 «Жоғарыдағы деректерге сүйене отырып, 2020 жылы мұнайға деген сұраныстың өте төмен болатынын болжауға болады. Мұнай бағасының жағдайы жақын арада оңалады деп айту өте қиын. Біздің болжамымыз бойынша мұнайға қатысты жағдай 1-2 жылға созылуы әбден мүмкін», – деді ол.
 Рашит Жақсылықов тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл дүниежүзінің экономикасы сын сағатта тұрғанын айтады.
«Біздің мемлекет үшін бұл жағдай несімен ауыр болады? Еліміз бюджетінің негізгі кірісін қамтамасыз етіп отырған мұнай және газ өндіруші мекемелер. Олардың бюджетке түсіретін түсімдері: ұлттық қорға құйылатын трансфер 3,4 трлн теңге, сатылған өнімге салынатын баж кірісі – 1 трлн теңге. Егер мұнай бағасы 25 долларға түссе баждық алым төленбейді. Мұнайға қызмет көрсету саласының бюджетке беріп отырған қаржысы – 500 млрд теңгені құрайды. Мұнай бағасы бүгінгі көрсеткіште қала беретін болса, кіріс үш есе азаяды. Бюджеттің ішкі айналым тапшылығы 1,2 пайызды құрайды. Өздеріңіз көріп отырғандай қомақты қаражат еліміздің бюджетіне түспейді», – деді ол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<