Қаржы шынайы қажеттілікке жұмсалуы тиіс

717

0

Биылғы жыл өте күрделі кезең болып отыр. Пандемияның әлем елдеріне, сонымен бірге біздің елімізге де тигізіп жатқан зардаптары аз емес. Осындай қиын кезең ауыртпалығын дұрыс экономикалық саясат жүргізіп қана жеңе аламыз. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын мұқият тыңдадым. Өзім күткендегідей, дағдарысты еңсеру жолдарына барынша назар аударылған.

Президент осы мақсатта жаңа эко­но­микалық курстың негізгі жеті бағы­тын айқындап берді. Оның ішінде өн­дірісті дамытуға қатысты өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану аса ма­ңызды міндет екенін атап өтті. Ішкі на­рықтың зор мүмкіндіктерін толық­қанды жүзеге асыра алмай келе жатқанымызды айтқан Президент тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет деді. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды. Сонда ғана ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арт­тырып, дағдарысты еңсеретін боламыз. Ал бұрынғысынша өңделген тауар­лардың үштен екісіне жуығын шетелден таси беретін болсақ, алға жылжымайтынымыз белгілі.

Қаржыгер ретінде менің көңілімнен шыққан тағы бір мәселе – мемлекет қаржысын үнемдеу, оны барынша тиімді пайдалану жағына назар аударылғаны. Президенттің мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік секторын­дағы қыз­меткерлер санын биыл 10%-ке келесі жылы тағы 15%-ке қысқарту туралы тапсырмасының өзі – осы мемлекет қаржысын үнемдеудің айқын кө­ріністерінің бірі. Квазимемлекеттік сек­­тордағы пайдасыз шығындарды және басы артық еншілес компанияларды қыс­қарту жұмыстары жалғасын табатын болады.

Сонымен қатар, өнеркәсіпке қолдау көрсетудің нақты шаралары  жетілме­гендігі, бұл бағытта  жүйелі әрі біртұтас ұс­таным жоқ екені айтылды. Сал­­да­рынан еліміз бойынша сансыз көп жобаға қаражатты ысырап етіп келеміз. Сол үшін өңдеу өнеркәсібін дамы­ту­дың қағидаттарын, мақсаттары мен мін­деттерін белгілейтін «Өнеркәсіп саясаты туралы» бірізді заң жобасын әзірлеу тапсырылды.  

Ауылдық округтер кірісін ұлғайтып, мүліктік құқығын кеңейтуге бағыт ұс­талатын болады. Ол жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық мүмкіндіктерін кү­шейту үшін қажет. Президент жер­гілікті жерде бөлінген қаражат көп жағ­дайда тұрғындардың шынайы қажет­ті­лігіне жұмсала бермейтінін айтып өтті. Бір-екі көшені жыл сайын қайта-қайта жөндей беру, имидждік іс-шараларға жұм­салатын тиімсіз шығындар азаматта­рымыздың наразылығын тудырып жат­қанын келтірді. Сондықтан да жергілікті бюджеттерді бекіту барысында бақы­лау­ды күшейту қажет.

Қалқазбек ӘЖІБЕКОВ,

Қазақстан Республикасының

еңбек сіңірген қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<