Онлайн сауданың игілігі мен шикілігі

1034

0

Үй аралап, компания тауарын ұсынатын, көше бойында жарнама қағазын тарататын, базар алдында «біздің дүкенге кіріп көріңіз!» деп айғайлап тұратындар барлығымызға таныс. Себебі, еліміз бұл көріністен түгел арылған жоқ. Дегенмен, маркетинг саласы да жаңаша кейіпке енуде. Қазір азық-түлік тауарына дейін есіктің алдына жеткізіп беретін қызмет барын ескерсек, біз онлайнның оңтайлы тұсын пайдаға жарата алдық деп айта аламыз. ХХІ ғасырдың базары – онлайн дүкендердің дамуы жайлы тарқатсақ.

Бүгінде супермаркеттер, үлкен сауда орталықтары желідегі саудаға қызығушылық таныта бастады. Әлеуметтік желінің қай түрін алсаңыз да, түрлі дүкеннің жарнамасы толып жүр. Қарапайым Instagram желісін алайықшы. Қазір кіммен кездессек те, кіммен сөйлессек те «инстаграмда барсың ба?» деп сұраймыз. Жалпы Instagram – жарқын сәттер мен көңілді кездерден естелік қалдырып, суреттермен бөлісетін және басқа да таныстар мен достардың фото­суреттеріне, шағын бейне­жазбаларына баға беріп, пікір алмасатын әлеуметтік желі. Ал, ең бастысы, мұнда өз өніміңді жария­лап, сауданың көрігін қыздыруға мүмкіндік бар.

Жуырда мен де аталған желіге қосылдым. Әдеттегідей суретке түстім, өңдедім, жарияладым. Одан қалды достарымның әлеміне қонақтап, лүпіл басуды ұмыт қалдырмадым. Бірақ, желіні парақтай келе, сатылымда жүрген дүниелер көздің жауын алмай қоймады. Түрлі тәттілер, әдемі киімдер, соңғы үлгідегі техника, тұрмысқа қажетті тауардың барлығы осында. Бағасы көрсетілген, сапасы жайлы толық мәлімет бар, уақытыңызды үнемдегіңіз келсе, қала ішінде жеткізіп беру тетігі де қарастырылған. Солардың ішінде қыздарға арналған әшекей-бұйымдардың саудасы қызу. Сәні мен салтанаты келіскен, сан түрлі асыл тастармен безендірілген зергерлік бұйымдарды көріп, дереу иесіне қоңырау шалдым. Осылайша ақша табуды емес, өзінің қолынан шыққан дүниелері арқылы адамдарға қуаныш сыйлағысы келетін еңбекқор Динара Әлімбет есімді қызбен таныстым. Бала кезінен зергерлік бұйымдарға қызығушылық білдіріп, болашақта ісмер болуды армандаған ол қазір де арманынан жырақтамай, жұмыс уақытынан бөлек, тапсырыс қабылдап, тұтынушыларын заманға сай, түрлі дизайндағы өнімдерімен қуантып жүр. Жан қалауын шағын бизнеске айналдырған Динара ғаламтордағы арнайы бағдарламалардың көмегімен қолға алған ісінің жарнамасын дөңгелентуде.

– Мамандығым – экономист. Бос уақытта хоббиіммен айналысамын және қазіргі таңда трендке айналған SMM мамандарының желіде жарқын жазба жазу, контентпен жұмыс істеу, жарнаманы ілгерілетуге қатысты дәрістерінен қалыс қалмаймын. Мұнда өзіме қажетті көп кеңеске қол жеткіздім. Түсінгенім, негізгі цифрлы маркетингтік арналардың қалай жұмыс істейтінін үйреніп, кез келген адамға интернетте өз бизнесін тиімді ілгерілетуге көмектесетін, өзіндік бренд қалыптастырып, сан қырынан таныта алатын с­тратегия жасау оңай,  – дейді ол.

Бұл – әлеуметтік желілердегі қарқын. Ал, енді электронды форматта қызмет көрсетіп жүрген онлайн платформалардың қызметіне тоқталсақ. Тұтынушылардың пікіріне сүйенсек, қазақстандықтардың онлайн шопингке деген сенімінің берік болмауына әсер ететін  факторлар – тауарды жеткізу қызметіндегі кемшіліктер, кейбірінің мемлекеттік тілде қызмет көрсетпеуі және ұнамаған тауарды кері қайтару мәселесіне келгенде орын алатын қолайсыздықтар. Мәселен, сіз «Lamoda.kz» интернет-дүкенінің сайтына хабарлассаңыз, қазақтілді оператордың жоқтығына көз жеткізесіз. Кей бренд дүкендерінен тапсырыспен жеткен киім көңіліңізден шықпай қалып жатса, оны кері тек пошта көмегімен өз қаржыңыз арқылы қайтарасыз. Уақыт та шығын.

Бұл ретте Еуропа елдерінде кеңінен таралған «Click and Collect» қызметі ойға оралады. Оның механизмі мынадай. Кез келген брендтің ресми сайтына кіресіз де, өзіңізге ұнаған тауарларға сол жерден тапсырыс бересіз. Жеткізу нүктесі ретінде дүкеннің үйіңізге ең жақын орналасқан бөлімшесін таңдайсыз. Екі-үш жұмыс күнінен кейін әлгі тапсырысыңызды сол дүкенге тегін жеткізіп береді. Затыңыз ұнамай қалып жатса, тура сол жерде өткізіп, ақшаңызды түгелімен кері қайтарып алуыңызға болады. Қысқасы, сатушыға да, сатып алушыға да қолайлы. Қынжылтатыны, бұл қызмет әзір біздің елде жоқ.

Онлайн платформа арқылы сауданы тәуекелді идеяға балағанымызбен, карантин уақытында жіпсіз байланған ел керек-жарағына осы платформалар арқылы қол жеткізіпті. Артықшылығы аз емес, бірақ мұнда да нюанс бар. Карантин режимін пайдаланып, алаяқтығын іске асырғандар жиі кездескен екен, соның ішінде қысқы тондарды арзан бағамен сатамыз деп қызықтырғандар көп. Тіпті, алданған бір тұрғын 100 мың теңгені аударып жіберген  факт те тіркелген. Міне, бұл да – QIWI-әмиянмен жасалатын интернет-алаяқтықтың бір түрі. Сан соғып қалмас үшін  ең біріншіден, тауар алатын қандай сайт, жалған емес пе, соны анықтауға тырысу қажет. Оның мекен-жайы, телефондарына баса назар аударған жөн. Егер болып жатса, оған хабарласып, сатушысымен сөйлескен дұрыс. Осындай жан-жақты ақпараттарды анықтап алғаннан кейін ғана ақшаны төлеуге болады. Ескеріп, бейжай қарамағанда ғана қателіктің алдын алатыныңызды естен шығармаңыз.

Сөз соңында Ұлттық экономика министрлігінің 2022 жылға қарай 22 мыңға дейін интернет дүкен құру, 83 млн-ға дейін онлайн тапсырыстар санын арттыру, электронды сауда және онымен байланысты салаларда қосымша 200 мың жұмыс орнын құру жоспарлап отырғанын айта кетейік. Бұл – электронды сауданың дәуірі  жүріп тұрғанының, оның дамуы қарқынды болатынының айғағы.

Мөлдір Қалымбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<